13 қаз, 2020 сағат 17:11

Сооронбай Жээнбеков ел Парламентіне Үкіметті бекіту туралы қаулыны қайтарды

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков елдің Жогорку Кенешіне бағдарламаны бекіту, құрылымды және республика үкіметінің құрамын анықтау туралы қаулыны қайтарды. Бұл туралы ҚР Президент аппаратының ақпараттық саясат бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Жогорку Кенеш қаулысының көшірмелері Президент аппаратына 2020 жылдың 12 қазанында келіп түскен. 

ҚР Конституциясының 84-бабы 5-тармағына сәйкес Президент үш күн ішінде Премьер-министр мен Үкіметтің басқа да мүшелерін тағайындау туралы жарлық шығарады. 

Айта кетейік, Жогорку Кенештің бұл шешімі қоғам арасында қызу талқыға түсіп, қабылданған шешімнің заңды екендігіне күмән келтірушілер көп. 

Конституцияның 77-бабы 4-тармағына сәйкес Жогорку Кенеш депутаттарының жартысынан көбі қатысқан жағдайда Жогорку Кенеш отырысы заңды деп есептеледі. 

«Жогорку Кенештің регламенті туралы» Заңның 82-бабына сәйкес Жогорку Кенештің және оның органдарының отырыстары кворум болған кезде заңды, ал қабылданған шешімдер – заңды күші бар деп есептеледі. Жогорку Кенеш, комитеттер, комиссия отырыстарының кворумы Жогорку Кенеш депутаттары, комитеттер, комиссиялар мүшелерінің жалпы санының көп бөлігі қатысқанын білдіреді. 

ҚР «Жогорку Кенеш регламенті туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, депутаттар отырысына қатысып отырғандар ретінде жиналыс залында бар және дауыс беру алдында тіркелген депутаттар есептеледі. 

Яғни, 61 депутат болған кезде кворум да болады. Сенімхат беру – дауыс беруге мүмкіндік бергенімен, кворумды құруға кепіл бола алмайды. 

Қолда бар ақпарат бойынша 2020 жылдың 10 қазанындағы Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысына 51 депутаттың қатысқаны және 10 депутаттың сенімхат бергені ресми түрде хабарланды. 

Осылайша, кворум болған жоқ, ал кворумсыз қабылданған шешімдер заңсыз әрі заңды күші жоқ деп есептеледі. 

Осыған байланысты, Қырғыз президентінің аппараты ұсынған құжаттарды парламентке қайтарды.