Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы анықталған бес адамның төртеуі — Ресейден келгендер, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шұғыл штабтың мәліметінше, COVID-19 жұқтырған 48, 36 және 29 жастағы ер адамдар Ресейдің Омбы қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары. Төртіншісі - 32 жастағы ел азаматы Ресейдің Рубцовск қаласынан келген, жүк тасымалдаушы болып жұмыс істейді.
Ер адамдарда КВИ клиникалық белгілері байқалмайды. Келген соң COVID-19-ға тексеріліп, карантиндік стационарға жатқызылды.
Сондай-ақ, ПЦР талдау нәтижелері бойынша коронавирустық инфекция 1988 жылы туған ер адамда расталды. Ер адам ауру жұқтырған науқаспен жақын қарым-қатынаста болған. COVID-19-ға оң нәтижелер алғаннан кейін науқастар Петропавлдағы қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.
31 мамырдағы жағдай бойынша СҚО аумағында қауіпті індетті жұқтырғандар саны 59 адамға жетті.