22 қаз, 2022 сағат 11:18

Ауған азаматтарын Қазақстан арқылы заңсыз өткізбек болған шетелдік ұсталды


13 қазанда ҰҚК Шекара қызметі Алматы қаласының прокуратурасымен бірге Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарын заңсыз өткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ҰҚК Шекара қызметі «Боран» арнайы бөлімшесін қолдана отырып өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орта Азия елдерінің бірінің жалған төлқұжатын ұсынған шетелдік азаматты 1,5 мың АҚШ доллары сомасындағы ақшаны алу кезінде ұстады.

Өткізілген тінтудің нәтижесінде бірнеше қазақстандық ұйымдардың мөрлері, 20 ауғандық төлқұжат, туу туралы куәліктер мен ҚР азаматтығы мен елде тұруға ықтияр хат алуға, тіркелуге және елде болу мерзімін ұзартуға негіз болатын басқа да құжаттар алынды" - делінген хабарламада.

Аталған факт қылмыстық  белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігі (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша тіркелген.

Ұсталған адам Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.