
Шығыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның 1300 дозасы жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өскеменде алғашқы екпені ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Қанат Тұрдиев пен «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бас дәрігері Ермек Омарбеков, Семейде ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы және «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК бас дәрігері Арқат Дайырбеков алды.
«Пандемия бүкіл әлемге айтарлықтай өзгеріс әкелді. Бұрынғыдай қалыпты өмірге оралғымыз келсе, бір-бірімізге қонаққа, кинотеатрларға, театрларға барғымыз келсе, туыстарымызбен кедергісіз көрісуді қаласақ, басты 2 шартты орындауымыз керек. Ол вакцина алу және ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің барлық нұсқамаларын орындау. Сонда ғана індетті жеңе аламыз. Біз біргеміз! Бұл пандемияны бірлесе жеңеміз» - деді Ермек Омарбеков.
Бүгінде ШҚО-ға 1300 доза вакцина жеткізілді. Алғашқы вакцинаны Өскемен және Семей қалаларының емханалары алады.
Облыстың Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, ақпан айының басында вакциналарды тасымалдау және сақтау үшін медициналық ұйымдарға қосымша 16 биомедициналық мұздатқыш пен көп рет қолданылатын термотіркегіштері бар 60 термоконтейнер сатып алынады.
Вакцина салуға тек қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Екпе алар алдында дәрігердің міндетті тексерісі жүргізіледі. Сондай-ақ вакцинация кезеңінде мониторинг және әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін жұмыс комиссиясы құрылған.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Қазақстанның бас санитары вакцина алғаннан кейінгі хал-жағдайын айтты.
