Sinopharm инактивтендірілген вакцинасы ҚР-да қолдануға тіркелген алтыншы препаратқа айналды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.
Вакцина Қазақстан Республикасы Үкіметінің №850 қаулысымен бекітілген COVID-19-ға қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес уақытша мемлекеттік тіркеуден өтті.
Препарат 18 жастан асқан адамдарда COVID-19 алдын алу үшін белсенді иммундауға арналған. Вакцинациядан кейін SARS-CoV-2 вирусынан туындаған COVID-19 ауруының алдын алуға көмектесетін антиденелер шығарылады. Препарат бұлшықет ішіне 21-ден 28 күнге дейінгі аралықпен 0,5 мл-ден екі дозамен енгізіледі.
Клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінің нәтижелері бойынша Sinopharm вакцинасы клиникалық айқын коронавирус инфекциясына қарсы 79% тиімділікті көрсетті. Госпитализацияға қарсы вакцинаның тиімділігі де 79% құрады.
Клиникалық зерттеулер елеулі жанама әсерлерді көрсеткен жоқ. Вакцинада COVID-19 вакциналарына стандартты реакциялар бар: инъекция орнындағы ауырсыну, тұмау жағдайы, әлсіздік. Вакцинаны қолдануға қарсы көрсетілімдер кез-келген компонентке, бұрын вакциналарға аллергиясы бар адамдарға және бақыланбайтын эпилепсиямен немесе жүйке жүйесінің басқа прогрессивті ауруларымен ауыратын адамдарға аллергия болып табылады.
Маңызды! Барлық вакциналар сияқты, бұл өнім 100% профилактикалық тиімділікке ие болмауы мүмкін, бірақ инфекция болған жағдайда да аурудың ауырлығын едәуір төмендетуі мүмкін.