Бүгін ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ведомствоға бағынысты ұйым басшыларымен ZOOM платформасы арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында министр Мемлекет басшысының Жолдауы 2020 жылғы сын-қатерлерге берген сенімді жауабы болғанын және ұлттық мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттарын айқындап бергенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономика халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға, қоғам сұранысын қанағаттандыруға бағытталуы керегіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Президент əлемдік пандемия көзқарасымызға үлкен өзгерістер енгізгенін айтты.
Жолдауда Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа байланысты бірқатар атқарылатын жұмыс легін пысықтап, қазіргі жағдайда кəсіби спорт клубтарын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қажеті жоғын ашып көрсетті. Біз өз кезегінде өңірлерде спортты дамыту, балалардың шығармашылық əлеуетін арттыру бағытында кешенді шараларды жалғастыруымыз керек. Тегін спорт секцияларын ашу, мектеп жəне студенттер лигасын құру, мектептерді спорт құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сынды маңызды мəселелерді шешу мақсатында 2020-2025 жылдар аралығында Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді жоспарды іске асырудың маңызы зор.
Бұл ретте, атқарылып жатқан жұмыстар да нəтижесін беріп отыр. Мəселен, өткен жылы 11 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылды. Жалпы республика аумағында 350 мыңнан астам жасөспірімді тәрбиелеп жатқан 477 спорт мектебі жұмыс істейді. Ал бұл мекемелерде секциялар тегін жүргізіледі. Баланың шығармашылық қабілетін дамытуға келер болсақ, алдағы уақытта өңірлерде ұлттық қолөнер орталықтары бой көтереді. Мысалы, осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Жамбыл облысындағы «Шахрестан» орталығын айтар едім. Бұл жерде ұлттық қолөнерді жандандыруға жағдай жасалып келеді», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар министр Жолдауда мұғалімдердің жалақысын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
«Жолдауда Президент 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдер жалақысын 25 пайызға арттыру жайлы тапсырма берді. 2020 жылы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25% ұлғаятын болады. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымының педагогтарына сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Азаматтардың сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Бұл бағытта министрлік бейресми білім берудің балама нұсқаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар www.mmura.kz порталында «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру платформасы жұмыс істейді, жоба бәсекеге қабілетті көпмәдениетті тұлғаны жандандыру үшін оқушылардың мәдени-адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған. Жоба шеңберінде мәдени ағартудың жаңа форматы құрылады, оқушылардың елдің мәдени байлығы туралы жалпы білім деңгейі артады және көркемдік талғамын дамытады, дарынды оқушылар үшін әлеуметтік лифт мүмкіндігі беріледі», - деді министр.