18 сәу, 2017 сағат 08:36

Соналы көтерілісі

1916 жылы Орал өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістер

Ресей патшасы Бірінші дүниежүзілік соғыста майдандағы қара жұмыстарға 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерді шақыру туралы 1916 жылы 25 июнь күнгі жарлығына қарсы Орал өңірінің бірнеше болысында халық көтерілісі болды. Шыңғырлау, Бөрлі, Шилі, Қаракөл, Соналы, Өлеңті, Қарабау, Жұбанышкөл, Қараоба, Қалдығайты, Бұлдырты болыстарындағы көтерілістер өз халінше ұйымдастырылды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Насекенұлы Кенжәлиев «Батыс Қазақстан қасыретті жылдары» (Орал. 2000 жыл.) кітабының 31-бетінде: «Орал облысының 50 мыңнан астам азаматы тізімге ілінді. Бұл әрекет ел ішінде наразылық туғызды. Майданға бармаймыз деушілер көбейді. Бөрлі болысында, Шыңғырлау, Тайсойған құмы, Ойыл өзені жағында бас көтерушілер болып, ел арасында толқу басталды» деп жазды.

Беркін Құрманбеков «Орал өңірінің ұлт-азаттық көтерілісі» деген мақаласында (Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті. 1993 жыл, 14 қыркүйек) «Патша үкіметінің июнь жарлығына қарсы қатты қарсылық көрсеткен елдің бірі – Соналы болысы болды. «Калмыков қаласына тізім тапсырылады» деген хабарды естіген соң Есенғали Дәуесұлы (дұрысы Сенғали Дәуешұлы - Қ.Х.) бастаған 200-ден астам жігіт №14 ауылдың старшинасы Қ.Жантөліұлының жасаған тізімін тартып алып, өртеп жіберген», - деп жазды.

Ілбішін уезіндегі Соналы болысы

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапхананың сирек қорында сақтаулы «Памятная книжка и адрес-календарь Уральской области» деген кітаптағы дерекке сүйенсек, Орал облысының Ілбішін уезіне қарасты Соналы болысында 1902 жылы 14 ауылда 10. 661 адам тұрған.

1903 жылы Соналы болысын Мұхамеджан Сарығожин билесе, 1904 жылы Төлеген Иманғазиев Соналы болысына управитель болып сайланыпты. Ол 1905 жылы болыстықты өз еркімен тапсырып, орнына Мұхамеджан Сарығожин қайтадан сайланып, бұл жұмысты өмірінің соңғы жылы 1916 жылға дейін атқарыпты. Ол қайтыс болған соң туған інісі Көшербай Сарғожин сайланыпты. Көшербайды ағайындары мен ауылдастары «Тапай» деп атаған. Ол екі кластық орыс-қазақ мектебін бітірген екен. Көшербайдың баласы Сабыржан Сарығожин – патша армиясының генерал-майоры, кейін Батыс Алашорда әскерінің қолбасшысы болған.

Көтеріліс қалай басталды?

Ілбішін уезіне қарасты Соналы болысында патша жарлығын орындау үлкен ыждағатпен жүргізілген. Болыс Көшербай Сарғожин қасына нөкерлері мен хатшысын (писарін) ілестіріп, Сулыкөл, Батпақкөл, Соналы, Үшағаш ауылдарын аралапты. Жігіттерді тауып, тізімге жазған. Бұған наразы болған ел жігіттері атқа қонады. Көтеріліс басшыларының бірі – Сенғали Дәуешев еді.

1975 жылдың жазында 76 жастағы қалдығайтылық Бақтығали ағамен кездесіп, әңгімелестім. Ол Соналы көтерілісіне бастан-аяқ қатысып, аман қалған азамат екен.

- Соналы көтерілісі болған 1916 жылы 17 жастағы жігіт едім. Көтерілісті бастаушылар қатарында тәріске ауылынан Мұқаш Қожахметов, байғабыл ауылынан Сенғали Дәуешов, Қойшыбай Жампаұлы болды, - деп бастады әңгімесін Бақтығали Шонаев ақсақал.

«Ауыл жігіттері Тапай болыстың тізім жасап, Кінәзға апара жатқанын естігенде, ашуға мініп, болыс ауылын шауып, жасақталған тізімді өртеп, болыс пен писарларді сабамақ, қажет етсе өлтіріп тастамаққа келісті. Осылай аптығып, ашуланып жүргенде, байғабыл Дәуештің ұлы Сенғали ауылға жазғы демалысқа келген екен. Алақандай ауылдағы дүмпуді естіген ол жігіттерге келді.

Олар: «Патша жарлығына қарсы не істейміз? Қалай майдандағы қара жұмысқа бармай қаламыз?» – десті.

Орыс әскері – соғысқа арнайы дайындалған, тіпті зеңбірек деген құралы бар арнайы жасақ. Зеңбірек оғының үлкендігі доптай. Ол жарылғанда айналасын түгел жайпап кетеді. Оларға қарсы мына сойыл мен шоқпар түк те емес. Босқа қырылып қаласыңдар. Артыңда кемпір-шал, әйел-бала жетім қалады. Менің айтқанымды тыңдасаңдар, приемға бармаудың бір жолы – ауыл-ауылды аралап, дайындаған тізімді қолға түсіріп, өртеп жіберу. Тізім жойылған соң, жігіттер шақырудан құтылады, - деді Сенғали. Жігіттер бұл ақылға келісті.

Болыстың артынан қуып жетіп, тізімді қолға түсіруді ойлап, атқа мінгендердің құрамында мен де болдым. Сенғали Дәуешов, Әбу Жұпбаев, Қуаналы Төлешов, Қойшыбай Жампаұлы сойыл-шоқпармен қаруланып, ауыл жігіттерін бастап, шапшаңдата шауып отырып, болыс ауылына барсақ, №14 ауылдың старшыны Аталық-Жаманша Қали Жантолыұлы тізімді алып, Кньязға кетіп қалыпты.

Артынан қуып шапқан біз старшынды әкесінің атақонысы «Жантолы шығыры» деген жерде қуып жеттік. Нөкерлерінің сойылдасқан қарсылығына қарамастан, старшынды атынан аударып, писардің қоржынындағы тізімді тартып алдық. Қали старшынды сабадық, бірақ өлтірмедік. Нөкерлерін де осылай жасадық. Тізімді өртеп, үлкекн шаруаны бітіргендей көтеріңкі көңілмен ауылға қайттық.

Белгіленген кестеде көрсетілген күні тізімді Калмыковка әкеліп тапсырмаған №14 ауылдың болысы, старшын Қали Жантолыұлын Князьға шақырыпты. Уез бастығы жаза беруге жиналғанда, Қали «Жантолы шығыры» түбінде болған жағдайды сол күйінде баяндапты. Өзіңнің басын сауғалаған уезд бастығы Соналы болысындағы көтеріліс жайлы Орал қаласына хабарлапты.

Орал губернаторының бұйрығы бойынша атты казактардың қарулы отряды атқа қонған. Сенғали айтқандай, сол кезеңнің соғыс құралдары – зеңбірек, пулеметпен қаруланған отряд берілген тапсырмаға сәйкес Калмыков селосы арқылы Соналы болысы бетіне шығыпты...»

Сенғали Дәуешев кім еді?

Сенғали Дәуешұлының әкесі – Дәуеш мыңғырта мал айдамағанмен, балаларын оқытуға қабылеті келетін ауқатты адам болса керек. Дәуештің 9 ұлы, бір қызы болған. Дәуешұлы Сенғали 1891 жылы Дәуеш қыстағында дүниеге келген. Әкесі осы баласына көңіл бөліп, оның білім алуына барын салған. Әуелі ауыл молдасы Дәулетияр ишанға оқытқан. Кейін құдандалығын пайдаланып, Россияның құрметті азаматы, Соналы болысының управителі Мұханбетжан (Ақшолақ) Сарғожинге баласының еті тірі, пысық екенін, енді орысша оқытқысы келетін ойын айтыпты. Ақшолақ құдасының бұл ойын қолдап, көмек жасайтындығын, қаладағы оқу ақылы екенін, құда баласы Сенғалиды өз қаражатынан оқытатынын айтыпты.

Осылайша Ақшолақтың адамгершілігі арқасында Сенғали Орал қаласындағы төртбасқыштық реальды училищеге қабылданыпты. Оралда оқып жүргенде орыс тілін жақсы меңгеріпті. Демократиялық көзқараста болыпты. 1916 жылы жазғы демалысқа ауылға келсе, Ақшолақ правитель жаман аурудан қайтып, оның орнына інісі Көшербай (Тапай) болыс болған екен. Сенғали ауылда мал соңында жүрген қазақ жігіттерінің басын қосады. Жандәулет Досаналиев, Қожахмет Бекбауов, Мұқаш Қожахметов, Әбуғали Жұпбаев, Бақтығали Шонаев тағы басқалары атқа мінеді.

«Патша қылды зорлықты...»

Соналы көтерілісінің 61 жылдығына орай бұрынғы чекист Алдабарген Алапаев Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің 1977 жылғы №20 (13322) санында жарияланған «Соналы оқиғасы» деген естелік мақаласында көптеген дерек қалдырған.

«...Патша жарлығына қарсы ұйымдастырылған ауыл кедейлерінің көтерілісін басуға Орал губернаторының бұйрығы бойынша атты казактардың қарулы отряды шыққан. Зеңбірек, мылтықпен қаруланған атты казактар Калмыков селосы арқылы өтіп, Қаракөл болысының көтерілісшілерімен Ойыл өзенінің бойында кездесіп, кескілескен ұрыс болыпты. Қылышпен қаруланған көтерілісшілерден шығын көп болған.

Ойыл өзенінің бойын қызыл қанға бояған казактар отряды сай-саланы сағалап, құм-шағылдарға бой тасалап қашқан жігіттерді қууға ерінген. Қолға түскен ереуілшілерді қинаған. Көтеріліс басшысы Есенғали Сарыбөпинмен бірге көп жігітті аяқ-қолын кісендеп, Орал қаласына жаяу айдапты.

Қаракөл болысы көтерілісшілерін талқандаған жазалаушы отряд енді Соналы болысына келе жатқаны туралы хабар ел арасына тез тарайды. Байғабыл, Тәріске, Олжай ауылының жігіттері де қаруланып, атқа қонып, казактарды қарсы алуға даярланады. Жастайынан жоқшылық пен кедейлікті көп көрген олжай ауылының жігіті Ахмет Есетов оларға басшылық етеді. Ауыл жігіттері қарулы отряд келе жатқан жолдағы «Есіркеміс» шағылы бойындағы қараған мен шағырды паналап, бекінгендегі мақсаты – отрядты осы шағыл етегінде қарсы алып, тойтарыс беру. Қолдан келсе, Соналы ауылына қарулы күшті өткізбеу.

Келе жатқан атты казак әскері жайлы шұғыл хабарды «Есіркеміс» шағылының шетіндегі «Көмбе» деген шағылдың шоқысынан жеткізгенде Алдаберген Алапаев он бір жастағы бала екен.

- Жау әскерін Есіркеміс шағылының түбінде қарсылайтын болдық. Олжай Ахмет Есетұлы орыс әскерінің келе жатқанын хабарлау үшін рулас ағайыны Алапайдың баласы Алдабергенді шағылға бақылауға қойды. Орыс әскерімен бетпе-бет кездескенде, олар бізді жеңді. Бәрімізді тұтқындап, Калмыковқа жаяу айдап барып, одан әрі Орал түрмесіне айдалдық. Сол кезде Жандәулет Досанәлиев – 25 жаста, мен – 17 жаста, Әбуғали Жұпбаев- 32 жаста, Қуанәлі Төлесов – 36 жаста, Сенғали Дәуешов – 26 жаста екенбіз, - деп еске алады Бақтығали Шонаев ақсақал.

Түрме тауқыметі

...Қандай батыр болса да, найза, қылышпен қаруланған соналылықтардың көтерілісі «Қызыл көл» түбінде жеңіліс табады. Ұйымдастырушы жетекшілерін әуелі Калмыков түрмесіне жаяу айдайды. Ілбішін уезінің бастығы фон Геллер Дәуешов Сенғалиды Калмыков түрмесіндегі абақты бөлмесінен алдырып, жауаптайды. Сенғали өзімен бірге тұтқындалған Мұқаш Қожахметов, Жандәулет Досанәлиев, Қожахмет Бекбауов, Әбуғали Жұпбаев, Қуанәлі Төлешов, Қойшыбай Жампиев ауылда жүрген, көтеріліске еш қатысы жоқ адамдар екенін айтып, «Приемға баратындардың тізімін жасап алып, Калмыковқа кеткен Соналы болысындағы №14 ауылдың старшыны Қали Жантолыұлын «Жантолы шығыры» деген жерде артынан қуып жетіп, сабап, тізімді тартып алған мен. Өзін сабадым, бірақ өлтірмегенімді, тізімді өзім өртегенімді мойындаймын. Қандай жаза берсеңдер де әзірмін. Ешқандай айыңбы жоқ өзгелерді босатуыңызды сұраймын» - деген екен.

Фон Геллер оған сенбей, Сенғали Дәуешовпен қоса бір топ соналы жігітін Орал қаласына жаяу айдатыпты.

1916 жылдың шілде айында Орал түрмесіне қамалған соналылық 15 жігітті Орал жандармериялық соты соттап, дарға асу арқылы өлім жазасы беру жайлы үкім шығарған.

Түрмеде көтерілісшілер қатты қысым көрген. Күн сайын үш кісіні түрме алаңына шығарып, дарға асады екен. Үкім орындалатын күні түрме надзирательдері өзге тұтқындарды да түрме ауласына қуып шығарған. Мақсат – көтеріліске қатысқаны үшін өлім жазасына кесілгендердің жүйкесіне қатты әсер ету.

Шыңғырлаудың Кіндікті, Қарағаш, Қаратөбенің Жақсыбай болыстарының көтерілісші жігіттері дарға асылып, кезек соналылықтарға жақындайды. Осы кезде, 1917 жылдың ақпан айында болған Россия буржуазиялық демократиялық төңкеріс патшаны тақтан құлатты. Орнына келген Уақытша үкімет, оның әділет министрі, кейін премьер-министрі болған А.Керенскийдің бірінші Жарлығы – окоп қазу жұмыстарында жүрген «бұратаналарды» елдеріне қайтарып, «приемға» қарсы шығып, түрмеге қамалғандарды босатып, қашып жүргендерге іздеу салуды тоқтату болыпты!

Осы Указдың арқасында дарға асылар кезегін күтіп жатқандар біржола ақталып, абақтыдан босатылып шығарылды. Солардың бірі – Соналы көтерілісіне қатысқандар, көтеріліс жетекшісі Сенғали Дәуешұлы болатын.

Сөйтіп, Соналы көтерілісінің басшылары да босап, елге келіп, ауылдағы өмірге қызу араласып кетеді.

P.S. Сенғали Совет өкіметінің алғашқы жылдары Жымпитының Көздіқара ауыл советінің төрағасы болған. Большевиктер партиясына өтіп, Ойылға көшіп кеткен. Ойыл аудандық Советінде жауапты жұмыс жасайды. Ойыл аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы болады. Алайда 1929 жылдың күзінде, 38 жасында белгісіз дерттен кенеттен қайтыс болған. Ағайындары марқұмның денесін алып келіп, Қалдығайты ауылының ортасындағы зиратқа жерлеген.

...Міне, биыл 100 жыл толып отырған Соналы көтерілісінің қысқаша тарихы осындай.

Қайыржан ХАСАНОВ,

ардагер журналист,

өлкетанушы

"DanaKaz" журналы. 2016 жыл

Белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасановтың «Соналы көтерілісі» кітабынан ықшамдап берілген