Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте Шоқан тану мұражайы бар. Мұражайды тамашалап жүріп Шоқанның мөрі деген жәдігердің суретіне көзім түсті. Мөрдегі жазу арабша жазылған. Орыстың офицері арабша жазылған мөр ұстаған ба? Жоқ, десем ренжитіндер көп шығар. Бұл мөр емес. Тұмар болатын. Ол жайлы өткен жылы мақалада жазғаным бар. Шоқанның мөрі жайлы, тағы да қалам тартпасқа болмады.
Университеттегі музейді осыдан екі жыл бұрын да тамашалағам. Өткен күзде Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына орай Ақмола облыстық тарихи- өлке тану мұражайында өткен, конференцияға қатысушы жастармен бірге барып тамашаладым, фотаға түсірдім. Кейбір жәдігерлер алыныпты. Қосылғаны да бар. Сол қосылғандардың ішінде менің ойыма күдік туғызған жәдігердің суреті алаңдатты. Ол — «Шоқанның мөрі» деп, фотасы, сызбасы қойылған бойтұмар. Яғни, Уәли ханның ұрпақтары «Мөр шәриф» атаған, алақандай ғана қалта қапқа салып, асып жүретін «бойтұмар». Тұмарды қарындашпен үйкей отырып, қарындаштың балы арқылы, қағазға түсірген таңбасын да қойыпты. Астына: «Ш.Уәлихановтың мөрі. Оны Петербург көркем өнер академиясының түлегі, інісі Мақы жасаған», — деп жазыпты. Таныстырушы да осылай айтты. Мен сұрақ қоймақ болдым да, жастардың алдында, ыңғайсыздық туғызғым келмеді. Жастар «Шоқан мөр ұстаған» деп түсінді. Мөрдегі жазуға ешкім қызықпады. Ол жайлы ешкім сұрамады, таныстырушы айтпады.
Мұражайға қойған тұмардың суреті
Шоқан музейіндегі мөрдің /тұмар/ қара қарындашпен басып, қағаз бетіне түсірген кескіні. Сиямен, таңбаның маймен басса түспейді . Қарындашты тұмардың бетіне үйкеп, жағып алып, оны қағазға басса түседі. Мен де осылай түсіргем.
Бұл мөр жайында біраз зертеу жүргізіп, өткен жылы ақпарат құрал дарына жазған едім. Бірақ, университет ғалымдары оқымаған ба, әлде менікі қате ме, ол жағы беймәлім. Бірақ, мақала шыққаннан кейін ешкім, ештеңе айтып, теріс, дұрыс деп, пікір жазбаған-ды. Бұл тұмар жайлы алдыңғы жазғанымды, оқырман есіне сала кетейін.
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығын тойлау дайындығы кезінде ханның Шыңғыс деген ұлынан тараған Сансызбай Мұхитанов деген ағамызбен бірге жұмыс жасадық. Бірде Уәли ханның мөрі Көкшетауда бір апайда сақтаулы екені жайлы әңгіме қозғады. Қызығушылығым оянып, апайды іздеп барып, мөрді көрдім. Мөр Мағыфура Сәдуақасқызы Мәкенова (Мақы) апамызға әкесі Сәдуақастан қалған мұраның ең құндысы екен. Сәдуақас Мақыұлы 1969 жылы 82 жасында қайтыс болыпты. Мөрді әкесі «Мөр-шәриф» деп атағанын, мөр әкесіне қайдан және қалай келгені жайлы Мағыфура апамыз бұрын да, қазір де анық айта алмады. Бірақ, мөр деуге келмейді. Қара түсті пластмасса сияқты затқа арабша ойып жазған сөздер екен. Шеңбер үшке бөлінген. Ортаңғы кіші шеңберде «Аллаһ»; келесі шеңберде Мұхаммед (Мұхаммед с.ғ.с), Әбубәкір, Омар, Осман, Али, Фатима, Хасан, Хусейн; сыртқы шеңберде құранның «Кеһф» сүресіндегі әулиелердің аты жазылған. Бұларды «Асхаб-ул-каһф» немесе Асхаби-каһф деп, атайды екен. Олардың есімдерін: Ямлиха, Макселина, Мислина, Марнуш, Дабернуш, Шазенуш, Кафаш-татаюш және күшігі Кытмир /Әулиелердің атын алғашқы мақалада шығара алмағанбыз. Осы мақалада толықтырдық Д.Ш/, депті. Басқа артық сөз жоқ. Араб әліпбесінде жазылған сөздерде ешқандай Уәлихан деген сөз болмады. Пішіні, жазған жазулар мөрге ұқсамайды. Уәлиханның мөрінің сызбасы Ақмола облысының тарихи – өлке тану музейінде тұр. Ханда екі мөр болуы мүмкін емес. Мөрге пішіні де келмейді. Қағазға сиямен басқанда қағазға түспейді, тек қарындашпен үйкеп, қарындаштың балы арқылы , қағазға басып кескінді түсіргенбіз. Мөр болса, сиямен қағаз бетіне түсе бермей ме? Бірақ олай емес. Осы жайды саралай келе, тұмар деп атағанбыз. Енді келіп Ш. Уәлиханов атындағы Көшетау мемлекеттік университетінің Шоқан мұражайында «Ш. Уәлихановтың мөрі Мақы жасаған» деген, жоғарыдағы фота тұр. Бұл жаңсақ болған, деген ойға келдік. Себебі, мөр жайында бұрындары С.Мұхтарұлы, С.Мұқанов өз пікірлерін қалдырыпты. Сол жайында біраз мәлімет.
Мөр жайында 1985 жылы басылған С. Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» деген кітабында біраз мәліметтер бар екен. Өз ойымды түйіндемес бұрын кітаптағы мәліметтерден қысқаша келтірейін. Кітапта тұмарды Сәдуақас Мақыұлы «Мөр – шәриф» деп атағаны айтылып, осыған сай сөздік тұрғыдан «Ұлы мөр» деп атапты. Кітапта да мөр еместігі, бетіндегі таңбалардың бедері сиямен басқанда қағаз бетіне түспейтіндігі жазылған. Осы жайларды ескеріп С. Мұхтарұлы төмендегі жорамалын жазған. Жорамал бойынша: Мақының шешесі Айғанымның әкесі Сарғалдақтың тегі – қожа. Қожа Ахметтің туған інісі Садыр Шайхтың ұрпағы.
С. Мұқанов «Аққан жұлдыз» тарихи романында Сарғалдаққожаның Бұхарада отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәмдаған ғұлама екенін келтіріп, «Мөр- шәриф» жайлы қысқаша дерек беріпті. Онда тұмарды Айғанымға, одан Мақыға қалай жеткені жайлы жазылған. Сарғалдаққожа Меккеге Қажылыққа барғанда Мединедегі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың зиратының шырақшысы сыйлаған. Мөрді Сарғалдаққожа қызы Айғанымға сыйлаған. «Мөр – шәриф» құран секілді Айғанымға әкесінен аманатқа қалса, Мақы ұрпағына қалуынада жүйелі сыр барын жазыпты. Оны былай келтіреді. Мақы туғанда сап-сау болған. 5-6 жас кезінде ауруға шалдығып ессіз қалады. Оны өлдіге санап, жерлейді. Бірақ, Мақының сүт анасы баласының тірі екенін айтып қоймаған соң, қайта қазып алса тірі болып шығады. Сонда, шошынғанан мылқау болып қалған деген деректі С. Мұхтарұлы келтіреді. Екінші дерек те осыған ұқсас. Мақының туған елі Сырымбет халқынан алған деректі С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына енгізіпті. Романда Мақының азан шақырып қойған есімі Әбу – Мұхаммет. Бес жасында сүзекпен ауырып, қайтыс болады. Мезгіл қыс. Мақыны кигіз үйге оң жаққа салады. Бірақ, Мақы шала өлгендіктен қайта тіріледі. Осы кезде суық тиіп құлағы, тілі байланып қалған. Мақының мүгедек болып қалғанын көрген Айғаным Меккеден Сарғалдақ әкелген медальонды бойтұмарға берді деп жазған. Айғанымның аса діндар болғанын кітапта атап өткен. Кітап кеңес заманында 1985 жылы жазылғандықтан бұдан артық нәрсе жазуға болмағанда шығар. Бұл деректі Макенов (Мақы) Ғабит та растайды.
Ақмола облыстық өлкен тану мұражайында тұрған Уәлиханның мөрінің көшірмесі
…Тұмар қазір Көкшетау қаласында тұратын сексеннен асқан апамыз Мағыфура Сәдуақасқызы Макенова (Мақы) қолында тұр. Кеңес заманындағы әдетке сай Мағыфуға апамызды Зоя деп атап келген. Көп жылдар партия және саяси салада қызмет еткен. Бауырларын жеткізем деп жүріп, тұрмыста құра алмаған. Төре тұқымы екенін жасырып келген. Қызметіне өте адал, белсенді болғаны кей сөздерінен аңғарылып тұрды. Соның өзінде артық-кем айтып қоям ба деп, әр сөзін ойлана айтып отырды. Мөр әкесінен қалды дегеннен артық ештеңе айтпады. Әкесіне қалай келгенін білмейді. Ешкімге көрсеткісі келмейді. Мөрді екінші рет Сәдуақастың немересі Қалтайдың ұлы Ғабит арқылы барып көрдім. Ғабит қызметте болған, көзі ашық, атасы Мақыға тартқан өте шебер азамат екен. Үйіндегі қолдан жасаған ағаш мүсіндерін тамашалатты. Шебер болғанымен өнер саласынан алыстау болыпты. Бірақ, талант қойсын ба, бос уақытында біршама туынды жасаған.
Ғабит та тұмардың әкесіне қалай келгенін басып айта алмады. Тек атамыздан қалған мұра деуден аспады. Мөрді атасының көзінің қарашығындай сақтағанын, бірде мөрді жоғалтып, алып қайта тапқаны жайлы Ғабит еске алды.
Бірда сабақтан келсем атам балаша егіліп жылап отыр екен. Шошып кеттім. Не болғанын сұрасам. Бітті құрыдым, құрттым, жоғалттым деп боздайды. Жүгіріп анамнан сұрасам атаң ана, қойнына тығып жүретін затын жоғалтып алыпты. Соны іздеп таба алмай жылап отыр дегені. Тұмарды әдейі тіккен дорбаға салып, мойнына тағып, қойнынан тастамайтын. Бірақ бізге көрсеткен емес. Атама жүгіріп келіп қашан, қалай қайда барғанын сұрадым. Ол моншаға барғанын, сонда қалдырғаны айтты. Енді табылмайды деп егіліп жылайды. Мен де атамды аяп, қосыла жыладым. Велесипедіме міне салып моншаға тарттым. Моншаға көз жасыма көміліп, сора-сорам шығып барсам керек. Моншадағы жуан орыс әйел «Чо Макенчик» – деп баж етті де, «За каменями пришли?» деп дорбаны ұстатты. Ашып қарасам дөңгелек зат. Ортасында мен білмейтін жазу жазылған. Үйге қарай ызғыттым. Жүгіріп келіп атама мынау ма дегенде, отырған атам орнына аңырайып тұра алмай қалды. Қолына ұстатқанда ашып жіберіп тұмарды сүйіп жатқаны әлі көз алдымнан кетпейді. Қуанғанына мені де құшақтап сүйе беріп еді – деп еске алады.
Біздің жорамалымыз бойынша, бұл мөр емес, тұмар деп түйдік. Ал Макеновтардың /Мақы әулетінің/ қолына қалай келгені жоғарғы деректерді негізге алғанымыз жөн. Сарғалдаққожа Абылай ханға қарындасын берген туыстығы ордасында имам, молда болғаны, қажыға барғаны, тарихи деректерде айқын жазылғаны, тұмардың қайдан шығып, қайда келгені жайлы аз мәлімет осы. Бұған алып қосарым жоқ. Анығы бір Аллаһқа аян. Тек, құнды жәдігер қайда болса да, аяқ асты қалмай тисті орнында тұрса болғаны деп, жазған болатынмын. Жоғарыдағы Шоқанның мөрі деген, жаңсақ пікірден болып, тұмар жайлы қайта қалам тартпасқа болмады. Тұмар жайлы жақсы білетін Ғабит Макеновқа хабарласып, Шоқан мұражайындағы фота жайлы баяндадым.
Ғабит: «Шоқанның мөрі жайлы ештеңе естімеппін. Әкемнен тек Уәлиханның мөрі дегенді ғана естігем. Оны айттым. Ол жайлы жазылды. Тұмарды Мақы жасады дегенге келсек, ол өте шебер болған. Естіп, білетінім осы. Жасады, жасамады дегенді, дәл басып айтуға дәлелім жоқ. Тұмарда не жазылғанын, сізден естіп біліп отырмын. Шоқан Аллаһтың, Мұхаммед (с.ғ.с ), Халифтардың аттары, Құран аяты жазылған мөр ұстады деген, менің көңіліме қонбай тұр. Оның үстіне патша офицері болса. Ол қалай мұсылманша жазылған мөр ұстамақ? Мөр деген сөз де жоқ. Атауы, пішіні, бетіндегі жазуда, ешбір мөрге сәйкеспейді екен» деген пікір айтады. Бұған біз не қосамыз. Белгілі адамдарды ардақтау, ұлықтау біздің парыз, міндетіміз. Бірақ, болмаған істі болдырып, тарихты бұрмалау дұрыс емес сияқты… Осы жөнсіздікті көрген кейінгі ұрпақ, тарихты теріс түсініп, төл тарихымыз жаңсақтыққа бой алдырып, ағаттық жалғаса беруі мүмкін. Сондықтан, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары Шоқанның мөрі аталған фотаның шынайылығын қайтадан зертейді деген сенімдемін.
Макенов Ғабиттың үйінде сақталған «Бойтұмардың» суреті.
Дахан Шөкшірұлы Жәмші,
Ұлт порталы