05 сәу, 2016 сағат 10:14

Шыңғыс ханнан қазақ жасауға тырысқан «академикке» жауап немесе «тарих — еріккеннің ермегі емес»

Тарих ғылымының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының Т.Әбенайұлына берген жауабы.

*** 

   1.Мақалаға уәж

Karzhaubay-gazetke-Құрметті Тілеуберді Әбенайұлы! Сенің (жасың менен кіші болғандықтан «сен» деп отырмын) бірлі-жарым дүниелеріңмен таныс едім.

2010 жылы мені іздеп Тілеубай деген  азамат келді. Таныса келе білдім, сенің інің екен. «Ағам мені Сізге жіберді. Жазбаларымды әзірше сынға ала бермесінші» деген сәлеміңді жеткізіп, сенің «Шыныңа көш тарих, Шыңғысхан кім?», «Құпия шежіресінің құпиясы» деген кітабыңды маған сыйға тартты. «Сірә, менен күдіктенген болар. Кішілік танытып алдыма келіп отыр-ғой» деген ниетпен інің мен өзіңнің сағыңды сындырмайын деп ойлап, мен де кісілік танытып, ағалық ақыл-кеңесімді бердім. Онда, «Моңғолдың құпия шежіресі» орта ғасырда жазылған,  зерттелуі әлемдік деңгейге көтерілген тарихи мұра екенін айттым. Қазіргі күннің өзінде дүние жүзінің көптеген тілдеріне (қытай, орыс, жапон, француз, неміс, түрік, парсы, чех, ағылшын, венгер (мажар), польша, қазақ, корей, бұлғар, марати, испан, румен, швед, буриад) аударылғанын ескерттім. Сондықтан бұл мұраға аса сақтықпен қарауды тапсырдым.

Одан кейін сенен ешқандай хабар болмады. Ұзынқұлақтан естісем «Моңғолдың құпия шежіресіне» қатысты бірнеше кітап бастырып үлгеріпсің. «Қазақстан ҒА-ның құрметті академигі» деген атақ алыпсың. Бауырың беріп кеткен кітапты шолып отырып жалғандықтың етегінен мықтап ұстағаныңа таңдандым. Сенсация жасауға тым құмар азамат екеніңді ұқтым. Сенің бұл еңбектерің сын көтеретіндей дүние де емес екен. Ұлтын, халқын сүйетін қазақтың азаматтары ұлтына, ұрпағына бір нәрсе жасап бергісі, бір жыртығына жамау болғысы келетіні түсінікті жай. Сондай жақсы ниет сенде де болған. Өкініштісі, жолыңды дұрыс таңдай алмағансың. Қазақ айтады-ғой, «көрпеңе қарай көсіл» деп. Тарих ғылымы еріккеннің ермегі емес. Оның зерттеу нысаны, әдіс-тәсілі, теориясы деген сияқты мың қыртысы бар. Сол қыртыстарын меңгеріп, тарих мектебінен өтпей тұрып, өзім білемдікке салынып, дауыс көтеріп байбалам салып, айғайлаумен ештеңе шешілмейді (Ит екеш ит те сүйекті жұтарда артына қарайды-ғой). Тағы бір қитұрқысы, арнайы білімі жоқ адам тарихқа құмартып «сәбилік сырқатқа» шалдығады. Мұндай сырқатқа шалдыққан тарихи фактілер әлемде әр ұлтта бұрын да болған, әлі де жалғасып келеді. Ол өзі бір ағым.

Айтпағым, сен дәл сол кезеңде жүр екенсің. Ниетің дұрыс. Өкініштісі, сен тіл білімі, тарих, тарихи философияның мектебінен өтпегенсің. Өзіңді осы салада дайындамай, жаңағы сырқат бойыңа жайылып дендеп алған. Жазбаларыңнан осыны байқадым.

Ақпан айында «ult.kz», «shyn.kz» және «Түркістан» газетінде менің «Бурхан-Халдунда болған әңгіме» деген мақалам жарық көрді. Кешікпей «dalanews.kz» сайтында сенің «Қаржаубайдың қиянаты немесе Шыңғысханды моңғол қылу кімге керек?» деген тақырыппен, кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне  (№11. 04.03.2016) «Шыңғысхан: дерекке жүгінген абзал» деген тақырыппен қайтадан байбалам салған мақалаңды екінші мәрте жариялапсың.

Аталмыш  менің мақаламда Тілеуберді Әбенайұлы Танабайын туралы, яғни, сенің адресіңе бір де бір ауыз сөз айтылмаған. Шыңғыс ханнан қазақ жасауға кірісіп жатқан бір сен ғана емес, басқа да азаматтар бар. Қазақтарды айтпағанда украиндық, ресейлік дилетанттар да жетіп артылады. Сонда деймін-ау, Тілеуберді Әбенайұлының осыншама шамырқана, шамданып менің жеке басыма тіл тигізіп, «ұлтын сатқан сатқын» дегенге дейін барып, ортасына өтірікті үйіп-төгіп, саясаттың садағын безеп, ағаш атқа теріс мінгізетіндей мен саған не қылып едім? Бөлісе алмай жүрген дүниеміз жоқ еді-ғой. Сен екеуміз өмірде бір де бір рет кездескен де емеспіз. Сөйте тұра тап бір кегі бар, есесі кеткен адамдай жеке басыма тіл тигізіпсің. Мақаладағы сөз саптасың мен өз қолыңмен жазған кітаптарыңдағы стилистика екі басқа. Мүмкін қолдап-қолпаштап жүрген ағаларың қолұшын берген болар. Егер ғылымға ет жүрегіңмен жаның ашыса мені ғылыми талқыға шақыруың керек еді-ғой. Олай жасай алмапсың. Біздің ғылыми көзқарасымыз онсыз да екі басқа. Қызбалыққа салынып ішкі қыжылыңды төгіп, бүкіл оқырман алдында өзіңді көргенсіз етіп көрсетіп тіл тигізу әдептілікке де, ғылымға жаны ашығандыққа да жатпайды.

Бір әңгімеңде «Әкем Әбенай шежіреші, әрі атақты молда болған» деген едің. Атақты молданың баласы, молда бола алмаса да иманына сүйеніп, көргендік танытып, ғайбат айтпау керек еді. Халыққа ұсынып отырған үлкенді, кішілі дүниелер, автордың қолынан шыққаннан кейін халықтық болады. Әрі сөзіңді жеткізгің келсе халқыңды сыйлау керек. Осы жағына келгенде сенің көргендігің емес көргенсіздігің жеңіп кеткен. Оған мына сөзің дәлел бола алады. Мақаладағы: «Насыбай» сөзін іліп алып, насыбайын иіскетіп жіберген жоқ па, немесе «эколог милиция сізге насыбайын иіскетумен тынбай насыбайының «көршісін» жалатудан ерінбес» деген сөздерді тәрбие көрген адам ардан аттап айта алмас еді! Осы қылығыңмен марқұм молда әкеңнің аруағын табаныңмен таптап өтіпсің.

Қаржаубайдың бар арманы Шыңғысханды «Моңғол ету» депсің. Бауырым-ау! Менен бұрын, сенен бұрын Шыңғыс Империясы құрылғаннан бері әлем Шыңғыс ханды «моңғол» деп танып қойған. Мұны Қаржаубайдың «арманы» десең, ол баяғыда орындалып қойған. Шыңғыс хан қазақ дейсің. Ол заманда қазақ деген саяси әрі этникалық атау болып па еді? Біз Қазақ ақын халық, жыршы, күйші халықпыз. Егер Шыңғыс хан қазақ болса қазақтар сол дәуірде  ол жайлы эпос, дастан жырды айтпағанда 4 жол өлең қалдырар еді-ғой. 1224-1360 жылдар арлығында моңғолдар Шыңғыс хан туралы 100-ден астам жазба дерек қалдырып, атын ұрпағынан ұрпағына ұлықтатыпты.  Оның ішінде жалайыр тайпасынан дейсің. Шыңғыс неге түрікпін демей, «моңғолмын» деп жар салған. Түркілік керейдің Тоғрул (уаң) ханмен неге «моңғолша ант берісіп едік-қой» деп реніш білдіреді. (Құпия шежіре 5 бөлім, 175-185 тарау)   Қазақ Хандығы құрылғаннан кейін «қазақ» атанып отырмыз. Кезінде «оғыз», «қыпшақ», «моғол» деген саяси-этникалық атаумен де жүрдік. Қазақ хандығының алдында Әбілхайыр ханның қармағында бір кез «өзбек» аталып та жүрдік-қой.  Шыңғыс әулеті билеген бүгінгі Ауғанстан, Иран, Ирак, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Татар, башқұрттардың барлығы сенің түсінігіңше қазақ болғаны ма? Олай лағып кету ғылымға томпақ келеді.

Ендігі кезекте сенің мақалаңдағы жалған дүниелерге түсінік берейін.

Мақалаңның құнын көтеру үшін Шыңғысхан проблемасын айта отырып Абайды, Қазтуғанды, Сұлтанмахмұтты, Мағжан, Әлкей, Қаныштардың атын қосып тұздықтап отырыпсың. Бұлардың Шыңғыс проблемасына қандай қатысы бар деген сұрақ туады. Сонан кейін жалған патриоттық-қазақтық ұран көтеріп, саясаттандырып келіп, мені «қағынан жеріген құланға» теңепсің.

Оу, Әбенайұлы! Сен Қытайда жүргенде сондағы халқыңа қамқор болып көрдің бе?

Қытайдың ұлтсыздандыру саясаты қазақты кеміріп жеп жатқанда «Әу!» деп бас көтеріп бір сөз айта алдың ба? Әрине, жоқ. Онда тыңда! Мен мақтан сүйгіш адам емеспін. Бірақ осындайда айтпаса сөздің атасы өледі дегендей Моңғолияда жүргенде өз ұлтымның жоғын жоқтап, құқын қорғап келгенім қақында бірлі жарым сөз қозғайын.

1991-1992 жылдары Моңғолияның алғашқы Демократиялық Конститутциясын жасап, талқылап, бекіту ісіне Ұлы Құралдың депутаты болғандықтан бір кісідей ат салыстым. Үш айға жуық уақыт әр сөзін, әр абзацын талқыға салғанда жан беріп, жан алысқан шайқастар болды. Саяси айтыс тартыстардың ауыр болғаны соншалық, жүрек талмасына ұшырап ұлы жіңгір Құрылтай үстінде екі депутат көз жұмды.

Мен өз басым Моңғолиядағы қазақ ұлтын «шағын ру» емес «ұлт» деп тану, қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріп Негізгі Заңға (Конститутция) енгізу мәселесі бойынша қазақ депутаттардың басын қосып, солардың қолдауымен Ұлы Құрылтай жиналысын тастап шығып, үш тәулік бойы байкот жарияладым. Моңғолия Президентінің ұйымдастыруымен парламенттегі партиялардың басшыларын әлде неше мәрте келіссөзге отырғызып, аюдай алыса, дәлелдей келіп Конститутцияның 8б бабына «… іргелі әрі тығыз орналасқан басқа ұлттар білім, ғылымын, мәдени шараларын әлеуметтік қатынас істерін өз ана тілінде жүргізуге құқықты» деген заңдық актіні енгізіп, Моңғолияда қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтердім. Қазақтар Моңғолдың бір шағын тайпасы емес, «ұлт» деген анықтама енгіздім. Моңғолияда моңғол, қазақ деген екі-ақ ұлт бар екенін ескерте кетейін. Шетте жүріп өз ұлтының әлеуметтік және рухани құқығын қорғауға ат салысқан менің сол кездегі әріптестерім Қинаятұлы Зардыхан, Бағланұлы Зарыкхан, Қадыр Сайран, Қали Әліп, Уатхан Мәуліт, Қылыш Құзыкей, Асқынбай Сарай, Сейітхан Иісхан, Көген Құсман, Насыр Самат, Жапархан Бердімұрат, Ажхан Болат, Күнтуған Мизамхан, Жұмабай Жүніс, Нұғыман Қабыл, А. Рашадхан, Я.Хүрлээ, О.Цэрэвтерге ұлт патриоттары атынан алғыс айтамын. Оның сыртында қазақтарды атамекенге көшіруге мұрындық болғаным, Моңғолияда қазақ автономиясын орнату туралы бастама көтеріп атсалысқаным  т.с.с. ондаған азаматтық істерімнің бәрін тізіп шықсам бұл мақаланың көлемі көтермес. Осы фактілерді білмей тұрып, мені «сатқын» деп тіл тигізіп, ғайбат айтқандығың үшін егер азаматтық арың жеңсе менен кешірім сұрауың керек.

Сенің мақалаңның басында үстіміздегі жылдың 16-сы ақпан күні жүрілген «Ашығын айтқанда» ток-шоуында «Шыңғыс ханның тегі кім?» деген тақырыпта өткізілген пікірсайыста Шыңғыс хан моңғолдарының атауы «мөнгү» аталғаны туралы айтқан едім. Осыған аздап түсініктеме беруді жөн көремін.

1220-1221 жылдары қытайдың Сүн патшалығы тарапынан «Хуайду» шекарасының басшысы Чжао Хунды Хэбэйдегі Моңғол армиясының қолбасшысы Мұқалайға елшілікке жіберген-ді.

Ол Яньцзин қаласындағы Мухлайдың жанында болып, келіссөз жүргізумен қатар Моңғол армиясының дайындығы, әскери тактикасы, соғыс ережелерін бақылап, құпиясымен танысып еліне келген соң 1224 жылы «Мэнда бэйлу» (Моңғол татарлар туралы естелік) атты тарихи белгілеуін жазып қалдырған. Чжао Хунның бұл еңбегін 1857 жылы В.П.Васильев, 1975 жылы Н.Ц.Мункуев орыс тіліне, 1980 жылы ағылшын тіліне аударып басқан. Қытай тілінде 7 мәрте жарық көрген. Осы тарихи жазбада Шыңғыс хан моңғолдарының атауын «Мөнгү» деп берген. 1233, 1235, 1236 жылдары Орхон бойындағы Қарақорымға келген қытайдың Сүн патшалық елшілері Пэн Дая, Сюй Тин «Хэйда Шилюэ» (Қара татарлар оқиғасының шежіресі) атты еңбек жазып қалдырған. Бұл еңбек қытай тілінде 5 мәрте, орыс тіліне Линь Кюни, Н.Ц.Мункуевтің аудармасымен (1960), ағылшын тіліне П.Олбрихт, Е.Пинкс (1980), Э.Хэниш, Цуну (1986) сияқты ғалымдардың атсалысуымен Еуропаның бірнеше тілдерінде аударылып жарық көрген. Осы еңбекте де моңғолдарды «мөнгү» деп көрсеткен. «Ашығын айтқанда» ток-шоуында телевизиядан сөйлегенде Мухалай деудің орнына «Құбылай» деп жаңылыс жасаппын. Осы қателігім үшін халықтан кешірім сұраймын. Жоғарыдағы аталмыш ғалымдар мен қатар П.Пеллио, Д.Банзаравтар тарихи жазбада қазіргі Иньшань тауының бір бөлігі «Мон» тауын сол дәуірде «Мөнгү уул» (Күміс тауы), «Хэйда Шилюэ»-де «моңғол» атауын «мөнгү» (күміс) дегенді білдіретін иероглифпен берілгеніне Пэн Дая түсініктеме берген (Юань чао биши. 10-дәптер, 13а беті; Д. Банзаров. 1955. 136, 171 беттер; P.Pelliot. 1928. Р.228; Ж.Баясах.2006. – 40-41).

Шығыс халықтары хандықты, патшалықты Алтын, күміс, асыл тастардың (гауһар, лағыл, т.б.) атаумен атайтын дәстүр болған. Мысалы, Мәнжүлер кезінде «Алтын» хандығы деп мемлекетін атаған. Сол сияқты Иньшань Моңғолдары «Мөнгү улс» (Күміс хандығы) деп атаған.

Әбенайұлы Сен мақалаңда менің «сары газеттерде» деген сөзімді іліп алып біраз саясаттандырыпсың. Дәл осы жерде сенің саяси сауатың тым жұқа екеніне көзім жетті. Ендеше тыңда, сауатыңды аша кетейін.

«Сары газеттер» дегеніміз көпшілік қолды газеттер. Қоғам болған соң адамдардың пікір алуандығы, ұстанымы, түсінігі әртүрлі болады. Сол қоғамдық пікірлерді еркін беретін демократиялық бағыттағы басылымдарды «сары газеттер» деп атайды. Менің мақаламда газеттерді кемсіткен, қорлаған ұғым жоқ. Осы жағын жақсы түсініп алсаң құба-құп болар еді.

Ендігі кезекте сенсация көтеріп, аңқау елге арамза молда болып, «Моңғолдың құпия шежіресін» қытай иероглифімен, қазақ тілінде жазылған еңбек деп жариялап, алаяқтық жасап жүрген, «іргелі еңбегіңді» талдауға бұрылайын.

Ең әуелі оқырманға түсінікті болу үшін «Моңғолдың құпия шежіресі»-нің тағдыры хақында қысқаша анықтама беруді жөн көрдім.

Қытайдың Мин династинасының үшінші императоры Юанлэ (Чэн-цзу) заманында (1402-1425 жж) реттеліп патша архивіне «Юнлэ да – дянь» (Юнлэ жылнамасының үлкен ұлағаты) деп аталатын тарихи құжаттар арасында 12 дәптерлі бір нұсқа, 15 дәптер тағы бір нұсқасы сақталған. Осы нұсқалардан бірнеше көшірме кейін жасалған. Ол туралы зерттеушілер үнемі  түсінік беріп келді.

Құпия шежірені зерттеушілердің дені бүгінге дейін «Гу» нұсқасын тұғыр дерек ретінде пайдаланып келді.

«Моңғолдың құпия шежіресі» жазылған құжаттың әр бетінде 6-9 жол, бір бүктемесі 4-5 беттен, барлығы 40-50 бүктеме (бүктеме  juan, орыс графикасымен «Цзюань» деп оқылады). Бір дәптерде 4-5 бүктемеден барлығы 12-15 дәптерден (Қараңыз, Г-02831, Т-74. Қытайша  benj, ben-zi, түрікше daftär (QBN 9610); uluγ däftär (U5415), ДТС. 159) тұрады. Бір дәптерде 347-488 жол, барлығы 4798 жол, 282 тармақтан құралған.

Осы «тармақ» атауын сен «үзік» деп алыпсың. Бұған дейін әлем ғалымдары «тармақ» деп атап келген атауды (термин)  қалайша, не себептен «үзік» деп алғаныңа таңым бар. «Үзік» болса мағыналық жағынан бір-біріне байланыспайтын дүние болуы керек-қой. Ал мына «Моңғолдың құпия шежіресінде» тақырыбынан бастап бір-бірімен жалғасып жатқан тарихи шежіре.

Бұл менің ашып отырған жаңалығым емес «Құпия шежірені» зерттеген ғалымдардың сараптамаларының қортындысы.

Тарих ғылымының деректану саласында а) түпнұсқа, б) транслитерация, в) транскрипция немесе оқылуы,  г) жаңғыртпасы, д) сөзбе сөз аудармасы, д)тілдік және тарихи түсініктемесі, ж) мағыналық аудармасы деп аталатын 7 кезеңнен (7 сатыдан) сарапталып өткеннен кейін нағыз ғылыми  тарихи құжаттық деңгейге көтеріледі. Ғылымның қалыптасқан безбені осындай.

Әбенайұлы, Сен «Құпия шежіренің ақиқи түпнұсқасы түрікше жазылған» деп таудан тас құлағандай періп кеп жібересің (Әбенайұлы. «Құпия шежіренің құпиясы». 2010. – 3-бет). Бұл сөзді айту үшін біз көрсеткен алты сатыдан өтіп шығу керек қой. Сен өйтіп қиналмайсың. Сонан кейін: «… Ол (шежіре) түрікше түпнұсқадан бұрмалап жасалған. Олар (кімдер?), ақиқи түпнұсқаны түрікше-моңғолша аудармалардың көмегімен әуелі моңғолшалап алған. Сосын барып Моңғолша-қытайша аудармашылардың көмегімен қытайшаға аударған. Ақиқи түпнұсқадағы түрікше сөздер пішік (иероглиф) жазуымен моңғолшаға бейімдеп баламаланған. Моңғолшалаудағы себеп, .. Шыңғыс ханды кірістіру арқылы түрік халқын ел мен жерге иелік ету ұқықтан түбегейлі мақрұм ету пиғылы болған» (Әбенайұлы, 2010. – 4 бет.) деп ұрғылайсың.

Бірінші уәж: Мин дәуірінде қытайлардың мәңгілік жауы моңғолдар болған. Қытайлар Моңғолдардың езгісінен жаңа ғана құтылған кезең еді. Сөйте тұра қытайлар жайында жатқан түріктермен жауласып, моңғолдарға болысатындай ақымақ емес қой. Керісінше моңғолдарды жерге тығып түріктерді көтермей ме?

Екінші уәж: Құпия шежіре ту баста түрікше жазылғанын дәлелдейтін тарихи құжатты көрсетші. Ол жоқ болса сенің сөзің жүрмейді. Сенікі құр болжам ғана болады. Біздің сөз етіп отырған құпия шежіре қытайларға моңғол тілін ұқтыру үшін жасалған нұсқа екені бұған дейін осы мұрамен айналысқан ғалымдар дәлелдеп тұжырымдаған. Ал, алғашқы түпнұсқасы әзірге табыла қойған жоқ.

Үшінші уәж: Осы бір құнды деректің түпнұсқасын қолға ұстап отырып өз тілдеріне аударған, ондаған том еңбектер жазған әуелі қытайдың қытай текті Ван Го-Вэй сияқты ондаған ғалымдары, Ішкі моңғолдың Баяр, Иринчин, Б.Булаг, Ч.Батсайхан, Ресейлік Палладий Кафаров, Кеңестер Одағының С.Козин, Б.Я.Владимирцов, Сыртқы Моңғолияның Ц.Дамдинсүрэн, Цэндгүн, Германиялық Э.Хейниш, Франциялық П.Пеллио, Жапондық Кобаяси Такиширо, Ширатори Куракиш, Венгерлік Л.Лигети,  Белгиялық А. Мостерт, Австралиялық И.де Рахевильз т.с.с. көне мәтіндерді шемішкедей шағып, азуын айға білеген бірнеше ондаған, деректанушылар сенің ойлағаныңды ойлай алмады дейсің бе? Әлде әлемнің осынау ұлы ғалымдары түркі халқын жек көріп, түркілердің рухани мұрасын құртып, моңғолдарға алып беру үшін сөз байласып, бір ауыздан келісіп, кесіп-пішіп алған демексің бе?

2.Енді бірер сөз «Құпия шежіренің» аудармасы жөнінде

 Батыстық өркениетті әлем назарына тұңғыш мәрте жеткізуші Палладий Кафаров Құпия шежіренің қытайша мағыналық аудармасын 1866 жылы ұсынды. Содан бері бүгінге дейін 150 жыл бойы Орта және Орталық Азия тарихының алып арқауына  айналып отыр.

Т.Әбенайұлы бұл тарихи құжатпен жұмыс жасау үшін бүгінге дейін тарих ғылымында қалыптасқан атауларды өзгертіп, өзінше жаңа бір атаулар қалыптастыруды ойлаған ба, әйтеуір оқырманды шатастыру үшін бұрын болмаған атауларды енгізген.

а) «Ақиқи түпнұсқа» деген атау беріпсің. Бұл ізі де, көлеңкесі де жоқ сенің армандаған түрікше түпнұсқаң.

б) «Моңғолша балама» деген атауың орта ғасырда моңғол тілінде жазылған құжаттың қытай иероглифімен таңбалаған мәтіні. Бұл сенің еңбегіңнен орын алмаған. Оған көңіл бөлмегенсің. Өйткені сенің тісің  батпайтын болған соң аттап өткенсің.

в) «Тұстық аударма» деп атағаның бүгінгі ғылыми атауы транслитерация. Бұл да сенің қолыңнан келмейтін  іс.

г) Осыдан кейін транслитерацияны жаңғыртып транскрипция жасау керек. Тіл білімінен хабары жоқ құрылысшы делдалдың қолынан келмейтіні түсінікті.

д) «Тұтас аударма» деп ат қойып түпнұсқадағы мағыналық аударманы сен негізгі түпнұсқа ретінде алыпсың. Оның сыртында сенің еңбегіңде түпнұсқа жоқ. Ғылыми зерттеу әдістемесінің атауларын (термин) өзгертуге басқалар қалай қарайды? Ал, мағыналық аудармамен ғана (сенің атауың (термин) бойынша «тұтас аударма») жұмыс жасамақ болыпсың. Оның өзі шала, оны да оңдырмағансың.

Сонда сен деректану ғылымының 7 компонентінің алты сатысын  аттап өтіп, біреуіне ғана иек сүйеп «айды аспанға қалай шығармақсың»?

Міне, осы мағыналық аудармаңа талдау жасап көрейік.

011

№1. Сурет. Моңғолдың Құпия шежіресінің бірінші беті. Түпнұсқа

  1. Тарихи мұраның атауы және басқы тақырыбы. 2. Моңғол тілінде қытай иероглифімен таңбаланған 4 жол мәтін оның қытайша сөзбе-сөз аудармасы. 3. Төрт жол мәтіннің мағыналық аудармасы.

Тарихи құжаттың 1-бетіне сараптама жасайық. Құжаттың жолы оңнан солға қарай нөмірленіп оқылады. Үлкен (қалың) шрифтімен жазылған 5 иероглифпен қытай тілінде «juan-chao mi-shi» (Юань династиясының құпия тарихы) деп жазылған. Осы жазбаның дәл астынғы жағына жіңішке әрі майда шрифтімен төмендегі сөйлем қытай иероглифімен таңбаланған.

Транслитерациясы (Тл): Манг-hyo-лун ниу-ча туо-ча-а-ан

Транскрипциясы (Тк) немесе жаңғыртпасы (реконструкциясы): Монғол-ун [1] ниғуча то [б] чан [2]

Қытайша аудармасы: Моңғолдың Құпия шежіресі

Осы беттің 2. Жолына құжаттың ішкі тақырыбы жазылған. Онда:

Тл: чі-енг-кі-сі ха-хан-не ху-жа-ғу-ер

(Тк): Чіңгіс [3] хаған-у хужағур [4]

Қытайша аудармасы: Шыңғыс ханның түп-тегі.

Түсініктемесі:

Тарихи құжаттың бірінші бетіндегі бірінші  сөйлемді қалаң шрифтімен моңғол тілінде «mangol-un ni`uča tоbčan» деп жазғаннан кейін қытайша «Моңғолдың құпия шежіресі» деп аударған сөйлемді жіңішке әрі кішкентай шрифтімен берген. Сондықтан бұл жазбаның жалпы атауы «Моңғолдың құпия шежіресі» деп аталады да ішкі тақырыбы «Шыңғыс ханның түп-тегі» деп жазылған деген қортындыны Құпия шежіремен айналысқан барлық ғалымдар бір ауыздан қабылдаған.

[1] «Моңғол»  атауына сараптама жасасақ:

945 жылы жазылған Көне Таңнамеде (Цзю Таң –Шу) « Мэн-у»  (199 бөлім 10а беті) 1045-1060 жылдары жазылған Таңнамеде «мэн-ва бу» мэн –ва тайпасы (219 дәптер 7а бетінде). 1224 жылы жазылған «Мэн-дa-бэй-лу (моңғол, татарлар туралы белгілеу)» деген Чжао Хунның жазбаларында «мөнгү», 1233-1235 жылдары Қарақорымда болған қытайдың Сүн патшалығының елшісі Пэн-Дая, Сюй тиндердің, « Хэйда Шилюэ-Қара татарлар оқиғасының шежіресі» еңбекте «Мөнгү» деп белгіленген. Қытайдың бұлардан басқа біраз нұсқаларында  мон-гу, монг-у-ыр, меңгу деп жазылған.  Орта және Орталық Азия халықтары мен хандықтарына байланысты қытай тілінде белгіленген атаулардың көне түпнұсқадан кұпиясын ашып, тілдік және тарихи жағынан түсініктеме жасауда, әлем ғалымдарының сеніміне ие болған франциялық П.Пелло  (А. Propos des Comans…Paris 1920, p143; L’edition collective des oeuvres de Wong Kouo-wei; 1928 p 120; П.Панчиковский (Les che-wei etaient-its des Mongols? 1966.pp.225-251;  В.В. Васельев (история и древности… 1857.с.159-161). Н. В. Кюнер (Китайские известия…1961 .с. 60-64) Д .Банзаров (Собрание сочинении. 1955. С. 167-174). А.Мостерт (sur guelguels passage es de L’Histoire secret des Mongols.1950.p.292. ван Го-вэй (иследование о монголах т.IV.1940 1а-13б) ғалымдар бір ауыздан «Монгол» деп транскрипция жасап, бүкіл әлемді мойындатқан.

Ал батыстан Қарақорымға келіп моңғол хандарымен жолығып бірге болған Плано Карпини (История монголов 1988. 23,32,33,65-беттер) «Могол», Г.Рубрук (Шығысқа саяхат) 1988-80,88,91,-98, 118-126, 130-138 беттерде) «Моал» деп белгілеген. Ал Рашид-ад-динде, Әбілғазы Баһадур, М.Х. Дулатидің  Тарихи Рашидиде «Могол». Батыстың жоғарыда сөз еткен ғалымдары, және Орта Азия тарихына байланысты араб, парсы деректерді іздеп тауып, оларды неміс, орыс тіліне аударып, аса үлкен ғылыми еңбек қалдырған,түркі тарихының жанашары неміс текті В.В. Бартольд «Орта Азияда «монгол» атауын  «могол» деп атаған» (В.В.Бартольд. Сочинение М. 1964. Т.ІІ, Ч.ІІ.с.35). Өйтсе «маол», «могол», «монгол» атауының батыстық және мусылман әлемінің өз тілдерінде атаған атауы деген тұжырым жасалған.  Араб, парсы еуропа тілдерінде «ң» дыбысы жоқ. Сондықтанда еуропа, мұсылман деректерінде «моал», «моңғол» деген атаудың «ң» дыбысын тастап «могол» деп жазып қалыптастырған. 1196 жылға дейін Шыңғыс хан барша моңғол тайпаларын бір  тудың астына бағындырып  алған соң барша монгү хандығын жариялаған. Ал 1206 жылға дейін керей, найман, Шығыс түркістандағы ұйғур (қара қытай)ларды қоластына алған соң «Ұлы моңғол империясы» құрылғанын жария етті. «Бұл  бір ғана монғұлдардың хандығы емес бүкіл киіз туырлықтылардың империясы» деп түсінік берді.

Кеңес империясын бір ғана орыстар құрған жоқ қой. Украиндер, қазақтар, татарлар, грузин, азербайжан, өзбектер, қырғыздар, белорустар, сібір т.т.с.с. халықтары құрған империя. Дәл сол сияқты көшпелілірдің  империясы деп жариялады. Осыдан бастап «моңғол»  атауы саяси атау боп қалыптасты. 1206 жылға дейін «Монғол» деген этнос атауы да, саяси атауы да болған емес. Т.Әбенайұлы: «Шыңғыс ханның атамекені Жетісу, Бурхан-Халдун деп  айтып жүрген жер Жаркент. М.Дулатидің «Тарихи Рашидиде» Моғолстан-Жетісу, Іле алқабы, Алатау, Тяньшань деп атап жүрген таулардың Могол тауы деп жазылған. Демек Шыңғыс ханды моңғол деушілердің сөзінде ешқандай тарихи құжаттық негіз, ғылыми деректілік жоқ» депсің;

Тілеуберді Танабайын-ау! Ақордадан бөлініп, 1348 жылы Тоғылық-Темірдің құрған Могол ұлысын, Шыңғыс хан орнатқан Моңғол империясымен шатастырып отырсың-ғой. М.Х.Дулати Моголстан ұлысының территориясын былайша көрсеткен: «Моголстанның жері көлемі  (шығыстан батысқа, түстіктен солтүстікке дейін) 7-8 айлық жол. Шығыс шекарасы қалмақтардың Барс көлінен (Баркөл) Емел, Ертіс, солтүстік шекарасы Көкше-Теңіз (Балхаш), Бума, Қаратал,  оңтүстігі Фергана уәлиаты, Қашқария, Ақсу, Чалыш, Турфан» деп Моголстанның шекарасын сызып тұрып көрсете отырып ары қарай былай дейді: «Моголстанда Сырдария, Амудария, Ертіс, Чуйлук (Шу) және Нарын өзендері бар» дейді.

Моголстанның халқының құрамында дулат, үйсін, арғын, керей, қаңлы тағы сол сияқты түркі тайпарлары және түріктенген барин, барлас, арлат булағчы сияқты моңғол тайпалары болғанын  М.Х.Дулати жазып қалдырған. Ал, билік басында түріктенген Шыңғыс хан әулеті отырғанына дейін жеріне  жеткізе айтып кеткеніне назар аударсайшы.

Тарихи түпнұсқаларда жазып-сызып, әлем ғалымдары бір ауызбен осылайша дәлелдеп отырғанда қытайдан келген шала қытай тілді құрлысшы-Әбенайұлы, ғалымдардың ғылыми еңбектеріне қандай дәлелімен қарсы шығады. Біздің қытайша сауатымыздың  аздығын пайдаланып, «ит жоқта шошқа үреді қораға» дегендейін аңқау елге арамза молда болуын  қалай қабылдамақпыз.

[2] tobčan = tobča. Tobča – көне және қазіргі моңғол тілінде «товч» – қысқаша түйін, қысқаша пайым (Цэвэл Я. Моңғол тілінің қысқаша түсініктеме Сөздігі. УБ.1966. 532-бет. Әрі қарай МТҚТС деп қысқартып белгіленеді). Көне түрік тілінде кездеспеді. Қазақ тілінде «Топшы» – түйін, пайым; «Топшыла» – пайымда, тұжырымда (Қазақ Сөздігі (ҚС). 2013. 1263-бет). «-n» моңғол, қазақ және көне түрік тілінде сөз тудыратын жұрнақ.

[3]   Шыңғыс (Чыңғыс)-моңғол империясының Ұлы қағаны Тэмүжіннің қаған атағы. Академик Ц.Дамдинсүрэн, А. Мостерт қатарлы ондаған ғалымдар бұл атаудың мағынасына түсініктеме берген. Олар «Чыңғыс»-Тенгис (Теңіз) деген мағына береді. Басқы «Т»  дыбыс-«Ч»-ға, «Е» дыбыс, «И» дыбысыны ауысқан (чередавание болған) (Ц.Дамдинсүрэн. 1947.-79 беті.  Mostaept  А. 1953.82-бет).

[4] huja`ur. Қазіргі моңғол тілінде – «h» дыбысы түсіп қалып «uza`ur» (узағур) деп айтылады. Мағынасы «түбі», «тегі» (МТҚТС. 1966. -586 бет).

Сондықтан «huja`ur» сөзін «түп-тегі» деген қытай тіліндегі аудармасы дұрыс болған.

Көне түркі және бүгінгі тірі түркі 38 тілде, соның ішінде қазақ тілінде «құзауыр» деген сөз жоқ.

Ал «қаузау» деген сөз қазақ тілінде бар. «Қауза» сөзінің қазақ тілінде үш мағынасы бар: 1. Отты көсеу. 2. Арпа, бидайды тазалау, сұрыптау, бүге-шігесіне дейін білу; 3. тездету (Қазақ сөздігі. 2013. 781-бет).

Міне, «Құзағур» мен «қауза» сөзінің арасы жер мен көктей екенін енді түсінген боларсың. Олай болса Т.Әбенайұлы «Құзауырды» «қауза» болдырам десе лингвистикалық талдау жасап, жаңалық ашып оқырманды мойындатсын. «Шыңғыс қағанның түп тегі» деп қойған тақырыбы қытай тіліндегі аудармада берілген.

Енді оқырманға Құпия Шежіренің тақырыбынан кейін берілген төрт жол түпнұсқа мәтінді сарапқа салайық (Түпнұсқасы жоғарыда 2-нөмерде берілген).

  • жол. Транслитерация (Тл): Түпнұсқа

1.1.tie-e-rie teŋ-ke-rie-чe чa-йa-a-tu

t`уō-rie-k-сieн pei-eр-t`ie чi-нo- ā чu ұу

Транкрипциясы (Тк):  дэрэ теңірі-eчe-жайағату төріксін бөрте чино ажуғу.

Аудармасы: Жоғарыда Тәңірден шапағатымен жаралған Бөрте Бөрі еді.

Т.Әбенайұлы: Көк Тәңірдің әмірінен Бөрте-шайна әзім еді де.

1.2. Түпнұсқа (Тл): кe-кeй-іне  хуо-ай  ма-ран леа-чй aй. Теу –кі-сі

Tеу-кi-сi тū-лe-чу йі-рій

Транскрипциясы (Тк) (жаңғыртпасы)

Гэргэй-іне Қуа-ай Марал ажи -ай. Теңгіс кетүлжи иребе

Аудармасы: зайыбы Қуба- Марал  еді. Теңіз кешіп келді.

Әбенайұлы: жұбайы Қуба –Марал Теңіз (Кәспи) тумасы    болатын.   

1.3. Түпнұсқа Тл: уo-нан mу-ріeн-нe тie-рi-ұу-нie

Пу-eр-aн хa-лe-тун-нa нуан-ту-х-лa-чу

Жаңғыртпа Тк: Онан мөрен-ү тергүн-е Бурхан халдун-е нунтуқлажи

Аудармасы:  Онон өзенінің басындағы Бурхан Халдунды мекендеді.

Әбенайұлы:  Олар Өнен-Мұранның (Іле өзенінің) бастау алатын жеріндегі Бурхан-халдун атты жерге келіп орда тікті.

1.4.  Түпнұсқа (Тл): туо-ріе-к Па  -та-чі-һан а-чу-ұу

Жаңғыртпа ( Тк): төріксін Батычы хан ажуғу

Аудармасы: Сонда туған Батачы хан еді.                                Әбенайұлы: Сол арада Баташы-Қандеген перзент сүйді.

Т. Әбенайұлының аудармасындағы жазбаша шрифтімен берілген сөз сөйлемдер түпнұсқада жазылмағандықтан біз әдейлеп ерекшелендіріліп беріп отырмыз.

«Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихы мұраның атауы, жазбаны алғашқы бөлімдерінің тақырыбы («Шыңғысханның түп тегі» деген) және түпнұсқаның алғашқы 4 жолындағы  транслитерация, транскрипциясын   Т. Әбенайұлы сен бір де біреуін еңбегіңде жасамағансың. Жасай алмаған себебің тіл білімінен сауатың ашылмаған, тілдің теориясын меңгермегендіктен білімің жетіспеген. Тек қана 1970-жылдары Бейжінде жарық көрген жаңа қытайша оңтайландырған (жалпыға арналған) иероглифпен берген  мәтінмен жұмыс жасамақ болғансың. Енді осы 4 жолды, Т.Әбенайұлы, қалай аударғаныңмен танысайық. Т.Әбенайұлы: «Көк Тәңірдің әмірімен Бөрте-Шайна мен жұбайы Қуа-Марал (Құба-Марал) теңіз (Кәспи) атты судан өтіп шығып Өнөн (Іле) деген өзен бастау алатын Бұрхан атты тауға мекен тепті. Сол арада бір перзент сүйді, оның аты Баташ-қан қойды» деп қытайша жалпылама аудармадан қазақшаға  бұрмалап  қате аударғансың. Жоғарыдағы жолма-жол аударманы салыстырып көргейсің. Оның өзін қытай тілінен дұрыс аудара алмаған.

Т.Әбенайұлы аудармаңда түпнұсқадағы «degere – жоғарыда» (1.1) сөз мүлде жоқ. Оның орнына «Көк» сөзін ойдан қосқансың. Түпнұсқада «әмірімен, … атты судан, … бастау алатын, … атты тауға, …сол арада бір перзент сүйді, … оның атын,… қойды» деген сөздер мен сөйлемдер түпнұсқада жоқ. Ол аз десеңіз «чино» сөзін «шайна» деп, «Онон» атауын «Өнөн» (Іле)» деп өзгерткенсің. Онымен қоймай Онон өзенін Іле өзені деп ойдан жасағансың. Онон атауы Іле атауына қалай ауысты?, ол жайында ешқандай да ғылыми сараптама, талдау атымен жоқ. Дәлелсіз, дәйексіз айта салса ғылыми дүние болады деп ойлаған сияқтысың.

Бірінші тармақтың түсініктемесінде (Т.Әбенайұлыныңда «талдама») дәлелсіз көпірме сөздер мен сөйлемдер ғылыми түсініктемеге жатпайды. Бұл арада Т.Әбенайұлы сен, лингвистикалық, тарихи  және полеоэтнографиялық түсініктемелерді Құпия шежіреге дейінгі және кейінгі түпнұсқа деректерге, осы саламен айналысқан әлемнің белді де білікті ғалымдарының зерттеулеріне сүйене отырып жоғарыда біз үлгі етіп көрсеткеніміздей талдау керек еді. Ондай біліктілік байқалмайды. Тарихи мұрадағы адам есімдері, ру тайпалар атауын көбінде ойдан жасағансың. Көңіліңе ұнамаған сөз сөйлемдерді «жаулар» (ол кім?) ойдан қосқансың.  «Олар түріктердің жауы» деп түсінік беріп отырғансың.

Енді Б.Әбенайұлы сенің «талдау» деген тақырыппен адам есімдеріне жасаған «сәуегейліктеріңнің»  бірлі жарымын сөз етсек:

«Құпия шежіресінің құпиясы» атты еңбегің Шыңғыс  қағанның ұлы істерін баяндаумен өрбиді. Дәлірек айтсақ: Алшын қаған-Түрік қағанаты (Әбенайұлын. 2010-11 бет).  «Алшын Ашина әулетінен шыққан» деп бастайсың қазақ тарихына «бомба» жарған «ұлы» еңбегіңде  (Т.Ә.2010-13 бет). Бұл сөзді  айту үшін қандай бір дерекке жүгініп, лингвистикалық талдау жасау керек еді-ғой. Қалайша «Ашина» Алшынға айналған? Шыңғыс хан оған қай жағынан байланысады? Бұған жауап жоқ.   -Бөрте-Шайна  (Бөрте-Чино болу керек С.Қ) Жайық арыстарының тумасы. Құба  -Марал Кәспи (теңіз) маңындағы арыстардан шыққан (Т.Ә. 2010-13 бет).  Дәлелсіз, дәйексіз, сараптамалар.  Күлесіз бе; жылайсыз ба? Тамаша деген адам есімінің  «Там» буынынан жалайыр, жаныс тараған (-15 бет), деп соғып жіберіп кейін Құпия шежіресінің  38-тармағында «Жаршоғлыдан Адам-Қан, одан Ұранқай, Ұранқайдың  жалайырдан тарайтынын ескерсек Жаршоғылыдан Жалайыр болуға тиіс» (-57 бет) деп көсілесің. Ол аз дегендей яғма –дегеніміз жалайырдың ескі атауы (-17 бет) дейсің. Оқырман қауым бұл сандырағыңнын қайсысын ұстап алады, қайсысына сенеді? Алан-Құбаның  кенже ұлы «мәңгүрт» Боданчор (Бодончор мұңқағ) есіміне талдау жасағанда «Баданжор мыңқағ» деп алған. Бодон-бұқара, халық (көнетүрік),-чор/чур-лауазым.  Түпнұсқада  «Бодончор-мұнқағ» деп жазылған сөзді «мыңқағ» деп оқып  «мыңбасы» деп (-35 бет) аударыпсың. Байырғы түрік мәтініндерінде «мыңбасы» деп қалыптасқан атау Шыңғыс дәуірінде «мыңқағ» болып өзгеріп кеткен бе? Демек бүгінгі түркі халықтарының барлығының тілінде  Көк Түрік дәуірінде қалыптасқан «мыңбасы» атау сол қалпымен сақталып келді-ғой. Осыны неге ойламағансың?

Сол «мәңгүрт»  Бодончор (Әбенайұлынша-Боданжор) Онон өзенінің Түңкүлік Ғорқы (бұлақ) басына кешіп келген иесіз, пана болар  басшысыз адамдар тобына кездеседі. Осыларды «мәңгүрт» деген лақаб аты бар Бодончор ағаларымен бірге күш қоса қоластына алады.  Солардың ішіндегі аяғы ауыр бір бишара жөнсіз әйелді Бодончор қатын етіп алады.  Моңғол тілінде мәтін «тере дунда кегелитей ем-е Бодончор ирвэй»-солардың ішінде ішті (кегелтей-ішті) әйелді Бодончор алады» (§40). Әбенайұлы бұған былайша талдау жасайды: «Дунда-дүмді (балғалы  деген сөз дейді).  Кегелтей ем-е = Келтей ене. Мағынасы аласа бойлы ене. Бұл Домалақ-Ана болуға тиіс» дейді: Мәссаған! Бүкіл қазақтың құрмет тұтып Ел-анасы деп ұлықтайтын Ұлы жүздің  Домалақ анасын жөнсал аяғы ауыр (ішті) әйелдің орнына қойып  «мәңгүрт» деген лақаб аты бар Бодончарға отырғызады.  Жөнсал әйел кімнен бала көтергені белгісіз некесіз баласына босанып ұл табады. Оның әкесі белгісіз болғандықтан «Жат» (Жат) деп ат қояды.  Жатлан руы осыдан тарайды. Одан жалайыр тайпасы шығады (-58-60 бет) деп сәуегейлік жасады. Ұлы жүздің аруақты Бәйдібек Атасы да, дана Домалақ-ана да бейшара боп қалған. Оқырман қауым Қазақстанның Ғылым Академиясының құрметті Академігі сіздерге осындай тарихи сый ұсынды. Қабыл аласыздар ма жоқ па оны өздеріңіз шешіңіздер. Қазіргі заманда қай ғылымды алсаңызда өсіп өркендеп дамып кеткен. Егер қандай бір ғылыммен айналыссаңыз сол тақырыптағы өзіңізге дейінгі зерттеушілердің жасаған еңбегіне сүйене отырып, жаңа ой, жаңа идеаларды ұсыну арқылы ғылымға үлесіңізді қоса аласыз.  Өзіңе дейінгі ғалымдардың еңбектерін лақтырып тастап жаңа дүние аша қою мүмкін емес. Т.Әбенайұлының  аталмыш еңбегінде  мүйізі қарағайдай, әлем мойындаған бірде бір ғалымға сілтеме жасамастан  «осылай болуға тиісті» «олар жаулар, дұшпандар, түркілердің жаулары» деген сияқты сөгіс айтып жала жабумен бірге тарихи атауларды өзінің қалауынша өзгертіп отырған. Бұл өзгерістері ең болмаса Х-ХVI ғасырлар арасында түркілер қолданған сөз қорына дөп келсе рахмет айтар едік. Олары орта ғасырға да, бүгінгіге де жат сөздер. Осылайша әлем құрмет тұтатын құпия шежіренің 282 тармағына жасаған аудармасы, түсініктемелері түгелдей дәйексіз, ойдан жасаған далбаса дүниелер. Солардың бірлі-екілі мысалын кестемен көрсетейік:

012Тарихи жазба мұралармен айналысқанда түпнұсқаның бірде-бір дыбысын, графикасын өзгертпей түсіру арқылы транслитерация  жасалады. Ал, оны тілдік дыбыс ерекшелігінің заңдылығына сай транскрипция немесе жаңғыртпасы жасалу қажет. Ондай терең анализді Әбенайұлы жасай алмайтын болғандықтан  халықтық қара байыр этимологияның батпағына батып кеткен.  Әбенайұлының еңбегінің  құнын, сапасын осы бірнеше атаулар ғана толық дәлелдеп бергенін оқырман қауым түсінген болар.  Міне осы сияқты білімсіз, пайымсыз, сауатсыздық бұл кітапта толып жүр. Оның бәрін айта берудің қажеті шамалы болғандықтан әзірше осымен қысқартайық.

Түркі, моңғол тілдері туыстас тіл екенін түркітанушы ғалымдар осыдан жүз жыл бұрын дәлелдеп тұжырым, жасап қойған. Алтайтанушы тіл білімінің атақты ғалымы Б.Базылхан қазіргі қазақ, моңғол тілінің түбір сөзінің 40%, жалғаулықтың 60% бірдей екенін ғылыми тұрғыда анықтап, дәлелдеп еңбектерінде көрсеткен. Демек, бұдан 800 жыл бұрынғы түркі, моңғолдардың тіліндегі түбір сөз қоры, жалғаулықтардың ұқсастығы қазіргі кездегіден де мол болғаны түсінікті. Әлемнің беделді лингвист ғалымдары түркі, моңғол тілдері Хунну (Ғұн) империясы құлағаннан кейін алшақтап кеткенін дәлелдеген. Онымен қатар түркілер б.з. Х ғасырдан бастап Ислам дінін, моңғолдар ХҮІ ғасырдан бастап буддизм дінін қабылдағаннан кейін бұрыңғыдан да күшті алшақтау процессі жүрілді.  Бұл деректер мен талдаулар түркілер мен моңғолдардың тілінің арғы тегі бір екенін көрсетеді. Осы екі этностың тілі тектес екенін Г.Рамстедт, Н. Поппе, П.Поуха П.Пеллио, Дөрфер, Менгес, Б.Базылхан сияқты ондаған ғалымдар дәлелдеген. Ғылыми мақалаларды қарауыңа болар еді.

Ендігі кезек жер дауы!

Әбенайұлы!  «Шыңғысхан: дерекке жүгінген абзал»  (ҚӘ.№11.4-бет.  4-10  наурыз. 2016) деген мақалаңда: «Моңғолиядағы жер, су аттарын атап көрсетіпсіз.  Алайда соның бәрі Шыңғысханға қатысты тарихи құжаттарда жоқ қой. Оны тарихпен арнаулы шұғылданбаған қазақтарды алдау үшін жаздыңыз ба? Әлде моңғолдарға деген сүйіспеншілігіңізді әйгілеу  үшін жаздыңыз ба? Орхон, Керулен, Онон деген үш өзеннің аты ұқсас болғанымен географиялық сипаттамасы мүлде кереғар. Батыстық П. Карпини ол өзендер батысқа қарай ағатынын көрсеткен. П.Карпини, Г.Рубрук Шыңғысханның атамекеніне Іленің Балқашқа құяр сағасынан өте салып көп ұзамай жетеді»-депсің.

Әбенайұлы-ау! Мен сен сияқты аспаннан Ғайса боп түсіп, жерден Мәді боп шыққан адам емеспін. Мен бүкіл өмірімді түркі халқының соның ішіндегі қазақ халқының көне тарихын зерттеуге жан-тәніммен берілген тақуамын. Осы сала бойынша жоқ іздеп, жоқтаушы болуға өзімді 50 жыл дайындаған адаммын. Ғылым алдындағы жауапкершілікті  терең сезініп, ғылыми этиканы берік ұстанып, ұлттық тарихымыздың ашылмай жатқан құпиясын  ашып, келер ұрпаққа ақ адал ниетіммен қалтыруға бел байлаған бейбақпын. Біреуге жағыну жалбарынуға Қаржаубай Сартқожаұлының жаны қас екенін мені танитын бүкіл қазақ, моңғол интелегенциясы саған дәлелдеп беретініне сенемін. Сонда  түсінесің. Алдау, алаяқтық жасау, жағыну саған ғана тән екенін сенің жоғарыдағы сөзің, ниетің дәлілдеп тұрғанын өзің де байқамай қалған сияқтысың.

Ендігі кезекте қытайы мінез көрсетіп, білместік пиғыл танытып, білмегенсіп: «..Моңғолияда Шыңғысханға қатысты жер-су аттары жоқ-қой» деген сұрағыңа (Рашид-ад-дин бастаған алпыс шежірешінің жазып қалдырған мына сөйлемдерді көлденең тартайын: «Моңғолияда Бурхан-Халдун (координаты Е 108о 01-109о 45; Б. 48о 48о– 49 о61) деп аталатын үлкен таужотасы бар. Осы таудың жан жағынан көптеген  өзендер бастау алған. Сол өзендер бойы толған орман  ағаш. Шыңғыс хан осы жерді мәңгілік орыны (қабірі) етіп таңдап алып: «Біздің ұлылардың жататын орны осы болсын. Осында біздің алтын ұрпағымыздың мүрдесін жерлеңіздер» деген екен. Шыңғыс хан осы жерге қыстап, жайлап жүрген. Туған жері Онон дариясының төменгі сағасы Булук-булдақта [1] тұған.  Бурхан-Халдуннан алты күндік жер.  Бурхан-Халдуннан бас алған өзендерді атасақ төмендегідей. Онда : [Бурхан-Халдунның] оңтүстік бетінен Келурен [2], шығыс бетінен Онон [3], солтүстік жағынан  Киркачу [4], солтүстік шығыс жағынан Киректу [5], солтүстік бетінен  Чику [6], батыс-солтүстігінен Қалақу[7], оңтүстік-батыс ортасынан Кара [8], түстік-батыс ортасынан Барачиту [9], тура оңтүстік-батысынан  Дули [10]  өзендері бас алады» (Рашид-ад-дин 1952. Т.І.кн.ІІ.С.233-234). Рашид-ад-диннің түпнұсқасына түсініктеме берелік:

[1]. Булук-бултак =Дэлун-болдог. Түпнұсқаның осы бөлімін парасы тілінен аударған И.О.Смирнов «Далун-булдак» деп жер атын жаңғыртқан. Моңғолдың құпия шежіресінің (МҚШ) §59,97,211,282 тармақтарында белгіленген. Бүгінгі күнге дейін «Дэлүн-болдог» деп аталады.  Координаты  е 110о 37 ; Б.48о 40: (Шыңғыс хан энциклопедиясы  (ары қарай ШЭ) 2012-260-бет).

[2]. Кэлурен=Керулен. МҚШ: §94,96,98,107,136,142,151,177,193,282.  Бүгінге дейін Керулен деп аталады. Координаты: Е.109о; Б480о 49)

[3].Онон=Онон.МҚШ.§1,2,4,30,32,50,54,55,56,57,59,72,74,75,81,84,88,106,108,116,129,130,144,202,211.  Координаты: Е 109о-113о; Б 480о 251-49о-40, (ШЭ).

[4]. Киркичу=Қырқашы сайы. МҚШ. §88,107,122:  координаты: Е. 109о 02; Б. 470о 57; бүгінле солай аталады.  (ШЭ.-297 бет)

[5].  Киректу=Күрлүк. МҚШ. §89,94,122,129,141,,: Е.108о 57′ Б.48о 03′: бүгінгі күні Күрлік деп аталады (ШЭ.-303-бет).

[6]. Чику=Чөк,   бурхан-халдунның солтүстік жағынан бастау алып Россияның Бурят Республикасының шекарасына ағып кіретін өзен.  Картада «Чику» бури адтар «Чөк» деп атайды. «ХІІ ғасыр кезінде үлкен Хилго, кіші Хилго деп атаған. Кіші Хилгоны Чику  деп те атаған.  Чику мен Хилго  екі шағын өзен қатарласа ағып бүгінгі Буряд шекарасына кіріп Барғужин-Төкөмді тіліп өтіп  Селенгі дариясына құяды. (ШЭ. 297-бет).

[7]. Хилго=Хилго. Кезінде үлкен Хилго атанған Ресейдің Бурят Республикасындағы Барғужин-Төкөмді қиып өтіп Селенгі дариясына құяды. МҚШ. §105,109. (ШЭ.-297 бет).

[8]. Кара =Қара өзені: МҚШ. Рашид-ад-динде Т.І.кн.І. 129-бет. Бурхан-халдуннан басталып, Тул дариясына құяды.

[9]. Бурачату =Борокер(кейін Боро). МҚШ.  §105,109,152.  Координаты: Е.106о 40о; Б.50о 16′.

[10]. Дули =Тул дариясы. МҚШ. §96,104,115,164,177,261. Координаты: Е109о 01′ Б. 48о 20′-деп бас алады (ШЭ.-284-бет). Байырғы түрік мәтіндерінде (ж.с.VII-ІХ.ғғ) Тоғула, ХІІ ғасыр түпнұсқаларында  «Тоғула» бүгінгі атауы Тул.

1305 жылы жазылған Рашид-ад-дин  шежіресінде және 1240 жылы жазылған  Моңғолияның құпия шежіресінде осылайша жазылып сақталған.  Шыңғыс ханға қатысты ма? Қатысты.

«Ол өзендер (жоғарыда аты аталған Онон, Керулен, Тул) батысқа қарай ағатынын П.Карпини көрсеткен» депсің. П.Карпинидің «История Монголов» жолжазбасында бұл туралы бір сөз жоқ. П.Карпини жолжазбасында сол дәуірдегі  Моңғол империясының иеленіп алған территориясын  «жер жағдайы» туралы §1 бапта: «Олардың (Моңғол империясының) шығысында қытай,  корей жері, түстігінде  саррациндер (мұсылман елдері), батыс-түстігінде  ұйғур, солтүстігінде наймандар  орналасқан.  Солтүстігі мұхитпен қоршалған (П.Карпини. 1993 Алматы-§21) деп жазған.  Сенің айтып жүргеніңдей Шыңғысханның Астанасы Қарақұм Ұлытауда болса, атамекені Жаркент болса,  шығыстағы 4000км қашықтықта орналасқан шүршіттің (Мәнжүрлердің) Алтын хандығына не үшін шабуылдайды. 4000км алыстағы      Алтын хандығы Жаркенттегі «моңғолдарға» күн сайын шабуылдайтын мүмкіндік бола ма? Іргелес, шекарасы тиіп тұрған болса бір сәрі. Қарапайым логикаға симайтын осындай жалғандықпен айналысудың қажеті қанша?  Оның  жолбелгілеуінде Балқаш, Жаркент  туралы бір сөз жоқ.  Ал, Имиль (Омыл=Емел) қаласы туралы осы еңбектің 34, 64-беттерінде белгіленген. Оған 181,184,186 беттерінде  түсініктемелер берілген. П.Карпинидің болған Емел  (Омыл) қаласын Шәуешектің оңтүстігінде, Жұңғар ойпатының батыс солтүстігінде  деп көрсеткен. Бұл қаланы Қара қытай (Батыс Лао) хандығын құрған Елюй Даши 1125 жылы  негізін қалаған.  Кейін Өгөдейдің  ұлы Қаданның Ордосы осында болған. П:Карпини осы Емел қаласынан  Моңғол қағанның ордасы орналасқан Қарақорымға дейін бір ай жүріп жеткенін айтады (П.Карпинин 1993.с,64-65).  Егер Қарақорымның орны сен айтып отырған Ұлытау болса П.Карпини  оны неге ашық жазбаған?

Осы аталған тарихи деректердің өзі біздің ортамыздаға жер дауын шешіп берді-ғой деп ойлаймын.

Мұрат-ЖұрыновМұрат ЖҰРЫНОВ (Ұлттық Ғылым академиясының президенті академик): «Біз ғалымдар, саясатпен шұғылданбаймыз, тек ғалыми шындықты іздеумен айналысамыз. Сондықтан Әбенайұлының кейінгі терең зерттеу жұмыстары бізді қызықтырады. Бұрын да миллиондаған адамы бар түрік  әлеміне шағын ғана әлсіз Моңғол жұртынан шыққан адамның хан болуы түсініксіз және шындыққа ұласпайтын жай болатын.

Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан. Шыңғыс ханның туған жері өскен өлкесі Бұрхан және Түрген жерлерді қазіргі Моңғолия аумағынан да, солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, бері де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын. Мұны моңғол ғалымдарымен бірге талқылап, пікірталас жүргізу керек. Шыңғыс ханның кеңселік құжаттары түрік тілінде жүргізілген. Моңғол болса, неге моңғол тілінде жүргізілмеген? Моңғол ғалымдары бұл туралы: «Өйткені ол түріктердің арасында жүргендіктен де, оларға түсінікті болу үшін түрік тілінде жүргізді»,-дейді. Ал жарайды делік, онда олар парсылармен соғысты, неге парсы тілінде жүргізбейді? Арабтармен соғысты неге араб тілінде жүргізбеді? Ресейді, Қытайдың тең жартысын жаулап алды, «неге орыс, қытай тілдерінде жүргізбеді?» деген сұрақтардың тууы заңды.

Шыңғыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі.  Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін. Бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс ханды түркі әлемінің көсемі ретінде тануға келісуге тиіспіз. Шыңғыс хан- Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам. Қазіргі  Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәледеп, мойындату керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әр түрлі тәсілдермен ары қарай жалғастыра беру керек. Дулатидің,  Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір  немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді.  Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой. Осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президеум мүшелері  бұл еңбекті ары қарай жалғастырып, зерттеу керек деген қорытынға келдік» (Дерек – көзі:http://ult.kz/? p=12991).  Қазақстан Республикасының ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов осылай дейді. Әрі Т.Әбенайұлына Қазақстан ҒА-ның  құрметті Академигі атағын берген. Т.Әбенайұлының еңбегін медиевист қандай ғалымдардың талқысына салған?  Қазақстан Республикасының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология ҒЗИ-нің талқысына салған ба? Онсыз да белін алдырып ауыр қалде тұрған Қазақстан Ғылым Академиясының беделін осыншама төмендетіп «Жаркент академиясының» деңгейіне түсіргеніңіз қандай үлкен трагедия! М.Жұрынов  мырза Сіз, Химия ғылымының белгілі де беделді ғалымдарының бірісіз. Сізді әлем химиктері мойындайды. Ал тарихтан хабарыңыздың аздығы бірден көрініп тұр. Тым асығыс қозғалған сияқтысыз… Ең болмаса бұл саладан хабары бар бір маманмен ақылдасып алғанда бұлай болмас еді.

Жуықта, «Айқын» газетінде (24.03.2016.№43)  Жапонияның «Киодо Цусин» агенттігі Жапония Ғылым агенттігімен бірлесе отырып, Шыңғыс хан кесенесі туралы жаңа мәлімдеме жасағаны туралы хабар жарияланды. Сонда, АҚШ-тың НСА, Жапонияның GVC ғарышты  зерттеу орталықтары Шыңғыс хан кесенесі Моңғолияның Бурхан-халдун тауында екенін анықтап, енді сол жерасты кесенені қазу мәселесін қарастырып жатқаны туралы жазылыпты. Бұған не дейсіз?

Біздің еліміздегі БАҚ-да  жасы 60-тан асқан, атақ лауазымынан ат үркетін бірлі-жарым ағаларымыз Т.Әбенайұлының өтірігіне айрандай ұйып, құлаш-құлаш мақала жариялапты. Қазағымыз айтады «белгісіз жердің бедері мол», «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деп, Шыңғыс ханның моңғолдары айтады: «Сырын білмейтін тесікке саусағыңды сұқпа» деп. Сондықтан өзі білмейтін  іске араласу ақсақалдардың беделіне нұқсан келтіретінін назарда берік ұстағанымыз ақсақалдықтың, парасаттылықтың, мәдениеттіліктің бір сипаты болмақ.

Түйін.

  1.    Ж.с.б.ХХ ғасырдан бергі тарихи деректер бойынша Еуразияның Ұлы даласы (шығысы Хянған жотасынан бастап Днепр, Донға дейін), сақтар, хуннулар (Ғұн), түріктер мекендеген.
  2. Хунну (Ғұн) империясы құлап екі бөлінгеннен кейін Хунну (Сюнну)  тобы (түркілер) мен Дунху тобының (моңғолдар) тіл айырмашылығы айқындала бастады сөйтіп VII-Х ғасыр арасында моңғол тілі қалыптасты.  Бүгінгі моңғолдардың ата-бабасы осы дәуірге  (VIII-X ғғ) дейін түрік атанып келсе, одан соң татар, монғу ( мөнгу, мунгу, могол ) атанды.  Жаңа этнос пайда болды.

Арғы ата-бабалары ежелгі Сақтардың (Со, Сэ, Сиа, Чы, Чи т.т.с.с) салаланып,  қанат жайып, өсіп-өнген түріктер Хунну (Сюнну), Дунху тобын құрады. Дунху тобының дарлекин, нирун тайпалары ежелгі дәуірден б.ж.с. VIII-X ғғ кезінде жаңа моңғол этносының негізін қалаған. Шыңғыс хан сол Нирун тобының Қият тайпасының Боржығын руынан шыққан жаңа моңғол этносының өкілі.

3.Рашид-ад-дин еңбегінде Шыңғыс хан құрған, «Моңғол» деп атаған империяның бір тудың астына, бір биліктің басшылығына түркі текті, түркі тілді ондаған тайпалық одақтар мен ұлыстар кірді (РАА.Т.І.кн. І. 1,2,3-бөлім. – 92-152 беттер). Бұл мемлекет кезіндегі Сюнну, Таң, Кеңес Одағы сияқты көшпелілердің мультиұлттық империясы болды.

  1. Жошы және оның ұрпақтары билік жүргізген Жошы-Қыпшақ ұлысының халқы түріктер. Жошының өзінің баба тегі – түрік (Сақтардан бері қарай). Демек, Қазақ хандығын орнатушылар моңғолдар емес, Моңғол империясының қармағында өсіп жетілген түріктер.
  2. «Моңғолдың құпия шежіресі» деп аталған тарихи мұра ту баста моңғол тілінде жазылған.

Қазақстан ҒА-ның Президент М. Жұрынов мырзаға ұсыныс.

Шыңғыс ханның тегі, тарихтағы рөлі қақында соңғы 10-15 жыл бойы қазақ БАҚ-тарында дау-думай үзілмей келеді. Екі Мұхтар бастап соңы бізге жетіп, Сіздің де беделіңізге шіркеу түсірді.  Егер қарсы болмасыңыз Ш.Ш. Уәлиханов атындағы  Тарих, этнология институтының базасында, әлемнің түркітанушы, моңғолтанушы  тарихшыларының құрамында дөңгелек стол ұйымдастырып осы таласқа нүкте қоюыңызды сұраймын.  Германия, Франция, АҚШ, Ресей, Қытай, Жапон, Моңғол, Қазақстан тарихшыларын қатыстырып жасауға мүмкіндік туар еді. Бұл сондай бір қиын жұмыс емес. Тек ниет болса болды.

Шыңғысхан Қият тайпасының Боржігін (Бөрі+тегін) руынан. Қияттар Шыңғыс ханға дейін түрік қият, моңғол қият болып бөлініп кеткен. Шыңғыс Империясынан кейін Найман, Керей, Жалайыр, Қоңырат, Меркіт, Қаңлы, Үйсіндер тағы да екі этносқа бөлініп бүгінгі күні осы аталмыш тайпалар түркі, моңғол этностың ішінде өзінің ежелгі атауымен аталып , сол тілдерде сөйлеп, сол тілдерді ұлттың тілі етіп өмір сүріп жатыр.

Тағы айтамын біз қазақтар Шыңғыс ханды қазақ болдырамыз деп қызылжінік болмайық. Бұл баяғыда дәлелденіп болған ұғым. Керісінше Көк Түрік қағанатын ұлықтап, осыны алға тартып алып  жүрсек бізге ата-бабаларымызда, аруақ та разы болады. Қазіргі жағдайда түрік текті ұлттар мен ұлыстар өздерінің тарихи басшысын меншіктеп алып ұлықтау үстінде. Айталық, өзбектер Әмір Темірді, татарлыр Алтын Орданы, Түркиялық түріктер Селжүктерді, ноғайлар Едігені, ұйғырлар М.Қашқариді меншіктеп алып ұлттың рухын көтеріп жатыр. Біз Көк Түріктерді ұлықтауымыз, меншіктеуіміз керек. Көк Түріктердің билеуші тайпасы қыпшақтар болған ХІ-ХІІ ғасырда қазақтарды «қыпшақ» атаған. Көк түріктердің салт-дәстүрі, дүниетанымы бүгінгі қазақтардың ортасында жақсы сақталған. Әрі Көк Түрікке таласып тұрған басқа түркі халықтарын көрмедім. Сол арқылы ұлтымыздың рухын көтерелік. Ұлтымызды ұлықтаймыз деген желеумен біздер – тарихшылар, жазушылар, журналистер  сәбилік ауырудың сүзегіне түсіп кетпейік.

Қаржаубай   Сартқожаұлы, 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ. Түркітану, алтайтану Ғылыми Зерттеу Орталығының меңгерушісі,
Халықаралық Кемал Ататүрік атындағы түрік тарихы Құрымының (академия) толық мүшесі,
Тарих ғылымының кандидаты,
Тілбілімі ғылымының докторы, профессор.