03 қар, 2020 сағат 19:31

Шри-Ланкада жағаға шығып қалған 100-ден астам кит құтқарылды

Шри-Ланканың ӘТК теңізшілері мен жергілікті тұрғындар жағажайға шығып қалған 120-ға жуық кішкентай киттерді өлімнен құтқарды. Бұл оқиға Пандура қаласының маңындағы аралдың оңтүстік-батыс жағалауында орын алған, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Бастапқыда тек әскери қызметшілердің күшімен жүргізілген құтқару операциясына ондаған жергілікті тұрғындар қосылған. Шри-Ланкада коронавирусқа байланысты түнгі коменданттық сағат режиміне қарамастан, адамдар құтқарушылар тобына қосылып, киттерді мұхитқа жеткізді.

Кейбіреулер тақтай және тағы басқа да суда қалқитын материалдарды пайдаланып, киттерді жағадан алып шықты. «Құтқару шаралары өткен түні бойы тоқтаусыз жалғасты, – деді Шри-Ланка ӘТК-нің ресми өкілі капитан Индика де Силва журналистерге. – Біз 100-120 шақты китке көмек көрсете алдық. Өкінішке орай, олардың үшеуін құтқара алмадық».

Жыл сайын әлемнің әртүрлі аймақтарында жағалауға, әдетте жағажайларға 2 мыңнан астам киттер мен кит тәрізділер отрядының басқа да өкілдері шығып қалады. Олар көбінесе сусызданудан өледі.