Солтүстік Қазақстан облысында бүгін анықталған екі науқас өңірге Ресейдің Түмен қаласынан келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан алынған мәліметке қарағанда, вирусты жұқтырғандар Қазақстанның 1997 және 2001 жылы туған азаматтары. Ресейдің Түмен қаласынан елге Мамлют ауданындағы Жаңажол бекеті арқылы өткен. Олар бірден COVID-19-ға тексеріліп, Мамлютка қаласының карантиндік стационарына оқшауланды.
Зертханалық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін вирусты жұқтырғандар Бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне орналастырылды. Мамандардың айтуынша, науқастарда аурудың клиникалық белгілері жоқ.
Қазір олармен байланыста болған адамдардың саны анықталып жатыр. Эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.
11 мамырдағы жағдай бойынша СҚО аумағында COVID-19 вирусын жұқтырудың 36 жағдайы тіркелген, оның ішінде жұқтырған бір адам тұрғылықты жеріне - Көкшетау қаласына ем алуға жіберілді.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде жұқпалы аурулар бөлімінде 6 науқас ем алып жатыр. Провизорлық стационарда – 31, карантиндік стационарда 61 адам оқшауланған. Ал үй карантинінде 434 адам отыр.