20 сәу, 2020 сағат 12:35

Солтүстік Қазақстан облысында 21 сәуірден бастап карантин режимі күшейтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 2020 жылғы 21 сәуірде сағат 00:00-ден бастап кәсіпкерлік және өзге де қызмет пен халық тұрмысының ерекше жағдайлары қарастырылған карантин режимі күшейтіледі, деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

Мәліметке сай, 21 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап төмендегілерді қоспағанда, аудандардың және Петропавл қаласының карантиндік аймақтарының аумағынан кетуге/кіруге тыйым салынады:

Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері; 

Медициналық себептермен кететін және кіретін адамдар; 

Карантин енгізілген кезеңде ауруханаларда емделіп, карантиндік және уақытша ауруханаларда бақылауға алынған адамдардың кетуі; 

Транзиттік жүк көліктері; 

Халықтың қажеттіліктері үшін ауыл шаруашылығы, азық-түлік және басқа да өнімдері бар жүк көліктері; 

Көктемгі дала жұмыстарына, экологиялық, ветеринариялық, ауыл шаруашылығы жұмыстарына, соның ішінде ара шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі, жеке куәлігі, сондай-ақ қызметкерлер үшін жұмыс орнынан анықтама ұсынылған кезде жүруге болады.

Сондай-ақ, әуежайдың, теміржол вокзалдарының, автостанциялар мен автовокзалдардың қызметі тоқтатылады.