Мәскеудің Зюзино соты "есірткіні насихаттады" деп айып тағылған танымал блогер Юрий Дудьтің әкімшілік ісін полицияға қайтарды, - деп хабарлайды РИА Новости.
Іс 11 маусымда "түзету" үшін қайтарылған. Істің басқа мән-жайы туралы айтылмады.
"Сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын органға, лауазымды тұлғаға қайтару туралы шешім шығарды", - деді соттағылар.
Дудьке Ресей Әкімшілік кодексі 6.13 бабының 1.1 бөлімі - "Интернетті пайдаланып есірткіні насихаттау" бойынша айып тағылған, ол 1,5 миллион рубльге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Дудьтің бағдарламаларын тексеру туралы өтінішті полицияға "Лига безопасного интернета" ұйымы түсірген. Сарапшылар оның блогер Иван Гай мен рэп-орындаушы Моргенштерннен алған сұхбатында есірткіні насихаттау болғанын айтқан.
Айта кетейік, жақында Моргенштерн де осындай іске қатысты болған еді. Сот оның екі әнінде есірткі насихатталды деп шешіп, Моргенштернге 100 мың рубль айыппұл салған болатын.