29 қаң, 2021 сағат 07:50

Шпекбаев: Өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық және адам өлтірумен тең!

Арсыз шенеуніктер пандемия кезінде «қалтасын толтыруға» тырысты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жыл – адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Әлемдегі мемлекеттік аппарат азаматтардың сенімінен жаппай айырылып, бұрын-соңды болмаған дағдарысқа тап болды. Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын «қалтасын толтыруға» пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық пен адам өлтіруге тең!», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Агенттік басшысының дерегінше, пандемиямен байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді. Оның жартысына жуығы – дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты жымқыру. 

«Біз 100 қылмыстық іс тіркедік. Олардың жартысына жуығы - дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты жымқыру. 2 млрд теңгеден астам сомаға қымбат бағаға 132 ӨЖЖ аппаратын сатып алу фактілерінің жолы кесілді», - деді ол.