17 там, 2021 сағат 10:58

Шыңжаңда бір тәулікте шамамен 500 мың адам коронавирусқа тест тапсырды


Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының (ШҰАР) Боро-Тала-Моңғол автономиялық өңірінің билігі бір тәулік ішінде 500 мың жергілікті тұрғынды коронавирусқа тексерді.

Бұл туралы өткен дүйсенбіде жергілікті денсаулық сақтау комитетінің басшысы Сун Тао мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бір тәулік ішінде Қытайдың солтүстік-батысындағы ШҰАР-дың Боро-Тала-Моңғол автономиялық аймағы тұрғындарының барлығы дерлік коронавирусқа тест тапсырды. Ондағы халық саны – шамамен 500 мың. Аймақ билігі өткен жексенбі күні Алашаңқай қаласында стандартты нуклеин қышқылын тексеру кезінде үш адамның коронавируспен симптомсыз ауырып жүргенін анықтады, артынша жаппай тестілеу өткізілетіні туралы мәлімдеді. Сол күні вируспен симптомсыз ауырып жүрген үш адам мен олармен тығыз байланыста болған 88 адам карантинге жабылды.

Аймақтың денсаулық сақтау жөніндегі комитетінің мәлімдемесіне сәйкес, 16 тамыз сағат 08:00-дегі жағдай бойынша, тестілеу нәтижелерінің бәрі теріс болып шыққан. Барлығы 498 мың адамнан сынамалар алынды, олардың қатарында Алашаңқай қаласының 15 мыңнан аса тұрғыны бар. Қазіргі кезде Аланшанькоуда COVID-19-ға тестілеудің екінші раунды басталды.

Алашаңқай қаласында үш симптомсыз тасымалдаушы анықталғаннан кейін жексенбіден бастап карантин шаралары күшейтілді. БАҚ-тың хабарлауынша, «Алашаңқай қаласының негізгі аудандарын жабық түрде басқару енгізілген», сонымен қатар «шекарада жабық цикл бойынша барлық процесті басқарумен» және импортталушы тауарлардың мұқият дезинфекциядан өтуімен байланысты шаралар да күшейтілді.

16 тамыз күнгі сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, Шыңжаңда коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайлары мен басқа симптомсыз тасымалдаушылар анықталмады.

Алашаңқай қаласында Еуразиялық трансконтиненталдық көпірдің маңызды транспорттық хабы болып табылатын «Алашаңқай» ірі құрлықтағы шекара өткелі орналасқан.

Соңғы деректер бойынша, құрлықтық Қытайдың ауруханаларында коронавирус жұқтырған шамамен 2 мыңға жуық науқас жатыр. Ел бойынша, «дельта» штамы өршіген тұстан бастап эпидемиологиялық қауіптің жоғары деңгейі 29 тұрғын аймақта, ал орта деңгейі 100-ге жуық аймақта тіркелген.