Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қалалық полиция департаментінің 500 қорғаныш костюмін 125 миллион теңгеге сатып алудан бас тартуына қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, кеше Алматы полициясы неліктен 500 қорғаныш костюмін 125 миллион теңгеге сатып алмағанын түсіндірген болатын. Департамент тауардың сапасы бағасына сай емес екенін көріп, жазбаша түрде келісімшартты бұзатынын мәлім еткен.
«Бұл сатып алу мамыр айының басында жүргізілген. Әу баста Алматы қалалық полиция департаменті қорғаныс костюмдерін сатып алған. Қоғам өкілдері интернетте бұл бағытта мемлекеттік сатып алу жүргізіліп жатқанын жариялады. Біз олармен байланысқа шығып, бастапқы келісімнің бекітілгенін білдік. Алайда артынша келісімшарт бұзылды. Мынадай факт орын алды: базарда 15-20 мың теңгелік костюмдер келісімге сәйкес 250 мың теңге деп көрсетілген. Ақыры келісімшарт бұзылды, ешкімге ешқандай шығын келтірілген жоқ», - деп мәлім етті бұл жайға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басқармасы басшысы Данияр Якупов онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.