16 мам, 2020 сағат 11:30

Шымкент пен Түркістан облысында су басқан үйлер жоқ

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында су басқан үйлер мен аулалар жоқ. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдардың су сору, арықтарды тазарту және тереңдету жұмыстарының арқасында Шымкентте және Түркістан облысының Төле би, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарында су басқан үйлер мен аулалар жоқ. Сонымен қатар Бадам мен Келес өздерінің жағалауларын нығайту жұмыстары жүргізілді. Эвакуацияланған адамдар үйлеріне оралды», - делінген комитет ақпаратында. 

Ведомство мәліметінше, құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдардың күшімен Шымкент қаласында 9 мың текше метр су сорылды. Жағалауларды нығайту жұмыстары барысында 750 мың тонна инертті материал қолданылып, полиция қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етті. 

Апаттық құтқару жұмыстарына Шымкент қалалық ТЖД жеке құрамының 168 маманы, 19 техникасы, 21 мотопомпасы, жергілікті атқарушы органдардың 74 қызметкері, 55 техникасы, ҚР Ұлттық ұланының 100 әскери қызметшісі мен 4 техникасы жұмылдырылды. 

Ал Түркістан облысының жоғарыда аталған аудандарында 2 мың текше метр су сорылып, жағалауларды нығайту жұмыстарына 1 200 тонна инертті материал пайдаланылды. Төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарына облыстық ТЖД жеке құрамының 52 маманы, 15 техникасы, 15 мотопомпасы, жергілікті атқарушы органдардың 241 қызметкері мен 33 техникасы тартылды. 

«Төтенше жағдай орнында зардап шеккен халыққа көмек көрсету және келтірілген шығынды бағалау үшін комиссия жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтеді ведомстводан.