09 қыр, 2020 сағат 13:41

Шолпан Каринова Zoom-мен сабақ беру жайлы: Келеңсіздіктердің қайталанбауын қадағалаймыз

Елімізде 435 мың оқушыға компьютер берілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі ақпаратқа тоқталар болсақ, оқу жылының 9-шы күні өтіп жатыр. Бірінші күннің ішінде 2 миллионнан астам сабақ берілгенін көріп отырмыз. Әрине, қашықтан оқыту бойынша да, штаттық режимде сабақ беру бойынша да бірқатар жұмыс жасалды. Компьютер қажет ететін барлық оқушыларды техникамен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні 435 мың оқушыға компьютер берілді. Бұл, қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жасалды», - деді вице-министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Ол Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту кезіндегі проблемалардың да бар екендігін білетіндігін айтты. 

«Білім министрлігі бұл мәселе бойынша күнделікті білім мекемелерімен, білім басқармаларымен жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік желіде ата-аналардың, мұғалімдердің депутаттардың көтеріп отырған мәселелерін байқап, көріп отырмыз. Олардың әрқайсысына жеке жауап беріп, шешу мәселесімен айналысудамыз. Әлеуметтік желілерде кей сабақтар сәтті өтпегені туралы да хабарларды естідік. Бұл мәселеге қатысты талдау жұмыстары жүргізілді. Өткізілген 2 млн сабақтың ішінде Zoom байланысымен өткен 2 сабаққа бөгде адамдардың араласып, келеңсіздік орын алғандығын білеміз. Осыған орай, барлық мектептерге, мұғалімдерге тағы да түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Шолпан Каринова. 

Оның айтуынша, 350 мыңға жуық мұғалімге ІТ-құзыреттілікті үйретуге бағытталған курстар ұйымдастырылған. 

«Бірақ, бүгінгі күні осындай келеңсіз жайттар орын алды. Тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай жайттың алдағы уақытта орын алмауын қадағалаймыз. Сонымен қатар осы мәселе бойынша ата-аналардың да балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өтінеміз», - деді вице-министр.