Фото: ашық дереккөз
Орыс кино режиссеры, сценарист және тарих ғалымы Александр Сокуров өзінің бір сұхбатында былай дейді: «Кезіндегі орыс империясы әскер қолбасшыларының императорға берген есебінің құжаттарын қарап отырып, қатты шошыдым. Неге десеңіз, ол берілген ақпараттарда, олар жетекшілік еткен әскерлердің, Сібір мен қазіргі Қазақстан аумағында, сонымен қатар, Кавказ өңірінде тұрғылықты халықты қалай бағындырғандығы және сол тұрғындардың қаншасы қалғандығы анық көрсетілген. Кейбір мағлұматтарда жергілікті тұрғындардың екі жүз мың, үш жүз мың, тіпті, кейде төрт жүз мыңға дейін қырылғандығы анық көрсетілген. Адам шошырлық мәліметтер. Бұл құжаттар өте құпия түрде, әскери мұрағаттарда сақталған. Бұларды пайдалануға оңайлықпен қол жеткізе алмайсың», - дейді.
Енді, қараңыз, біздің елдің шекарасымен шектесетін Ресей Федерациясы облыстарының көпшілігі, ежелгі қазақтар қойған атаулар. Мысалы: Саратов (Сары тау), Тюмень (Төмен - төменгі дала ) , Курган (Қорған) , Омск (Омбы) , Челябинск (Сіләм би) , Иркутск (Үркіт), тағы басқалар. Үңіле қарасаңыз, бұл өлкелердің атаулары қазақша. Сондай-ақ, сол аумақтағы жер, су, тау, сай атаулары бәрі қазақша. Бірақ, қазақтар жоқтың қасы. Тіпті, болғанның өзінде, саны өте кем. Сонда, осыдан бірнеше ғасыр бұрын, Еуразия құрлығын (екі құрлықты) билеп-төстеп тұрған саны көп осы аумақтардағы жергілікті, көшпелі қазақ халқы қайда кеткен? Әрине, оңбай қырғын тапқан, бірақ, ол айтылмайды.
Кезінде, осыдан талай жыл бұрын өзім жұмыс жасайтын әкімдіктің тапсырмасымен, іс сапармен сонау Челябинск облысының, Троицк қаласында болып едім. Сол жақта, үйінде болғанымда, кездескен орыс шалы Иван Иларионович әкесінің айтқан сырын маған әңгімелеп берген еді. Оны өз уақытында «Сібір өлкесі кімдікі еді» деген тақырыппен жариялаған болатынмын. Сонда, орыс шалының айтуы бойынша, жүздеген қазақ ауылдарының қалай талқандалғаны және тұрғындарымен қосып, қалай өртеп жіберілгендігі айтылған болатын. Сондықтан, жоғарыда орыс тарихшы ғалымының айтқан сөздері және өзінің құпия мұрағаттан көрген, келтірген сұмдық мәліметтері шындыққа жақын келеді десек артық айтпағандық.
Тартария – олар кімдер?
Егер біз, дәлірек айтар болсақ, татарлар деп өз уақытында еуропалықтар және орыстар (немесе славяндар) Ұлы даланы мекендеген көшпелі қыпшақ тайпаларын, яғни қазіргі қазақтарды айтқан. Яғни айтқанда, славяндарды қаншама ғасырлар бойы тығырыққа тіреп, қалалары мен елдімекендерін тонап кетіп отырған, адамдарын құлдыққа түсірген көшпелі ру-тайпалардың атауы болған.
Славяндар біздің көшпелі ата-бабаларымызды кезінде «татарлар» деп үкілеген. Нақтырағы, талқандаушы, күйзеліс әкелуші дүлей күш деген сөз.
Өз заманында іргесіндегі «Татар» деп жалпы түрде аталатын көшпелі қыпшақ тайпаларынан қаншама ғасыр тепкі көріп келген орта ғасырдағы орыс елінің княздықтары уақыт өте келе біртіндеп жинақталып, тұтаса бастады. Бұлай етпейінше қыпшақтарға бодан жұрт болып қала беретінін анық сезді. Алтын Орда империясына үш жарым ғасырдай бағынышты болып келген славяндар орданың ішкі тартысын әрдайым пайдаланып, ақырындап тұрғындарының санын өсіріп, күшін жинап, аумағын кенейтіп, бодандықтан ептеп болса да арыла бастады. Орыстардың серпіліп, толық азаттық алып кетуі, әсіресе Самарқанд билеушісі Әмір Темірдің тұсынан басталады. Темірдің Алтын Ордаға үш рет соққы беріп, жеңіске жетуінен кейін ордалықтар бұрынғы күш- қуатынан айырылып, тығырыққа тірелген еді. Сондай-ақ, ішкі таққа таласта бұларды мүлде әлсіретіп жіберген болатын. Ақыры орыстар бостандыққа шығып, дербес ел болды. Енді біртіндеп өздері күшейіп, қыпшақ- қазақтарға қарасты жаңа өлкелерді жаулап ала бастады.
Дүние қашан да дөнгелек деген осы ғой. Кезінде өздері «татарлар» деп атайтын (орыстардың түсінігінде қара күш) қыпшақтарды ығыстыру және бұларға қарсы жорықтар ұйымдастыру жиіледі. Келе-келе, кезіндегі ұлан байтақ Алтын Орда аумағынан асып, тіпті, тұтас қыпшақ тайпаларының басты тірегі болып саналатын Орал таулары мен Сібір аймақтарын, Алтай таулы өлкелерін тартып ала бастады.
Бұл әрине, бөлек әңгіме.
Бұл күнгі татарлар – олар талай ғасырлар бойы Кама Болгарлары (немесе Булгария) деп көнеден аталып келген. Бұлар Кама өзенінің даласында тіршілік еткен, қала соғып, бала оқытып, қолөнерін дамытып және егін шаруашылығымен айналысқан, ертеден өзіндік болмысы қалыптасқан қалалық ел-жұрт.
Сондықтан, қазіргі татарлар – ежелгі Поволжьелік булгарлар.
Бұл сөздің шығу тарихы – Алтын Орда империясының тұсында пайда болған. Қыпшақ-қазақтардың ұлы сардары Батылдың (орыстар бұл есімді – Батый, кәрі құрлық елі – Бату деп жазған) көне Русь пен Еуропаға жасаған ұлы жорығынан бастау алған.
Осы сөзімізді татар елінің абройлы да көрнекті азаматы Талгат Таджуддинов та мақұлдайды (муфтий и шейх- уль – ислам, глава Центрального духовного управления мусульман России и европейских стран СНГ). Нақтырақ болу үшін бұл кісінің орыс тілінде айтқанын мысал ретінде келтіре кетейік. «И так уж нас татарами обзывают, хотя на самом деле мы булгары... А болгары – (Республика Болгария) это ближайшие родственники булгар. Просто одни остались на Каме, а другие ушли дальше, на Дунай, и смешались с остальными».
Сондықтан, ежелгі замандағы (Еуропа карталарындағы Тартария империясы) Тартария мемлекеті – бұл Ұлы даладағы көшпелі қыпшақ тайпалары, дәлірек айтқанда, қазіргі қазақ халқының ата-бабалары. Осыны әрдайым есте ұстаған жөн.