Дұға деген бар ма? Ол адамға қалай әсер етеді? "Қазір дұғаны қайтарамын" деген жарнамалар неге қаптап кетті? Көпті мазалайтын бұл сауалдар "Пендеміз ғой" бағдарламасында сөз болып, мамандар өз пікірін ортаға салды, деп жазады Sputnik.
Бағдарламада дінтанушы Кеңшілік Тышқан дұғаның барын растап, оны медицина емес, тек абстрактілі жолмен емдеуге болатынын айтты.
"Медицина көмектесе алмайды..."
"Сиқыр дұға діндердің көбісінде бар. Емдеу жолдары да әртүрлі. Барлық діннің ерекшелігі – параллельді өмірге, ғайыпқа сену. Қасиетті кітаптарда да бұл жиі қамтылған.
Негізі, дуаланған нәрсені абстрактілі жолмен ғана қайтаруға болады. Оны медицинамен жөндей алмайсыз. Ақырзаман жағдайында адамдардың ниеті, пейілі бұзылған. Сондықтан дінмен тыйым салынса да, адамдар оған жүгініп жатады", - дейді ол.
Дінтанушының пікірінше, "дуаны қайтарамын" деп өзін жарнамалап жүргендердің 96 проценті алаяқтар.
"Иә, бақсының дуасы біреуге жүреді, біреуге жүрмейді. Бұл - біріншіден. Екіншіден, шынымен де қасиетті кісілер болады дуаны қайтара алатын, бірақ олар өте аз. Сондықтан қазір алаяқ көп, әбден тексеріп барып қана бару керек ондай кісілерге", - дейді ол.
Психолог Серікгүл Салидың айтуынша, бақсы-балгерге өз-өзіне сенімсіз, сауатсыз адамдар барады. Дегенмен ол дуаның барын жоққа шығармайды.
"Адамда энергия, аура деген бар. Өз-өзіне сенімсіз, әлсіздеу адамдар кішкентай сөзді де көтере алмайды. Ауырып қалады. Бұл адам аурасы, адам энергиясы. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген нәрсе. Міне, осы адам аурасын жақсы зерттеген энергиясы мықты адамдар өзгенің энергетикалық аурасына еніп, оның психикасына әсер ете алады. Бұл ғылыммен дәлелденген", - дейді психолог.
Сондай-ақ маман сумен дұғалады дегенге сенуге болатынын айтады.
"Сумен үшкіріп жатады адамды кейде. Ал су – тірі ағза. Бүкіл ақпаратты бойына сіңіріп алады. Ал оны ішкен адамда, әрине бір кінәрат болуы мүмкін", - дейді ол.
"Дуаның бетін тек Құранмен қайтарады..."
Ал имам Дінмұхамед Сманов Құран Кәрімде сиқыр жайында көп жазылғанын, тіпті кезінде біреулер пайғамбардың өзін дуалағанын да айтты.
"Сиқыр деген рас нәрсе. Құран Кәрімде де сиқыр жайында көп айтылады. Оның түр-түрі болады. Мысалы, Мұса пайғамбардың заманында сиқыршылар қатты дамыған. Алла көмектесіп, оның дуасын жыланға айналдырады", - дейді ол.
Имамның айтуынша, дұғаның екі түрі болады, бірі – жақсы, бірі – жаман. Осы жаманы адамдарға кері әсер етіп, ерлі-зайыптыларды ажыратып жатады немесе дәурені жүріп тұрған дәулетті адамды аяқ-асты кембағал қып барынан айырады.
"Бахара" сүресінде ерлі-зайыптылар арасына жік салу, дұғалау жайлы айтылады. Отбасыға іріткі салу - шайттаның ең жақсы көретін амалы. Сондықтан адамдар әрдайым жақсы дұғада болып, намаз оқуы керек. Тек Құран аяттарын оқу арқылы дуаның бетін қайтаруға болады", - дейді ол.