16 сәу, 2016 сағат 20:42

Шыңғыс хан ордасы қай тілде сөйлеген?

Бұдан бұрын да Шыңғысхан тақырыбына арнап әртүрлі басылымдарда бірнеше мақала жариялағаным көпшілік оқырманға мәлім болса керек-ті. Сондағы көтерілген мәселенің бірі – Шыңғыс хан ордасы қай тілде сөйлеген, мемлекеттің ресми тілі қайсы тіл еді деген төңіректе болған-ды. Өйткені, халық тарихын зерттеуде этнолингвистиканың алатын орны ерекше. Адамзат тарихында айтулы терең із қалдырғанымен, замандас тарихшылары әртүрлі атап, әртүрлі сипаттағандықтан, олардың анық кім екені беймәлім болып қалған көне халықтардың нәсілін анықтаудағы жалғыз құрал, міне, осы тіл болып келеді.

Осы күндері өзіміздің арғы тегіміз деп жүрген сақ, ғұн, скиф дейтін халықтардың шын мәнінде кімдер екенін тек солардан қалған бірді-екілі мәдени жұрнақтар мен азын-аулақ тілдік элементтер арқылы ғана болжалдап жүрген жоқпыз ба?! Тіпті, сонау Америка құрлығының жергілікті көне халықтарының арғы нәсілін анықтауға септігін тигізген екі нәрсенің бірі – жаңа туған нәрестенің құйрығындағы «періштенің шапалағынан қалатын» көкшіл таңба болса, екіншісі – тіл екен: туыстыққа, дене мүшелеріне, жекелеген бұйым атауларына байланысты сақталған біршама сөздер мен әлгі таңба олардың арғы түбі түркі тектес халықтардан шыққан болса керек деген болжамға әкеліп отыр. Сондықтан да Шыңғыс хан ордасының тілі оның нәсілінанықтауға ғана емес, ол құрған ұлы мемлекеттің – ұлан-ғайыр империяның – қай халыққа тиесілі екенін анықтауға да тікелей қатысы бар негізгі көрсеткіш дер едік.

Өйткені, ол заман мемлекеттік ресми тілді қаулымен белгілеу тәртібі пайда бол­ған ХХ-ХХІ ғасырдан мүлдем бөлек еді. Мәсе­ле арнайы низаммен (жарлықпен) емес, табиғи жолмен реттелетін. Осы тұрғыдан қарасақ, бізге жеткен жазбаша деректер Шыңғыс хан империясының мемлекеттік ресми тілі түрік тілі болғанын көрсетеді. Ең алдымен оның бірден-бір нақты дәлелі – қаған мөрінің тілі. Хан мөрінің тілі – біріншіден, мемлекеттің негізгі (титулды) халқының тілін белгілесе, екіншіден, тақ иесі қай тілде сөйлегенін көрсетсе керек. Мөр Күйік ханның Рим Папасы епископ ІV Иннокентийге жазған хатының соңына басылған. Бүгінгі тір­ші­лі­гімізге интернеттің кіруіне байланыс­ты ол деректердің түпнұсқасын өз көзімізбен көріп, танысуымызға мүмкіндік әбден бар (интернеті жоқ кісі ол хат пен мөрдің мә­ті­нін орыс ғалымы А.Г. Оловинцовтың «Тюр­ки или монголы. Эпоха Чингисхана» деп аталатын кітәбінен көре алады, 154 бет). Хат түрік сөздері араластырылып парсы тілінде жазылғанымен, мөр тілі кө­не түрік тілінде ойылған. Бұл ғана емес, сол дәуірден біздің заманымызға жеткен басқа да ресми құжаттардың, мәселен хаттардың, әртүрлі дәрежедегі билік өкілі іспетті адамдарға – салық жинаушыларға, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы шеніндегі әскери тұлғаларға т.б. мандат есебінде берілетін пайзылардың, Эрмитаждағы Шыңғыс хандікі деп танылған тасқа ойылып жазылған мәтіннің тілі де көне түрік­ше. Сонда бүкіл Батыс пен Шығысты түгел тітірентіп тұрған құдіретті Шыңғыс қаған мен оның үрім-бұтағы моңғол болса, тү­рік тіліне жармасып несі бар дейтін сауал өз-өзінен туатыны анық. Ал оның жауабы – біреу ғана: Шыңғыс ханның өзі де, балалары да, негізгі халқы да түрік тілінде сөйлеген.

Осы орайда француз тарихшысы Рене Гроузеттің «Дала ұлыстары» атты ірі еңбегінде: «Ойраттар Шыңғыс хан тари­хы­ның тек шет жұлығында ғана кездеседі» деген сөзі еріксіз еске түседі (Т.Әбенайұлы «Шыныңа көш, тарих! Шыңғыс хан кім?»). Орыс зерттеушісінің мына бір сөзіне де көңіл аударайық: «А вот монголом он, бе­зус­ловно, не был. Речь, конечно, идет о тюрке… Чтобы совершить более-менее масштабные завоевания, нужна не прос­то «большая орда», а хорошо организованная армия с соответствующим вооружением. Поскольку у монголов не было ровным счетом никаких традиций государственности, они оказались бы решительно неспособны в кратчайшие сроки эту армию создать» (А.Бушков. Неизвестная Азия. «Шыңғысхан. №1 2011). Осы секіл­ді пікірлерді көптеп келтіруге болады. Олай жазатын ғалымдар жалғыз Шыңғыс хан жаугершілігін ғана ойламайды, сонау ғұн заманындағы оқиғаларды айтпағанда, кейінгі көк түріктерден бері тартып, селжүктер құрған әлемдік империяға дейінгі түріктер тарихын түгел ескереді, әрине. Демек, Шыңғыс хан империясын моңғол империясы деудің еш қисыны жоқ. Мемлекет – түріктікі, Шың­ғыс ханның нәсілі – түрік. Егер оның нәсілі қазіргі ұғымдағы моңғол болса, онда ол (тым құрмаса) жалайыр арасында өскен моңғол болып шығар еді. Немесе жалайыр Жамұқа (Жамуха) моңғол арасында өскен адам болмақшы. Әйтпесе, бастау бұлақтарда көрсетілгеніндей, Жамұқа мен Темірші (Темужін) қалайша «мұз үстін­де асық ойнап» бірге өседі?! Ол заманда бір өзеннің бойында моңғол мен түрік аралас-қоралас отырыпты дегенді елес-тету қиын-ақ. Бұның мүлдем қисынсыз-дығын «Құпия шежіре» мен «Жамиғ ат-тауарихта» аталған жер-су аттарының қа­зіргі Жетісу өлкесінде, Іле бойында екенін Т.Әбенайұлының зерттеулері бір дә­лелдесе, Б.Нұржекеұлы сол атаулар өзі туып-өскен өлкедегі топонимдер екенін картасын сызып тұрып тағы бір дәлелдеді. Демек, ол дәуірде моңғолдардың бұл маң­да исі де жоқ еді. Бұны теріске шығару үш­ін, жоғарыда аталған екі еңбектің дере­гін жоққа шығару керек. Бірақ ол мүмкін емес.

Бұлай деп неліктен нық сеніммен айт­қа­­нымызды нақтылай түсу үшін бастау бұлақтарда аталып, Тілеуберді мен Бексұлтанның зерттеулерінде көрсетілген Іле (Өнен,Онон) атырабындағы топоним­дерді осы арада тағы ұсына кетейік: Бұрқан, Түрген, Құлжа, Нарат, Шаты, Шап­қы, Текес (Текелік), Шарын (Шарғын), Қар­қара, Қапшағай, Отқия (Қызылқия), Көде-Арал (Көту-Арал яғни Аралтөбе), Қор­­ғанақ-Шұбар (Шұбар), Керулен (Ке­ріөлен – Терісаққан), Қара-Зұрық (Қара-жырық), Күйтің, Талқы, Жете, Ілеті, Ма­ғұ­л­­с­тан, т.б. Біреу емес, үшеу емес, тіпті бесеу емес, жиырмадан астам атаудың бүгінгі Іле атырабында сол күйі сақталуы – жоққа шығарылуы мүмкін емес дәлел болуымен қатар, ол замандағы халықтың үрім-бұтағы қазір де осы өңірде өмір сүріп жатқанын көрсетсе керек. Тілі де – сол баяғы тіл, халқы да – сол баяғы рулар. Бастау бұлақтарда сақталған деректерді этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыр­сақ, бұған көзіміз жете түседі. Ұлы қаған­ның бүкіл балалық шағы, «ат жалын тартып мініп», ержеткен бозбала кезеңі, заң­ғар билікке қол созардағы бүкіл тар­тыс-күресі өткен сол аймақтың «Құпия шежіре» мен «Жамиғ ат-тауарихта» жазылып қалған осынау атауларын қиырдағы Моңғолиядан іздеу үшін бүгінгі таңдағы кісінің (біздің замандасымыздың) не пиғылы бөтен болуы керек, не география дейтін ғылымнан (нақтылай айтсақ, Қазақстан мен Моңғолия географиясынан) мүлдем хабары жоқ, сыңар езу біреу болуы керек.

Осы орайда Шыңғыс хан тарихын көп зерттеген белгілі қазақ авторы жорық бағыты Батысқа бұрылған­да, күш-қуаты әбден толысып, айдыны ас­қан қаған жолындағы ұлыстарды қоға­дай жапырып, соғысқанын жеңіп, көбіне қарсылықсыз бағындырып, солардың есебінен өз әскерін толықтырып, молайту арқылы барған сайын күшейе түскенін жазып отырып, тек Жетісу өлкесінен қосып алған ондай қосындар туралы еш­қандай дерек-мәлімет жоғын арнайы атап өтеді. Сонан соң «бұл бодан өлкенің Шың­ғыс жорығына әскер қосып, ілеспей қалуы мүмкін емес қой» деп таңырқайды. Олай ойлайтын да, таңырқайтын да себебі – бұл автордың Шыңғыс ханды тарих сахнасына кіргізген өлкені сонау Моң­ғолия­дағы Хэнтэй тауы мен Онон өзенінің өңірінен іздейтін баяғы еуропалық авторлар сіңір­ген стереотип ықпалынан шыға алмаған­дын­да. Бүкіл саяси тіршілігін Жетісу өлке­сінде бастап, алғашқы нөкер­лері мен әуелгі жасағын, кейінгі тегеурінді қосынын осы атырапта жинап, бірте-бірте оны осы аты­рапта алапат күшке айналдырып ал­ған болса, замандас тарихшылары оны қалай сырттан басып кіріп, бар қосынын қосып алып еді деп жазсын?! Ордасын осы атырапқа тігіп, шығысқа да, Батысқа да осы атыраптан аттанып жүрген жоқ па?! «Шыңғыс қағанның қузауырын» («Құпия шежірені») жазған Сызған Құтқа дейтін хатшысы қағанның өз қасында жүріп, бәрін өз көзімен көрген болса, Рашид ад-Дин бүкіл Моғолстанның шежі­реші қарттарын жинап алып, әңгімесін өз құлағымен тыңдап отырып, хатқа түсірткен болса, олардың сөзіне шүбә келтірер не жөніміз бар?

Билеушінің қай ұлттан шыққанын, қай халықтың мүддесіне қызмет еткенін оның туып-өскен жері ғана емес, қолданған тілі де дәлелдесе керек. Шыңғысхан әулетінің тілі туралы «Қазаққа керегі тарих па, тарихшы деген атағы ма?» («Қазақ әдебиеті») атты мақаламызда қысқаша тоқталып, Ватиканның құпия мұрағатында сақталған Күйік хан мөрінің мәтіні орданың түрік тілінде сөйлегенін айдай әлемге әйгілеп бергенін айтып едік. Француз Э.Пеллио мен поляк К.Каралевскийден бастап, бүкіл әлем ғалымдары мойындаған сол шындықты қазақ тарихшылары әлі қа­был­дай алмай келеді. Бұлтартпас шындық қа­былданбаған мұндай ортада тарихи ақиқат салтанат құра алмақ емес. Осындай ғылымға да, кісілікке де қайшы «тоңмойындық» кесірінен басқа да көрнеу тұрған тарихи деректер елеусіз қалып келеді. Мысалы, Шыңғыс ханның өзінің және мұрагерлерінің ордасында өкімет ісін жүргізген бітікшілер, мемлекеттік хатшылар: Тататұңға, Чынхай (Шынғай), Бұлғай, Көргіз (Көргүз) қатарлы ірі мемлекет қайраткерлері түгелдей түрік текті және түрік тілді болған. Бұлардың арасын­дағы Көргүздің өмірбаяны тіптен әсерлі. Ол ата-анадан тұл жетім бала екеніне қара­мастан, түрікше жазуға жүйріктігінің арқасында үлкен мансапқа қол жеткізген (А.А.Жувейнидің «Тарих и-жаһангушайы» бойынша). Әбенайұлы да осыны өзінің «Шыңғысхан әулетінің елі мен жері және тілі мен діні» деген қолжазба еңбегінде (Ұлттық Ғылым академиясында жасалған баяндама) «Тарих и-жаһангушайға» сіл­те­ме жасай отырып, арнайы атап өткен. Автор сонымен бірге Шыңғыс ханның «Жосық» (йосұқ, йаса) аталатын низамдық жинағында «айғақ» (айқақ), жарлық (йар­лұқ), йарғұчы (жарғышы) қатарлы түркілік терминдердің барлығын тарихи құжаттар негізінде атап көрсете отырып, осы айтулы еңбек түрік тілінде жасалғанын айтады. Ал бұл сөздер бүгінгі тілдік нормамызға сай шамалы фонетикалык өзгеріспен әлі күнге дейін сақталып келеді. Осының өзі-ақ бұл заңдар жинағы түрік тілінде жа­сал­ға­нын көрсетсе керек. Өйткені, бұл сөздер этимологиялық болмысымен де, грам­мати­калық құрылысымен де тек түрік тілі­не ғана тән сипатын байқатады.

Түрік тілін білуінің арқасында үлкен биікке көтерілген тұлғалардың бірі – Ар­ғын (Арғұн) аға немесе әмір Арғын (Р. ад-Дин «Жамиғ ат-тауарих» бойынша). Түбі ши­кі болғанымен, оны таза түрік деуге де сыя­ды. Өйткені, оның атасын жалайырдың бір мықтысы мүсәпір ойраттан болмашыға сатып алып, тәрбиелеп, адам санатына қосқан. Сөйтіп, Арғын-аға әрі жалайырдың сырттан келген «тонды баласы», әрі ішінен шыққан жиен баласы болатын-ды. Демек, бұл арада «тіл мен жақты айырудың» жөні жоқ. Біздің айтпағымыз – Арғынның да ірі мансапқа жетуіне басты себеп – түрік тілді болғандығы. Әңгіме бұнымен бітпейді. Шыңғыс ханның, балалары мен немере­ле­рі­нің тұсындағы ірі мемлекет қайрат-кер­лері де түгелдей дерлік түрік текті, яғни түрік тілді болатын. Айталық, Мұқалы мен Жамұқа – жалайыр, Шынғай мен Бұлғай – керей, Тататұңға мен Кетбұқа – найман, Найаға – сіргелі, Сызған-Құтқа – татар (алшын), Борашы – арғын, Өртөбе – дулат, Көргіз – ұйғыр. Батырлары: Саба, Жебе, Сүбітай, Желме, Бала, т.б. – жалайырлар, Бөріқұл – үйсін, Шормақан – тама, Кетбұға – найман, Күй-Темір, Қадақ-баһадүр – керей, т.т. Билік тізгінінің үлкен бір парасын қоңыраттар иеленгені – өйткені олар Шыңғыс ханға әрі нағашы жұрт, әрі қайын жұрт болғаны – оқырманға жақсы мәлім. Бұл тарихи деректерді тәптіштей теріп ұсынғандағы мақсатымыз – осылардың барлығы Шыңғысхан әулеті қай тілде сөйлегенінің бұлтартпас айғақ­тары болатынын тағы бір даралай көр­сету. Өйткені, аталған рулардың барлығы түр­кілігін былай қойып, негізінен, қазақ рулары.

Жоғарыдағы айтылған қолжазба ең­бе­гінде Т.Әбенайұлы Шыңғысхан әулеті ордасының қазақ даласында, Жетісу жерінде болғанын дәлелдей келіп, оған қоса орда тілінің түрікше болғанына қыруар дәйектер келтіреді. Айталық, Шың­ғыс­хан әулетіндегілер «үлкен үй», «қара шаңырақ» дегенді «ұлық еп» деп атаған. Мұндағы «ұлық» ұлы, үлкен деген мағына берсе, «еп» (еб) ежелгі тілімізде баспана, үй, шаңырақ деген сөз. Егер орда моңғол тілді болса, аса зор этнографиялық мәні бар бұл атау неге «их гэр» деп аталмаған? (Қазақша-моңғолша сөздік бойынша: үлкен – их, үй – гэр.) Бұл ғана емес, Шың­ғыс хан ордасы қолданған және біздің заманымызға жеткен лауазым, шен-атақ, туыстық атаулардың бәрі де түрікше, тіпті таза қазақша дерлік. Оған мысал: қаған, хан, ел-хан, бек, би, бітікші (бітікчі), атабек, кешіктен, есіктен, қоршы (қорчы), ақ­ташы, басқақ, жасақ, кептеуіл, тұрғақ, қатұн, бике, ата, аға (ақа), іні (аға уә іні); сөздердің ендігі бір парасы: жосық (йосұқ, йаса), бұйрық, жарғы (иарғы), жар­ғышы (иарғычұ), билік (билик), шерби (чер­би), түмен (түмөн), мың (мің, бің), жүз (йүз), кежіге, маңдай, т.б. болып кете береді. Бұл сөздер ордада әскери, саяси термин есебінде де, күнделікті қарапайым лексикон есебінде де кең қолданыста болған (Р. Ад-дин мен А.Жувейни еңбектері бойынша). Енді осылардың көпшілігі бүгінгі қа­зақ­ тілінде сол мағынасында қолданыста жүр, ал кейбір «ескіріп» қалғандарының мағынасын түсіну онша қиынға соқпайды. Мәселен, «қор» түбірінен шыққан қору және қорғау, «шер» түбірінен шыққан ше­рік және шеру қатарлы сөздер тілімізде әлі­ге дейін өнімді қолданыста.

«Шыңғыс-Қағанның қузауыры» («Моң­ғол­­дың құпия шежіресі») атты кітәпте түркілік, әсіресе, қазақи сөздер тұнып тұр. Мысалы: олар тұрақты нысанды түрегеп тұрып күзететін қарауылды «тұрғақ» (тұрқақ) деп; белгілі аумақты жаяу кезіп жүріп бақылайтын күзетшіні «кезік» деп; ордаға кірушілерді қадағалайтын, бір-біріне қарама-қарсы тұрып, ортасынан өткізетін (өткелді кешіп өткендей) қорғау­шы топты «кешіктен» (кечіктен) деп; тек есікке жауапты қадағалаушыны «есіктен» деп; орданы кептей қоршап тұратын түнгі күзетші жасақты «кептеуіл» (кептеуүл) деп; орда төңірегін атпен торуылдап жүретін жасақты «торғауыт» деп; жалпы қорғау қызметіне жауапты әмбебап қосынды «қоршы» (қорчы) деп атаған. Осы әскери терминдер бүгінгі қазаққа да түсінікті. Ендеше, бұдан Шыңғыс хан ордасы таза түрік тілінде сөйлеген дегеннен өзге қорытынды шығару мүмкін емес. Тағы да нақтылай түссек, Шыңғыс хан ордасы көне түрік тілдері ішінде қазақ тіліне төркін болған диалектіде, яғни байырғы қазақ тілінде сөйлеген. Бірақ біздің көптеген тарихшыларымыз осы таза түрки атауларды не орыстың, не моңғол­дың орфографиясына теліп жазады және солардың орфоэпиясына сай оқиды. Атау­лар ғана емес, этнонимдер мен топонимдерге де солай жасайды. Мысалы, «қорчы» дегенді «корчи», яки «курчи» деп жазып, солай оқыса, одан біздің тарихнамамызға келер қайран қайсы? Осындайлардың бәрі Шыңғысхан тарихына, сол арқылы қазақ тарихына кері әсер етіп, қате түсінік тудыратын жәйттер.

Жоғарыда атап өтілген бастау бұлақ­тар­­да бұдан өзге де біздің тарихымызбен қатар, тіліміздің дамуы үшін де оң әсер ете­тін деректер өте көп. Олардың бәрін түгендесе, біздікі секілді орташа бір ма­қалаға емес, қомақты бір кітәпке жүк болар еді. Айталық, «Шыңғыс-Қағанның қузауырында» «күтет» (күтөт) деген бір термин бар, ол біздің қазіргі қолданыс бойын­ша «резерв» деген сөзге дөп келеді («Құпия шежіренің құпиясы», 334-бетке қараңыз). Атаудың түбірі «күт» – күту, тосу деген мағына беретін түркі сөз. Бұл термин бір жағынан, Шыңғыс хан ордасы­ның түрікше сөйлегенін көрсетсе, екінші жағы­нан, сол замандағы түрік тілінің өте бай болғанының да айқын дәлелі. Егер осын­дай сөздерге жан бітіріп, қайта айналысқа түсірсек, әрі терминдер қа­та­рын байытар едік, әрі тіл тазалығын сақ­тауға да пайдалы болар еді.

Тарихи шындықты айғақтайтын линг­вис­тикалық дәйектердің тағы бір парасы ономастикалық атаулар мен ныспы-есім­дер болып табылады. Осы тұрғыдан келер болсақ та, ордаға тіке қатысты ономасти­ка­лық атаулар түгелімен түркі тілде болып келеді. Атап көрсетелік: Қара-Қорым (Қара-Қорұм), «қара» – үлкен, ұлы; «қорым» – жұрт, елді мекен; Пеш-Балық (Бес-Балық), «пеш» – басты, маңдайалды; «балық» – қала, астана; Алтын-Орда (Ал­тұн-Ордұ), Ақ-Орда, Көк-Орда. Соңғыларға түсінік берудің еш қажеті жоқ. Енді Шыңғыс ханмен әр түрлі қарым-қатынаста болған замандас тұлғалар мен өз отбасы мүшеле­рінің есімдерін келтіріп көрейікші: найман хандары Таян, Күшүлүк (Күшті), Бұйрық; керей хандары Елшітей, Тоғұрұл; меркіт ханы Тоқтабек, татар ханы Ақшы­рын (Ақширин); Шыңғыстың өз бәйбішесі Бөрте, екінші әйелі Күлән (орысшаға аударылғанда Кулан деп жазылғасын, біздің қазақ қаламгерлері оны Құлан деп алып жүр, дұрысы Күлән болуға тиіс); үшінші әйелі Гүлбасу (Гүлбасы, Таян ханның жесірі), төртінші әйелі Өсей (Есей, әуелде Ақшырын ханның жұбайы); ше­шесі­нің есімі – Керім-Әйеке, қызының есімі – Алтын-бике, Жошының бәйбішесі Бектумыш-ханым, Төленің бәйбішесі Сұр­ғақтан-бике, т.т. Ал енді мынаған қара­ңыз: тұлпарының аты – Құла-жебелек, Аман-шыған-құла, итінің аты – Сақ-барақ, т.т. Осы арада еске сала кетейік: М.Поло, У.Рубрук, П.Карпини, Рашид ад-Дин еңбектеріндегі орда халқының тұр­мыс-тіршілігіне қатысты жәйттер туралы сөз болғанда, қымыз, құрт (гурт), от (ут), ұрық (уруг) секілді өз тілдерінде баламасы жоқ сөздерді сол күйі жазғандарын бұдан бұрынғы бір мақаламызда ашып көрсет­кен едік. Сол секілді, бір деректі Жувәйни­ден көрдік. Оның жазуынша, Көргүз бастаған Иран елінен келген елшілер хан­ның қабылдауында болып, өздері әкелген сый-таралғысын ұсынғанда, ол мүліктерге көңілі толған ұлы хан қасындағы өзге ұлық­тарына: «Сендер неге осы секілді таңсық бұйымдар әкелмейсіңдер» деген екен. Парсы тілінде жазылған еңбекте хан аузынан шыққан ол сөзге дәл балама таба алмаған ба, естіген күйінде түрікше берген. Бұл айырықша мән беретін тамаша дерек. «Таңсық» деген сөз моңғол түгіл, түрік халықтарының бәрінде бірдей кездесе бермесе керек. Кездессе, қазаққа бір табан жақын қырғыз, қарақалпақ, ноғай тілдерінде кездесер. Бүгінгі таңның өзінде кез келген қазақ қолдана бер­мей­тін сөз. Соны Мөңке қағанның аузынан «естіп» отырумыз көп нәрсені аңғартатыны анық. Шыңғысхан әулетінің түрік тілінде, осы күнгі қазақ тіліне негіз болған диалек­тіде сөйлегенінің өте маңызды бір айғағы – осы.

Шыңғыс ханның өз руына және көрші­лес, туыстас руларына тиесілі жер-су аттары түгелдей түрікше болып келеді, әрі бәрі дерлік қазақ даласында, одан қала берсе, Орталық Азия жерінде болып табылады. Шыңғыс ханның атамекені болған Бұрқан мен Түрген Жәркент жерінде болса, арғы аталары Қайду ханнан бұрынғы тарихи қоныстары Сайрам (Шымкент жақ­та), Талас (Тараз) және Ұлытау, сондай-ақ, Борсық (Арал маңы) өңірлері екен. Олар Өнен бойына, Ілеті немесе Жете жеріне Қайду аталарының бала күнінде келген. Сонымен Қайдудың кейінгі ұрпағы Шыңғыс ханның маңдайына осындағы Нарат, Шаты, Құлжа (бұлар ҚХР жерінде), Бұрқан, Түрген, Қарқара, Шарын (Шарғын-Чәк), Қапшағай (Зерен-Қапшағай), Алатау (Ала-Тағ) өңірінде тартысты да тағдырлы ғұмыр кешу бақыты бұйырады. Ол ғана емес, ұлы қағанның ұлдарына бөліп берген еншілі жерлері де осы өлкеде болатын. Айталық, Алмалық Іле дәриясының басында болса, Еміл (Өміл) Алакөлге жақын жердегі Еміл өзені бойында екен. Содан арғы Сауырдың күн жақ етегі болып келетін Қобық (ҚХР) та, одан батысқа қарайғы Маңырақ та Шыңғыс хан балаларының (Үкітей мен Шағатайдың) еншілері болатын. Мұны жоғарыда аталған екі мұсылман автор Р. ад-Дин мен А. Жувейни де, екі христиан автор Карпини мен Рубрук те растайды. Сосын Шыңғыс ханның билік ықпалы Шыңғыстау мен Хантауына, одан Шығысқа қарай Қалжыр мен Қалғұты, Қараталдың жазығы мен Сауырдың теріскей етегіне жетеді. Одан ары Ертіс өзенін өрлей Үлің­гір көліне дейін барып, Бұйрық ханды сол арада жояды. Сол жорықтан қайта орал­ған­да, Марқакөлдің аузындағы Теректі өңірінде Оң хан, Таян хан үшеуі арбасып қалады. Өзіңіз байқап отырғандай, осында аталған жер мен судың аттары түгелдей түрікше, әрі солардың бәрі де бүгінге дейін сол күйінде сақталып келеді. Бір қызығы, сол жерлерде әлі де сол кездегі рулар тұ­рып жатыр.

Енді Шыңғыс ханның ықпалы батысқа қарайғы Қара-Қытай мен Хорезм қарама­ғын­дағы өлкелерге ойысады. Соған байланысты замандас тарихшылар Ұлытау (Ұлық-Тақ), Тараз, Отырар, Сыр, Ырғыз (Ыр­­ғын) туралы жаза бастаған-ды. Мұнда­ғы топонимдер де түрік тілінің эволюциясына байланысты азды-көпті фонетикалық өзгеріспен әлі сақталып келеді, әрі түгелі­мен төл түркі атаулар. Жалпы Шыңғыс хан заманындағы жер-су аттарының көпшілігі түрік тілінде болған, ал басқа тілдегілерінің өзі бізге түрікше қолданыспен (акцентпен) жетті. Айталық, сөз ішіндегі дыбыстар бір­де «ж», бірде «й» болып немесе кейде «ұ», кейде «ы» болып, тағы бірде «ч» мен «ш» ды­быстарының орындары алмасып келіп отырады. Бұдан Шыңғыс хан әулеті зама­нын­дағы түрік тілінің әлемдік деңгейдегі ық­палы анық көрініп тұрады. Міне, бұл да орданың қай тілде сөйлегеніне нақты дәлел бола алады. Яғни Шыңғыс ханның өзі де, ол өкілдік еткен титулдық ұлт та түрік текті болғандықтан ғана осындай түрік тілді билік қалыптасқан. Алайда, Шың­ғыс хан тарихына қатысты тарихнамаларды аударған немесе оны зерттеген мамандар түпнұсқадағы атауларды үнемі моңғолшаға күшпен бұрмалап отырады. Әрине, түркі тілді зерделі оқырман үшін мұның пайдалы жағы да бар. Өйткені осы бұрмалауларға қарап отырып-ақ түп мәтін­дегі атаудың таза түрікше болғанына, әсте моңғолша болмағанына көзі жете түседі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шыңғыс хан тарихына қатысты жер-су аттарының көбісі түрікше болғанына орай, ол атырап­тар­дағы рулар да түгелдей дерлік түріктер. Бұл сөзімізге көп қиналмай-ақ қыруар дәйек келтіруге болады. Ендеше, тағы да топонимдерге тоқталып, жоғарыдағы ті­зім­­ді ары жалғастырсақ: Сыр, Әму (Өксүс), Мау­ранахр, Еділ (Етіл), Жайық (Йайық), Кас­пий (Әбескүн), Қарақұм, Құмания, Моғолстан (Жетісу), Сарай, Сарайшық, Йәнкент, Бұхара, Самарқант, Бестам, Балық, Үргеніш, Баршынкент (Барчынкент), т.т. осылай ұласа береді. Ал енді руларын атап көрейік: керей (керейт), найман, жалайыр, дулат (дұғлат), қоңырат (қоңғырат), қыпшақ, қаңлы, тана, таз, дөйт (дөйтіғұт), алшын, байұлы (байоқұ, байұр­қы, баяут), адай (дай), тама, кете, бес шекті (бес ермен), сіргелі (сіргеті), шанышқылы (чанчығұт), қылыш (қылыч, қалач), салжұқ (селжүк), құман, башқұрт (башқырт), түркімен, бұлғар, ұйғыр, қырғыз, т.б. болып жалғасады. Мұндай ірі арыстарды былай қойғанда, жаныс, тарақты, аққойлы, қарақойлы, орақты (орақчыл), андас (анда), торы (торук), маңғытай (маңғыт), қи­ят, төре, қарақас, қоралас, құлшығаш (құлшынты), күрлеуіт (қыпшақтың кіші руы), тағы сол сияқты ру-тайпалар. Осынау рулардың аты ғана түрікше емес, заты да таза түркі. Олар түрік халықтарының арасында, әсіресе, қазақ ұлтының ішінде бү­гін­ге дейін бәз-баяғысындай сақталған.

Атай кетпесек обал болатын тағы бір шындық бар. Ол – Шыңғыс хан ордасында түрік халықтарына сіңісті болып кеткен мұсылмандық атаулар мен тұрмыстық сөздер де кең көлемде қолданылғаны (Г.Рубрук, П,Карпини, М.Поло және Р.ад-Дин, А. Жувейни еңбектері бойынша). Солардың біразын атап өтер болсақ: Құ­ран, Алла, Раббы, Мұхаммед, Хадис, иман, ораза, намаз, зекет, хажы, мешіт, қыбыла (хибұла), халал, ғадауат, ханафи, шафиғи, хожа, сейіт, қалифа, бидағат, кәпір (кафир), исмайылит, т.б. секілді көптеген ислами сөздер орданың күнделікті тіршілі­гінде қолданыста болған. Ал адам ат­та­рын­да да, мәселен, Мұхаммет (Жошы­ның ұлы), Қожа және Ілияс (Шағатай ұр­пақ­тары), Фатима (Үкітей қағанның ханымы) қатарлы хақ мұсылманша есімдер жиі ұшырасады.

Біраз деректің ізіне үңілген сияқты­мыз. Біздің қаламымыздың ұшына ілік­пеген деректер әлі де баршылық, бәрін тізе беруді мұрат тұтпадық. Оларды Т.Әбенай­ұлы­ның зерттеу еңбектерінен де молынан табуға болады. Қытайшадан ау­дарылған еңбектердегі түркілік нұсқасын сақтап қалған ондай сөздерді Тілеуберді көп рет­те қара әріппен теріп ұсынып, оқырман наза­рын әдейі бұрып отырады. Болашақ зерттеушілер осыған мән берер болса, бұл тақырыпқа әлі де талай мақала жазыларына сенем.

Байқаған боларсыздар, мен Шыңғыс хан тақырыбына жазған мақалаларымның бәрінде міндетті түрде Тілеуберді Әбенай­ұлы­ның зерттеулеріне арқа сүйеп, қолдай сөйлеймін. Олай ететін себебім – бірін­ші­ден, Тілеубердіде ешқандай бұра тарту, қисындату жоқ, тек нақты деректерді сөйлету бар. «Бұра тарса», ол – таза қазақ ұлтының мүддесіне қызмет жасағаны ға­на. Екіншіден, ол қырылмаған, жоныл­ма­ған, жабайы өскен ағаштай экологиялық таза жеміс беретін табиғи талант: білімді, оқыған-түйгені көп; жазса, кемерінен асып-төгіліп жазады; сөйлетсең, лекілде­ген ой тізгінін ірікпей, көсіле сөйлейді. Бұл дәріс оқып жаттықпаған адамның мінезі. Оны асықпай, әңгімелесіп отырып тыңдау керек. Сонда құлақ құрышың қанады. Бұл сөзім – оған жасалған жарнама емес, «болайын деген жігіттің белін бу да, жолын аш» дейтін қазекемнің ұстанымына сай жасалған ілтипәт. Дарынды оралман інім­ді қолдаудың бір жөні ғана. «Ілгері басқан ініні кері кеткен аға тосар» дегізуден сақтасын! Қазақ хандарының түп атасы болған, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған Шыңғыс хандай алып тұлға­ның рухын ұлтымызға қайта табыстырған азаматқа, халқымыздың өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруға өлшеусіз қызмет еткен бауырымызға қолдан келер осынау көмегімізді көп көрмегендеріңіз жөн. Қайта Тілеубердіге нақты қаржылық көмектерін көрсетіп, кітәптерін шығарып беріп жүрген, ұлт тарихының шынайы жана­шырына айналған меценат азамат­тарға да алғыс жаудырайық. Олардың да атын атап, мерейлерін тасытайық! Азаматтарды қолдауда сөз көмектің де орны айырықша екені есте болғай!

Марал Ысқақбай,

«Қазақ әдебиеті»