«СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев коронавирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз ету жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша коронавирустың жаңа толқынына дайын болу үшін елдің барлық медициналық ұйымдарында айлық қорды қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде Бірыңғай дистрибьютор 20 млрд теңгеден астам сомаға 91 түрлі дәрі-дәрмек жөнелтті, оның орны жедел түрде толтырылуда», - деді Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, пневмония, КВИ-ге шалдыққан науқастарды антибиотиктермен және қызуды түсіретін тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Осы орайда 5 атау – қызуды түсіретін Парацетамол және Ибупрофен препараттары, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары қамтылған. Шамамен 2 млрд теңге сомасына 1 млн адамды қамту жоспарлануда.
«КВИ-дің ықтимал жаңа толқынына дайындық мақсатында Бірыңғай дистрибьютор COVID-19 бойынша дәрілік заттардың екі айлық қорын (төмендетілмейтін қор) қалыптастырды.
«Стационарларда айына 60 000 пациентті COVID-19 короновирустық инфекциясынан емдеу үшін дәрі-дәрмектердің 44 атауы сатып алынауда. Препараттардың бұл топтары бір-бірін алмастырады және дерттің ауырлығына байланысты емдеуші дәрігер тағайындайды. Қазіргі уақытта COVID-19-ға арналған дәрілік заттардың 44 атауынан 39 дәрі-дәрмек сатып алынды. Гуманитарлық көмек аясында қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі қосымша пысықталуда», - деді Ерхат Есқалиев.
Төмендетілмейтін қор көлемі бекітілген кестеге сәйкес Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткізіледі.