21 қаз, 2022 сағат 10:23

Шетелдіктерден ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды


Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операция туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмыстың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсерін төмендету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

11 қазанда бірнеше кезеңнен тұратын жедел жұмыстардың нәтижесінде Алматы, Ақтау, Маңғыстау облысының Бейнеу және Ақжігіт кентінде бір уақытта ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметін жұмылдыра отырып, қоғамға қауіпті "Бейнеуліктер" қылмыстық тобының заңға қайшы әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция іске асырылды" - делінген хабарламада.


Топ мүшелері "Тәжен" өткізу пунктінде (Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мемлекеттік шекара) шетелдіктер мен жеке тасымалдаушылардан жүйелі түрде ақша бопсалады және өзге де ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Арнайы операция барысында қылмыстық топ басшысы мен 5 белсенді мүшесі ұсталды. Оларға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы бекітілді.