07 қыр, 2017 сағат 11:28

Сот Жанболат Мамайға шартты жаза кесіп, қамаудан босатты

Жанболат Мамай өзіне шыққан тыңдап тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2017 жыл.

Алматыда сот "Әблязовтың ұрлаған қаржысының бір бөлігінің ізін газеті арқылы жасырған" деген айыппен істі болған журналист Жанболат Мамайды шартты түрде 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім кесіп, сот залынан босатты.

Судья Дәурен Мәукеев "Мамайдың айыбы сот барысында толық дәлелденгенін" айтып, оны 3 жылға журналистік қызмет істеу құқықығынан айырды. Сот үш жылдан Мамайдың ақпан айынан бері қамауда отырған жеті айға жуық уақытын шегеріп, енді 2 жыл 5 ай 5 күн бас бостандығы шектелетінін айтты.

Үкімді жалғастырған судья Жанболат Мамайдың «ауыр қылмыс жасағаны толық дәлелденгенін, бірақ отбасылық жағдайына байланысты жазасы жеңілдетілгенін, сондықтан қазірден бастап бостандыққа шығатынын» хабарлады.

Айыптаушы прокурор жариялаған айыптау актісіне қарағанда, БТА Банктің бұрынғы басшысы әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында "2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Skype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған".

Қыркүйектің 4-інде өткен жарыссөз кезінде Жанболат Мамайға тағылған айып толық «дәлелденді» деген прокурор: «Жас баласы, кәрі әке-шешесі бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескере отырып төрт жылға бас бостандығын шектеуді және мүлкін кәмпескелеп, үш жылға дейін журналистік қызметпен шұғылдануға тыйым салуды» сұраған.

Бұған дейін Жанболат Мамай өзінің Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарған еді.

2009 жылдан бері Еуропада жүрген, биыл маусым айында Алматы соты тарапынан "банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды" деген айыптармен сырттай 20 жылға соттаған Мұхтар Әблязов та бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Ал Жақсылық Жарымбетов Жанболат Мамайдың сотында куәлік етіп, журналисті өзіне Мұхтар Әблязовтың сырттай Skype арқылы таныстырғанын, "Мамайға берілетін соманы бастапқыда Әблязовтың өзі айтқанын, бірақ кейінгілерін өзі бергенін" мәлімдеген.