Шымкентте коронавирус жұқтырып, 14 сәуір күні таңертең қайтыс болған 58 жастағы ер адам кешке Абай ауданындағы «Жібек жолы» мұсылмандар зиратына жерленді. Бұл туралы қалалық мешіттің баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміров айтты.
Естеміровтің сөзінше, марқұмның жаназасын зират басында Құрсай мешітінің имамы Бауыржан Байжанов 15 метр қашықта тұрып оқыған. Жаназаға марқұмның бір туысы мен үш маман қатысқан.
Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев жаназаға және жерлеу рәсіміне қатысқандар індетке қатысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтағанын айтады.
Шымкент қаласы әкімдігінің дерегінше, қайтыс болған 58 жастағы ер адам – Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Рабат ауылының тұрғыны. 11 сәуір күні дене қызуы көтеріліп, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Бұған дейін артериялық гипертензия ауруымен ауырған. 14 сәуір күні таңертең жан сақтау бөлімінде қайтыс болған. Онымен қарым-қатынаста болған баласы оқшауланған.
Қазығұрт аудандық әкімдігінің өкілі Ораз Қазыбаевтың айтуынша, марқұм баласымен бірге Қарағанды мен Новосібірге жүк тасыған. Осыдан бес жыл бұрын әйелі қайтыс болған. Кейінгі жылдары Шымкенттегі баласымен бірге тұрған. Ауылдағы үйінде ешкім тұрмайды.
5 сәуірде Шымкентте коронавирустан 1964 жылы туған Түркістан облысы Мақтарал ауданы Атакент ауылының тұрғыны қайтыс болған еді. Марқұм қала шетіндегі христиан зиратына жерленген.
Шымкентте 39 адамнан коронавирус табылды. Екі науқас дерттен айықты.