Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР Президентінің борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығын іске асыру бойынша баспасөз конференциясы өтті, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.
Жиынға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков, ҚР индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев қатысып, кешірілетін несиеге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Алдымен Қаржы министрі әлеуметтік осал топтағы қазақстандықтардың несиесін өтеп беруге мемлекет қанша қаражат жұмсайды деген сауалға жауап берді.
«Аталған санаттағы азаматтардың несие бойынша борышын өтеу үшін 105 млрд теңге қажет. Оның 88 млрд теңгесін республикалық бюджеттен тартамыз. Бюджетті пысықтау аясында алдағы аптада нақты сомалар аталады. 17 млрд теңгені проблемалық несиелер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартпақпыз. Сонымен қатар, өсім мен айыппұлдар бойынша несиелік борыштардың 70 пайызы қаржылық мекемелердің есебінен жүргізілетінін ескеру керек» деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Президенттің атына кепілсіз тұтыну несиелерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініштер түседі.
Министр бүгінде әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтар, көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отырғанын алға тартты.
Өкімге үкіметке және Ұлттық банкке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған: тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы адамдарға мемлекет екінші деңгейдегі банктер мен шағын ұйымдардан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйықыны өтейді. Одан бөлек олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс.
Осылай деп түсіндірген Қаржы министрі: «Бұл дегеніміз несие алғандардың 55%, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді. Қалған несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі» деп атап өтті.
Оның айтуынша, бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.
Сондай-ақ шара барысында Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова нақты қандай санаттағы азаматтардың қарызы өтелетінін тағы еске салды.
«Бұл жағдайда біз нақты Жарлыққа байланысты жұмыс жүргізуіміз керек. Санаттарды айтар болсақ, ең біріншіден, көпбалалы отбасылар. Олар - төрт немесе одан да көп балалары бар отбасылар. Осындай отбасылардың несиесі бар ма - база бойынша қаралады. Екіншіден, асыраушысынан айырылған жағдайға байланысты төлем алатын отбасылар. Яғни, қазір біздің мемлекетте 600 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы бар. База бойынша олардың қанша несиесі бары қаралады. Келесі, мүгедек балалары бар отбасылар, 18-ден асқан, бірақ бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар және ең аз қамтамасыз етілген отбасылар, яғни атаулы әлеуметтік көмек алатындар. Осындай отбасылардың да несиесі база бойынша қаралады», - деді ол.