Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына қарасты №29 учаскелік полиция пункті әкімшілік аумағының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Шымкенттің бас полицейі Қарасу мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуде ауданының № 65, №66, №28, №8, №23 үй тұрғындары өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын жолдады.
«Баспанаға қол жетіп, қуанғанымыз рас. Алайда қуаныш ұзаққа созылмай отыр. Мына жағдайымды көріп отырсыздар. Екінші балама аяғым ауыр, алайда қажет кезде жедел-жәрдем шақырсақ, мына аулаға кіре алмайды. Не өз аяғыңмен барасың, не жарты жолдан алдынан шығуың керек. Бір жүкті келіншектер үшін емес, үйінде кішкентай балалары бар, үлкен қарттары бар отбасылар көп. Бәрінің жағдайы осы. Негізгі мәселеміздің бірі ғой, осы жағдайды реттеп берсеңіз», - деді Қарасу мөлтек ауданының тұрғыны Әлия Ерболқызы.
Мәселен жергілікті тұрғындар ауладағы ретсіз қойылатын көліктерден жедел жәрдем қызметінің кіруіне кедергі туындайтынын айтып, аталған кемшілікті түзетуге көмек көрсетулерін сұрады. Сондай-ақ тұрғындар үй кіреберістері мен аулаларға бейнекамералар орнату мәселесін де атап өтті.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов аталған көлік қою мәселесін реттеу жолдарын қарастыратынын атап өтті.
«Иә, мәселенің бары рас. Бірақ осы жағдайлар үшін осы ауданның тұрғындары өздері себепші ғой. Көлікті ыңғайлап қоюға не кедергі? Бұдан кейін арнайы кезекші қойып, көліктердің ретімен қоюылуын қадағалайық. Тәртіп, ереже бұзғандарға айыппұл салынғанда тағы ренжіп жүрмесеңіздер болды», - деп жылы жауап берді Ералы Жумаханбетов.
Күн тәртібінде №29 учаскелік полиция пунктінің 2020 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары мен қызмет көрсету аумағындағы қылмыстық ахуал барысы сараланды. Аталған аумақта ағымдағы жылдың 10 айында 92 қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алып, оның ішінде 73-і ашылған. Қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу барысында 150-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдар анықталып, хаттама толтырылған.
Кездесу соңында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов: Қоғамдық пікірде зерделеу, проблемалық мәселелерді шешу және полиция қызметін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған кездесу әрмен қарай да жалғасатынын, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және имиджін көтеру үшін тұрғындармен ашықтықты қалыптастырып келеміз. Мемлекет басшысының құқық тәртібінің жай-күйі және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмысты жалғастырамыз, – деп ойын қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына қарасты №29 учаскелік полиция пункті әкімшілік аумағының тұрғындарымен кездесті. Шымкенттің бас полицейі Қарасу мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуде ауданының № 65, №66, №28, №8, №23 үй тұрғындары өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын жолдады.