02 мам, 2020 сағат 13:10

СҚО мен ШҚО-дан басқа аймақтарда көктемгі су тасқыны қаупі сейілді - Қазгидромет

2020 жылдың көктемгі су тасқыны маусымына арналған соңғы гидрологиялық болжам жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2-8 мамыр аралығында Қазақстан аймағының басым бөлігі Мәскеу жақтан келетін циклонның ықпалында болады. Осыған байланысты, найзағай ойнап, екпінді жел тұрады, бұршақ жаууы мүмкін. Оңтүстікте дауыл тұрады, шығыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста кей жерлерде нөсер жаңбыр жауады.

Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы және тау бөктеріндегі өзендерде су деңгейі көтеріліп, тау беткейінде ағын қалыптасады. 

Содан кейін Қазақстанға Жаңа Жер аралынан суық антициклон таралады. Оның келуімен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы түнгі уақытта минусқа дейін төмендейді. Кезеңнің соңында оңтүстіктен жылы ауа массалары келіп, температура жоғарылайды. 

Қазақстанның көптеген облыстарында көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталды. Тек Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасу аралығы мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады.

Сондай-ақ Ақмола облысының өзендерінде көктемгі су тасқынының шарықтау шегі өтті. Нұра және Есіл өзендерінің деңгейі одан әрі ауытқиды деп болжанып отыр. Бұл өзендердің жоғарғы жағына қарай жылжу толқыны есебінен болады.