188 адам уланып қалған балмұздақты сататын кәсіпкердің арнайы рұқсат қағазы болмаған. Қызметкерлерінің тек біреуінде ғана медициналық құжаты бар. Арнайы тексеруден өткен 12 қызметкердің екеуі сальмонеллез инфекциясын жұқтыруы мүмкін. Ал балмұздақтан ұшынған 188 науқастың 28-де сальмонеллез расталған, деп жазады otyrar.kz.
Қалғандарының талдаулары сарапталып жатыр. Ұшынған 188-дің 101-і ересектер, 39-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 48-і жасөспірімдер. Бүгінде ауруханада 89 науқас ем-домын жалғастыруда. Ресми мәлімдеме жасауға асықпаған жауапты мекеме басшылары бүгін тілшілердің басын қосып, елдің назарын аудартқан мәселе туралы брифинг өткізді.
Оңтүстіктің ғана емес, елдің назарын аудартқан "Южное" дүңгіршегі қанша уақыттан бері балмұздақ сатып келгенін нақты ешкім білмейді. Тергеу анықтауы тиіс екен. Арнайы рұқсат қағазын алуды құп көрмеген кәсіпкерлік нысанның 25 өнімінің 24-де сальмонеллез анықталған.
"Балмұздақ Коммунизм елдімекеніндегі өз үйінде дайындалып, "Южное" деп аталатын дүңгіршекке жеткізіліп отырған. Санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмай, полиэтилен пакеттерде тасымалданған. Рұқсат қағаздарынан тек мерзімі өтіп кеткен құрғақ сүтке алынған құжатты көрсетті. Дезинфекциялық режим сақталмаған", — дейді ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.
"Ешкім ақпаратты жасырған жоқ. Біз ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, нақты мәліметтер дайындадық. Арнайы талдаулар жасалды", — деді өз кезегінде ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
ОҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бүгінгі басқосуда төбе көрсетті. Шымкентте 50-ден астам балмұздақ сататын орын тіркелген деген олар арнайы жұмыс тобын құрып, нақты іске көшіпті.