28 қаз, 2021 сағат 11:10

Сицилияда тропикалық дауылдан екі адам қаза тапты


Сицилияда қуатты тропикалық дауыл мен толассыз жауған жауын-шашын салдарынан кем дегенде екі адам қаза тапты. Желдің жылдамдығы сағатына 120 шақырымға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Катания қаласы бәрінен қатты зардап шекті. Туристер арасында танымал тарихи алаңды, балық базарын және жергілікті аурухананы су басты. Қалада жарық сөніп қалды. 

Дүйсенбі күні Катанияға жақын орналасқан Скордия қаласында циклоннан ер адам мерт болды. Оның көлігі су астына қалып қойған. Көлікте онымен бірге болған әйелі із-түзсіз жоғалды. 

Сейсенбі күні Катанияға жақын маңдағы Гравина қаласында тағы бір ер адам қаза тапты. Ол су басып қалған көлігінен шығып үлгере алмаған. 

Дауыл апта соңында бәсеңдеуі мүмкін, сондықтан Катания мэрі қала тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берді.