25 жел, 2020 сағат 16:05

Симптомсыз коронавирус қаншалықты қауіпті?

«Супертасымалдаушылар» немесе «супердистрибьюторлар» дәрігерлер коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған адамдарды осылай атайды. Бұл туралы Алматы қалалық ауруханасының бөлім басшысы Руслан Иминджанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Дәрігердің айтуынша, симптомсыз тасымалдаушылардың ағзасындағы вирус бір-екі аптадан кейін білінеді. Жағдайы орташа пациенттерде вирусты ПТР-тест үш аптадан кейін көрсетуі мүмкін. 

«Бүгінгі таңда вирус халықтың барлық тобына қауіпті. Симптомсыз түрі қауіп мүлдем жоқ деген сөз емес. Мұндай науқастардың көңіл-күй жақсы болғанымен, қанында бәрібір вирус болады. Яғни, ол қоршаған ортаға белсенді түрде таратады. Дәрігерлер оларды «супертасымалдаушы» немесе «супердистрибьюторлар», – деп атайды. Өйткені оларда аурудың белгілері болмауы мүмкін. Басты қауіп осында. Науқас аз ғана уақыт ішінде бірнеше адамға жұқтыруы мүмкін», – дейді Руслан Иминджанов.

Симптомсыз науқастар анықталған кезде карантиндік шараларды сақтай отырып, үй жағдайында медициналық бақылау ұсынылады. 

Коронавирус инфекциясы иммундық жүйесі жақсы және денсаулығы мықты жастарда симптомсыз өтеді.

«Мен тұрғындардан, әсіресе Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аурудан барынша қорғануларын сұраймын. Әлеуметтік арақашықтықты сақтауды ұмытпаңыздар. Адам көп жиналатын орындарға бармаған жөн. Маска тағып жүруді әдетке айналдыратын уақыт келді. ЖРВИ белгілері болса үйден шықпаңыз, дәрігерді үйге шақырыңыз, коронавирустық инфекцияға арналған ПТР анализін тапсырған дұрыс. Өзіңізді оқшаулау арқылы балаларды және егде жастағы отбасы мүшелерін қорғаңыз», - деді дәрігер.