Бүгін Лондондағы 20 мыңдық O2 аренасында WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин британдық Келл Брукты бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, өз атағын қорғап қалған болатын. Осы жекпе-жекті жүргізген Sky Sports-тың комментаторы: «5 жылдық карьерамда Лондонда мұндай кәсіби бокс жекпе-жегін көргем жоқ» деп айтыпты. Бұл туралы журналист Ғалым Боқаш өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Sky Sports-тың комментаторы: «5 жылдық карьерамда Лондонда мұндай кәсіби бокс жекпе-жегін көргем жоқ» деп салды. Бұған дейін жеңіліп көрмеген Келл Брукті барлық ұлыбританиялық комментаторлар мен сарапшылар алғашқы раундтарда қарсы шабуыл жасап, әйгілі қарсыласына бірнеше соққы дарытқаны үшін көтермелей сөйлеп жатты. Бірақ қазақстандық панчердің теңдессіз екенін, ешқашан шегінбейтінін, анау-мынау соққыға басының қозғалмайтынын, дистанцияны жақсы ұстайтынын, есеппен өлшеп жойқын ұратынын үнемі аудиторияның есіне салумен болды. Трансляцияның соңына қарай сарапшылар Брук нокаутқа кетпеуі үшін ғана бапкерлері жекпе-жекті ерте үзіп тастауға мәжбүр болғанын мойындады:) Sky Sports - шоу ұйымдастырудың шебері. Артық даңғаза жоқ. Жүргізушілер мінсіз, таныстыру, рингтегі қимыл-қозғалыс, жарық түсіру, эфир режиссурасы өте сауатты түрде секундына дейін есептелген. Онысына рақмет», – деп жазады Ғалым Боқаш.
Айта кетейік, Головкин осымен өзінің 36-шы кезесуінде жеңіске жетіп отыр. ерлесіміз осы жеңісі үшін 3 миллион фунт стерлинг (4 миллион доллар) гонорар алды. Сол секілді Брукте дәл осындай табысқа кенеледі. Бұл рекордтық сома. Бұған дейін Головкин ең көп табысын Доминик Уэйд пен Давид Лемьеге қарсы өткізген жекпе-жектерінде алған. Ол кезде гонорар көлемі – 2 миллион доллар болған еді.
Журналист сонымен қатар осы кездесуге қатысты өзінің жеке пкірін білдіріп, Геннадий Головкин әлем деңгейіндегі кәсіпқой бокстың феномені екенін тағы дәлелдеді деп отыр.
«Орта салмақтағы IBF, IBO және WBC чемпиондығын қорғап қалу бойынша өткен жекпе-жекке қатысты жеке пікір айтар болсам, Геннадий бес-ақ раундқа созылған бәсекенің басында ауыр қозғалғандай, денесі ашық қалғандай көрінді. Үшінші раундта апперкот жіберіп алғанда мазасыздана бастадым. Бірақ қайталаудан көргенде Келл Бруктің соққысы таза шықпағанын, сол себепті Геннадийді есеңгірете алмағанын байқадым. Меніңше, алдыңғы қарсыластарымен салыстырғанда Брук Головкинге бірнеше өтімді соққы жасай алды. Бірақ қуаты аз соққылар ма деймін. Геннадий жекпе-жектің соңында берген сұхбатында «Сезген де жоқпын» деп жауап берді. Расында да солай сияқты. Бесінші раундта Головкин джеб пен кросты қойып, хук пен свингке көшті. Сырт көзге қимылы баяу көрінуі мүмкін, бірақ Геннадий темір машина сияқты боксшы. Көз алдыңызға ақырын ғана айналып тұрған алып болат коленвалды елестетіңізші. Алдына қойған затты баяу ғана сипап өткендей болады, бірақ шын мәнінде жаншып, майырып жібереді. Головкиннің қолдары сондай коленвал сияқты. Тиген жерін ойып түсіреді. Оған бүгін Лондондағы O2 Аренаға жиналған һәм тікелей эфирге көз тіккен жанкүйерлер тағы бір куә болды. "Оң көзімнің асты жырылып кетті, әйтпесе 12 раунд бокстасушы едім" деп жатты Брук. Оған біз де, жергілікті жанкүйерлер де сенгендей түр жасадық:) Әділін айту үшін Келл Бруктің GGG-мен жұдырықтасу үшін жартылай орта салмақтан орта салмаққа өткен жүректілігін атап өту керек. Ал Геннадий Головкин әлем деңгейіндегі кәсіпқой бокстың феномені екенін тағы дәлелдеді. Жеңіс құтты болсын!», – деп жазады журналист.