Швейцария үкіметі ПТР тестілерді ақылы ету арқылы вакциналау науқанын ынталандыру шараларын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Швейцарияда вакцина салдыртпаған және Covid-19 қарсы вакцина сертификаты талап етілетін қоғамдық шараларға барғысы келетін тұрғындар 1 қазаннан бастап ПТР-тестінің ақысын өздері төлеп немесе вакцина салдыртуға тиіс болады», - делінген ел үкіметі таратқан баспасөз хабарламасында.
Швейцарияда күн сайын вирус жұқтыру оқиғаларының саны 2 мыңнан асқан, бұл ретте сәрсенбі күні COVID-19 жұқтырудың жаңа 2120 оқиғасы тіркелген.
Швейцария тұрғындарының 50 пайызынан сәл аздауы толық вакцина салдыртты, бірақ вакциналау қарқыны 11 шілдеден бері бұрынғы қалпында тұр. Осыған орай ел басқарудың федералдық кеңесі тұрғындарды белсендірек екпе салдыртуға шақырды.
«Швейцарияда тұратындардың барлығы қандай да бір сәтте Covid-19 вирусымен байланысқа түсетінін есепке ала отырып, Федералдық кеңес инфекция жұқтыру, ауруханаға жатқызу және өлім жағдайларының саны өсуі әбден мүмкін деп санайды. Қалыпты өмірге қайтып оралу үшін, вакцина салдыртқан адамдар санын көбейту керек», - делінген мәлімдемеде.
Швейцарияның денсаулық сақтау министрі Ален Берсе қазіргі кезде елдің пандемияның «қалыпты» кезеңіне өткенін мәлімдеді. Алайда коронавирус бойынша енгзілген шектеулер кем дегенде қыркүйек айына дейін алынбайды.
Швейцария үкіметі мектептер, компаниялар және медицина мекемелерінде жаппай тестілеуді қаржыландыруын жалғастырады, бірақ қоғамдық шараларға бару үшін ғана ПТР-тест өтетін адамдар үшін тегін тестілеуден бас тартпақ.
Бұл 12 жасқа дейінгі балалар және медициналық себептер бойынша екпе салдырта алмайтындарға қатысты емес.
Швейцария үкіметі пандемиямен күрес жүргізудің болашақ стратегиясы вакциналаудан бас тартатын адамдарды қорғауға емес, аурухана жүйесіне қысымның алдын алуға бағытталатынын мәлімдеп отыр.