«Қазгидромет» РМК 30 қыркүйек күні ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атап айтқанда, түнде және таңертең Ақмола облысының кей жерлерінде тұман күтіледі.
Күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрады. Солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз екпіні 23 м/с артады. Күндіз төтенше өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының кей жерлерінде солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші 15-20 м/с күшейеді.
30 қыркүйекте және 1-2 қазанда Жамбыл облысында тұман, шаңды дауыл болжанады. Солтүстік-шығыстан жел тұрып, күші 15-20 м/с артады. 30 қыркүйекте екпіні 23 м/с жетуі ықтимал. Түнде және таңертең 30 қыркүйекте, 1-2 қазанда кей жерлерде 1-3 градус үсік сақталады.
Қостанай облысының кей жерлерінде тұман күтіледі.
Түркістан облысының кей жерлерінде шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с артуы мүмкін.