19 шіл, 2021 сағат 19:31

«Славян базарында» жеңіске жету бала күнгі арманым» – Рухия Байдүкен


Қазақстандық жас әнші, «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при иегері Рухия Байдүкен жеңістен кейінгі өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Славян базары» байқауын бала күнімнен жібермей қарап келемін. Жыл сайын асыға күтемін. Анама осы байқауға барып қатысып, жеңіспен келемін деп үнемі айтатынмын. Және бала күнімде осы сайысқа Қазақстанның атынан қатысатын алғашқы қыз бала боламын дейтінмін. Байқауға баратыным белгілі болған соң 3 ай бойы үздіксіз дайындалдым. Тіпті осы байқауға қатысуым үшін 23 келіге арықтадым. Жалпы өзім бала күнімнен алдыма мақсат қойып, соған жетіп келемін», - деді Р. Байдүкен ZOOM алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, жас әнші алдағы уақытта да отандық және шетелдік музыкалық жобаларға қатысқысы келетінін айтты. 

«Байқауға жалғыз өзім бардым. Алдымен Беларусь астанасы Минскіде президент оркестрімен дайындық өткіздік, сосын Витебскіге бардық. Байқау екі күнге созылды, жеңіске жететініме алғашында күмәндандым, себебі қарсыластарым мықты болды. Дегенмен барынша өзіме сенімділік таныттым», - дейді ол. 

Айта кетейік, 14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Байқау нәтижесінде жерлесіміз Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.