12 мам, 2020 сағат 15:52

СҚО полиция госпиталінде 22 медбике 20 мың адамға қызмет көрсетеді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Полиция департаментінің емханасы мен госпиталіне 20 мың адам тіркелген. Оларға 22 медбике қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін ақ халаттыларды кәсіби мереке - Халықаралық медбикелер күнімен тәртіп сақшылары және әріптестері құттықтады. 

«Биыл алғаш рет бұл мерекені салтанатты іс-шарасыз қарсы алып жатырмыз. Оған карантиндік шектеулер себеп. Төтенше жағдай режимі алынып, карантиндік шектеулер босаңсығанымен біз қызметкерлеріміздің денсаулығын қатерге тікпеуге шештік. Госпиталь мен емхананың мамандарына онсыз да қауіпті індетті жұқтыру қаупі басым. Қазір медбикелер карантиндік іс-шараларға жұмылдырылған. Олар әкімшлік ғимараттардың кіреберісінде полицияның барлық қызметкерлерін тексеруден өткізіп кіргізеді. Дәрігерлермен бірге сырқаттарды, соның ішінде коронавирус жұқтыруы мүмкін науқастарды қабылдап, тиісті сараптамаларды алады. Қазіргі кезде Полиция департаментінің жеке құрамын тексеріп жатырмыз. Сол себепті баға жетпес қызметкерлерімізді жұмыс орындарында құттықтап жатырмыз», - дейді госпитальдің бастығы Құмар Күсемісов. 

Ведомствоның медициналық мекемесінде жұмыс істейтін медбикелердің жұмысы көзге көріне бермейді. Олар облыстың құқық қорғау органдары саласында істейтіндерді, жақын туыстарын, ардагерлерді қабылдап, қызмет көрсетеді. Жалпы емханаға 19 300 адам тіркелген. 

«Стационарда кезекшілік етеміз, шақыртулар бойынша шығамыз, карантиндік іс-шараларға қатысамыз. Ардагерлерді де назардан тыс қалдырмай, үнемі барып тұрамыз. Бірақ ең басты қиындық жұмыстың көптігі емес. Бұл жерге келгенде біз барлық жеке мәселелерімізді, ауруымызды сыртта қалдыруымыз қажет. Науқастарды ақ ниетпен қабылдап, кәсіби көмек көрсетуіміз керек», - дейді аға медбике Жанар Құсбекова.