Канавералдағы ғарыш айлағынан зымыран ұшыруға нұсқау сәрсенбіде АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен 20.03-те (Нұр-Сұлтан уақытымен 06.03-те) берілді.
Ұшырылымнан шамамен үш минут өткен соң зымыран тасығыштың бірінші кезеңі Атлант мұхитындағы Just Read the Instructions қалқымалы платформасына бөлініп, қонды.
Тағы бірнеше минуттан кейін «Драгон» екінші сатыдан бөлініп, 575 км биіктікпен орбитаға шықты.
Осыдан кейін ғарышкерлер Жерді мөлдір күмбез арқылы көре алды.
Туристер келесі үш күнді орбитада өткізеді. Миссияның соңында капсула Атлант мұхитына қонуы керек.
Айта кетейік, тарихта алғаш рет орбитаға ғарышкерлер емес, туристерден жиналған экипаж жіберілді. Кемеде төрт адам бар - экипаж командирі және ұшуға демеушілік көрсеткен бизнесмен Джаред Исаакман, зерттеуші Сиан Проктор, дәрігер Хейли Арсенокс және АҚШ әскери-әуе күштерінің ардагері Кристофер Семброски.
Ұшу барысында «әуесқой ғарышкерлер» ғылыми тәжірибелер жүргізеді деп жоспарланған.
Inspiration 4 деп аталатын бұл миссия - балалардың онкологиялық ауруларын емдейтін St. Jude Children's Research Hospital ауруханасына қаржы жинауға бағытталған. Экипаж мүшелерінің бірі, 29 жастағы Арсеноксқа 10 жасында сол аяқтың остеосаркомасы диагнозы қойылған. Арсенокс 12 химиотерапия алған және тізе мен жамбас бөлігін алып тастау үшін бірнеше ота жасатқан. Бүгінгі таңда Арсенокс ғарышта болған ең жас америкалық атанды, оның орны "Үміт" деп аталады. Кемедегі қалған орындардың атауы - "Көшбасшылық", "Жомарттық" және "Өркендеу".