16 ақп, 2022 сағат 12:00

Шығыны заңды табысынан негізсіз асып кеткендерге қандай шара қабылданады


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде құжаттың негізгі бағыттары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Біріншісі – заңсыз баюға жауаптылық қарастыру. Ұсынылып отырған норма – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің негізгі іргетасы деп атауға болады. Өйткені, жасыратыны жоқ, жемқорлықтың арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріне мәлім. Ал, осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан, азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов. 

Оның айтуынша, осыған байланысты, қолданыстағы заңманамада көзделген 10 пайыздық жеке табыс салығынан басқа, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. 

«Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1000 айлық көрсеткіштен асып түссе фискалдық санкция қаралады. Яғни айырмашылық сомасының 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіледі. Дегенмен әрбір жағдайда шығындардың заңдылығын түсіндіруге бәріне мүмкіндік беріледі. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса және оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мансаптық жаза қаралады. Ол дегеніміз - мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады», - деді агенттік басшысы. 

«Жалпы, негізсіз баюға жауапкершілік енгізу – декларацияның қисынды жалғасы. Өздеріңіз білесіз, декларация тапсыру мерзімі кезеңдерге бөлінген. Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті. Енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады. Екінші кезеңде – 2023-2024 жылдар: мемлекеттік мекемелер мен квазисектордың қызметкерлері. Үшінші кезеңде – 2024-2025 жылдар: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары. Соңғы кезең – 2025-2026 жылдары декларацияны қалған азаматттардың барлығы тапсырады. Содан кейін ғана барша халықтың активтері мен мүлкі туралы белгілі болады. Жауаптылық туралы норма қолданысқа енеді», - деді Ахметжанов. 

Осы орайда ол ұсынылған шара халықаралық стандарт екенін, БҰҰ Коррупцияға қарсы конвенциясының негізгі талабы болып саналатынын жеткізді.