Шымкентте 500-ден астам медицина қызметкеріне қосымша сыйақы тағайындалды. Демеушілер есебінен жиналған 25 млн теңге қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен №2 қалалық аурухана қызметкерлеріне берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сыйақы алған ақ халаттылар қаладағы төрт бірдей медициналық мекемеде өзгенің саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Қомақты қаражат «Мейірім» және «Атамекен» оңалту орталығында карантин режиінде тоқтаусыз еңбектеніп жүрген медицина мамандары да берілді. Сонымен қатар, коронавируспен күресіп жатқан 2 126 медицина мамандарына үстемақы төленді.
Сала мамандары жұмыстарының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істеген 24 қызметкерге 8,749 млн, екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге және өзге де 977 мамандарға 294 млн теңге бөлінген.
Ал, үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 1 126 медицина маманына 91 млн теңге қаражат қарастырылған. Үстемақы алғандар реанимация бөлімдері мен жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, жедел-жәрдем көлігінің жүргізушілері де қаражаттан үлес алған.
Айта кетейік, қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жалпы 3 226 дәрігер мен 8 493 орта буын медицина маманы жұмыс істеп жатыр.