Қызылорда облысы Шиелі ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанша карантин шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Шиелі ауданында коронавирус инфекциясы бойынша соңғы 7 күн ішінде сырқаттану деңгейі 7%-дан асып кеткендіктен, эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып бағаланып отыр. Осыған орай коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында шектеу және карантин шаралары күшейтілетін болды.
«Бүгінгі таңда Шиелі ауданы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны 101-ге жетіп отыр. Бұл карантин ережелерін жеңілдетудің салдарынан орын алды. Осыған орай, Қызылорда облыстық Бас санитариялық дәрігерінің №15 және Шиелі аудандық Бас санитариялық дәрігерінің №9 арнайы бектілген қаулыларына сәйкес, карантин талаптары қайта күшейтілуде. Аудан тұрғындары қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпай, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық маска тағуы қажет. Әсіресе балаларға түсіндіріп, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті сақтауымыз қажет», - деді Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараков.
Ендігі кезекте аудан көлемінде көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Олардың қатарында мерекелік, спорттық-көпшілік, ойын-сауық, мәдени-көпшілік іс-шараларды, конференциялар, семинарлар және өзге де шаралар бар. Сондай-ақ, ұжымдық, отбасылық (туған күн, үйлену тойы, құдалық, ас беру,басқа да дәстүр мен әдет-ғұрып шаралары, т.б.) барлық жиындарға тыйым салу жалғастырылады. Білім беру орталықтары, үйірмелер, қосымша білім беру орталықтарының жұмысы шектеулі мерзім бойынша жүргізіледі. Оған қоса меншік нысанына қарамастан үй-жайлардағы балалар ойын алаңдарының, кинотеатрлар, футкордтар және тәуліктің пәтерлер мен үйлерді жалға беру-алу қызметтеріне тыйым салу назарда болады.
Қазір Қызылорда облысында 533 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның 475-і ауруынан жазылып шықты.