18 шіл, 2021 сағат 17:10

Славян базары: Димаш төрелік еткен байқаудың алғашқы күні қалай өтті?


«Славян базары» өнер фестивалінің ажырамас бөлігі саналатын «Витебск-2021» эстрадалық ән орындаушылардың халықаралық байқауының бірінші күні өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Dimashnews ресурсына сілтеме жасап.

Биыл әлемнің 14 елінен келген қатысушылар «Витебск» жас орындаушылар байқауының Гран-при иегері – «Алтын лира» мүсіншесі және 20 мың доллар үшін бақ сынауда. 

Конкурстың ережесіне сәйкес, оған ұлттық конкурстардың лауреаттары мен дипломанттары атанған 18 жастан 31 жасқа дейінгі әншілер қатыса алады. 

Әр елден бір ғана өкіл бола алады. Бұл жолы Қазақстан намысын Рухия Байдүкенова қорғап жатыр.

«Әлемдік хит» деп аталатын байқаудың алғашқы күнінде қатысушылар әлемдік диаграммаларда жетекші орынға ие болған танымал туындыны орындады.

Әрбір әртістің өнер көрсетуі жеке шағын спектакль ретінде қабылданды. Көпшіліктің сүйікті композициялары «Тодес» шоу-балетінің хореографиялық қойылымдарымен шебер үйлесті. 

Байқауға қатысушылар мыңдаған көрермен алдында өз талантын барынша ашуға және шығармашылық әріптестерінің алдында шеберлігін көрсетуге тырысты.

Қатысушылардың өнерін келесі құрамдағы Анатолий Ярмоленко (Беларусь) төрағалық ететін халықаралық қазылар алқасы бағалады: Мишель Пома (Италия), Константин Москович (Молдова), Сергей Пенкин (Ресей), Таисия Повалий (Украина), Патрик Жан-Батист (Франция), Димаш Құдайберген (Қазақстан).

Қазылар орындаушылық шеберлікті 10 балдық жүйе бойынша ашық электронды дауыс беру арқылы бағалады.

Бірінші байқау күнінің нәтижесі бойынша ең көп ұпайды екі қатысушы алды. 

Қазақстанның өкілі Рухия Байдүкенова «Emotions» композициясымен және Сербиядан келген қатысушы Ирина Арсениевич «I surrender» әнімен 70 балдың 69 баллын жинады. 

Кешті «Rise like a phoenix» әнімен ашқан Украинадан келген қатысушы Рената Штифель 64 ұпаймен көшбасшылар үштігіне кірді.

Дәл осы үш қатысушы қазылар алқасының ең жас мүшесі, «Витебск-2015» Гран-при иегері Димаш Құдайбергеннен 10 балл алды. 

Байқаудың екінші күні бүгін, 18 шілде күні кешке өтеді. Онда қатысушылар славян елінің композиторларының эстрадалық әнін славян тілінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындайды.