14 жел, 2024 сағат 19:55

"Шетелдегі қазақ диаспорасы тәуелсіздікке қалай қарайды?": қандастармен сұхбат

Фото: Qandastar.kz

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Бұл тарихи оқиға әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспоралары үшін қандай маңызға ие? Шетелдегі қандастар тәуелсіздікті қалай бағалайды және ол олардың өміріне қалай әсер етті? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Ult.kz әр елде тұратын қазақтармен сұхбаттасып, олардың ой-пікірлерін тыңдады.

Абдулкерім Кескін – Түркия қазағы. Ол Қазақстанның тәуелсіздік тарихы туралы білімі аздау екенін жеткізді. Өйткені мұндай ақпаратты өзің ізденіп оқымасаң, еш жерде оқытпайды.


«Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақтар ретінде біз Қазақстанның тәуелсіздігі туралы біліміміз аз. Себебі біз бұл жақта оны оқыған жоқпыз немесе мемлекеттік телеарналарды көрмейміз. Қазақстаннан келген достарымыз немесе туыстарымыз әлеуметтік желіде бір нәрсе бөліскенде немесе жаңалық жариялағанда ғана біліп отырамыз. 
Қазақстан Республикасы, әрине, эмоционалды тұрғыдан алғанда, шетелдегі түріктер мен қазақтар үшін өте маңызды деп санаймын. Себебі, Қазақстанның Ресейден, КСРО-дан бөлініп, өзіне оралуы, мәдениеті, діні және басқа түркі бауырларымен бірігуі, өз мәдени тәуелсіздігін қайтадан қалпына келтіруі біз үшін ерекше маңызды. 
КСРО кезеңінде Қазақстанға бару туралы ойымызға да келмейтін. Бірақ Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, әрине, туған жерге деген сағыныш, сол жердегі туыстарымызды көруге деген құштарлық Қазақстанға сапар жасауға себеп болды. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік біз үшін, осындағы түрік-қазақтар үшін, ерекше маңызды болды.
Қазақстанымыздың Тәуелсіздік күні құтты болсын! Ғұмыры ұзақ болсын, әрдайым еркін болсын. Қазақстанда тұратын бауырларымыз бен туыстарымыз аман болсын, сау-сәлемет болсын. Болашағы жарқын, қуатты болсын. Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін, күшейіп, бай болсын. Толық тәуелсіз, толық мәдениетті, дініне сай, бауырлас халықтарымен бірлік пен татулықта болсын. Әумин!», - деп ақ батасын жолдады.


Ал Қытай қазағы Мағрипа Махмұтқызы екі ел арасындағы виза мәселесінің шешілуі бауырлардың қауышып, арқа-жарқа кездесулеріне сеп болды дейді.  

«Осы кезде Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнағалы аржақ-бержақтағы ағайындардың бізге келіп-кетімі жиі, яғни Алматының іргесіндегі шекараға барып келетін ағайындар көп осы кезде. Ол жақтан мүлдем осы жаққа келіп көрмеген адамдар визасыз режим орнағалы келіп жатыр. Сөйлесіп, әңгімелескенде олардың мінез-құлықтары, сөз саптауы біраз өзгеше сияқты. Олардың сөзі бізге оғаш, біздің сөз оларға оғаш. Енді екі жақтан да түрлі кірме сөздер көп қой. Сөйтіп, салыстырып, біз жақ көбірек қазақша ма деп қалатынымыз рас. Қалай десек те, бір-бірімізді түсінісеміз, әйтеуір дінгегі аман болғаны қуантады.
16 желтоқсан мемлекеттік мереке екенін білеміз. Қазақстанның 30 жылдағы дамуын көріп, бақылап отырмыз. Қытайдың Douyin деген әлеуметтік желісі бар, сол жерде саммит, халықаралық ойындар, ұлттық ойындарды көріп, масаттанып, тақымымызды қысып, әрдайым қолдап отырамыз. Елбасыларымыздың кездесуін бәрін қалдырмай бақылап жүреміз. Қытайда отырсақ та, Қазақстанның әр жетістігіне қуанамыз. 
Қазақстанның тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Мәңгілік ел болсын, әр уақытта көк туы желбіреп, әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылсын. Екі елдің қарым-қатынасы нығайып, ар жақтағы, бер жақтағы қарға тамырлы қазақ таңертең үйінде отырып, таңғы асын ішсе, кешкі асын Алматыдан ішетіндей, түске дейін Алматыға жетіп алатындай, осындай күндер көп болсын. Елдің арасы ажырамасын, татулығы мығым болсын деп тілеймін», - деді Мағрипа Махмұтқызы. 


Өзбекстан азаматы Ғалымжан Курсанталиұлы Қазақстан десе елең етіп отырамыз дейді. 

«Мен Өзбекстан республикасының азаматымын. Осы жерде туылып, өстік. Дегенмен, Қазақстан десе елең етеріміз сөзсіз. Бұл табиғи да құбылыс, өйткені әрбір қаны, рухы қазақ Қазақстандағы болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарай алмайды. Біздің тарихи отанымыз саналатын Қазақстанның тәуелсіз, еркін ел болуы біздің мақтанышымыз. Өткен жылы Отандастар қорының ұйымдастыруымен өткізілген үлкен шараға барғанымда қазақтың кең байтақ даласын көргенімде, жүрегімнің түбінде сөзбен жеткізе алмайтын ерекше сезімдер бүкіл бойымды баурап алғаны рас. Әлемнің түкпір-түкпіріне таралып кеткен, қазақтың басын қосқан аталмыш іс-шара қатысушыларының бір-бірімен мауқын басып сөйлескен сөздерінен аңғарғаным, дүниенің қай бұрышында тұрса да, оларда бізді байланыстыратын жалғыз тәуелсіз Қазақстан екенін ұқтым. Тарихи, тамыры терең тәуелсіз Қазақстан республикасының болашағы бекем, керегесі кең, тұғыры биік, айбыны асқақ, қуатты мемлекеттердің қатарында болуын тілеймін», - деп, ақжарма тілегін жолдады. 


Тағы бір Өзбекстан қазағы Ерболат Ишбаев та отандасының сөзін қолдап отыр. Айтуынша, қандастар бұл күнді ерекше қастарлейді.

«Қазақстанның тәуелсіздігі Өзбекстандағы жалпы шетелдегі қазақтарға киелі мереке. Менің ойымша қандастар бұл күнді ерекше қастерлейді. Менің өзім де тауелсіздік күнін, 16- желтоқсанды құрметтеймін. Бұл күнге жетү оңай болмағанын білемін. 1986 жылдағы қаншадан қанша қыршынан қиылған тағдырлар осы күнге жетуге түрткі болды. Мұны есте сақтау керек. Мен Қазақпын, Қазақстанға жиі барамын. Іс-сапарларға, туыстардың үйіне одан қалса саяхаттауға барамын. ЖОО-ын екінші курсқа дейін Қазақстанда оқыдым, содан кейін отбасылық жағдайларға байланысты Өзбекстанға ауыстым. Жалпы айтатын болсам, біз шекараның бергі жағында болсақ та қанымызда қазақтың қаны ағады, жанымыз қазақ деп соғады. Сол үшін Қазақстанның тауелсіздігі күні біз үшін де мереке», - дейді ол.


Рүстем Төленов есімді қандасымыз Қазақстанмен достық қарым-қатынасты тек қазақтар емес, Өзбекстан билігі де қолдайды.


«Біз қиырда жүргеннен кейін, қашан да ата-жұрттың жетістігіне қуанып, ол жақта түрлі жағдай болса алаңдаймыз, жетістігіне әрқашан қуанамыз. Жалпы Қазақстанның атаулы күндерінің ішінде тәуелсіздік мерекесіне жеке азаматтар ғана емес, Өзбекстанның үкіметі де Қазақстанмен қарым-қатынасты қашан да қолдайды. Олармен достығын нығайтуға барынша әрекет жасайды. Сондықтан кейбір қоғамдық ұйымдарда, жалпы орта білім беретін мектептерде, жоғары оқу орындарында Қазақстанның мерекесін атап өтіп жатқанын естиміз. Кейде өзіміз де қатысамыз. 16 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздік күніне орай дастархан жайып, осы жақында жиын өткізбекшіміз. 
Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгі болсын. Болашағы жарқын болсын», - деп тілек білдірді Төленов.


Ресейлік қандастарымызға келсек, олар санкциялардың жоқтығына қызығатынын жеткізді.  Омбы қаласының тұрғыны Индира Әмзеева Қазақстанға жиі келетінін, мұнда бәрі ұнайтынын айтты.

«Қазақстан маған тәуелсіз, демократиялы ел болып елестейді. Бізге қарағанда бәрі әлдеқайда жеңіл сияқты. Санкция сияқты шектеулер жоқ. Сондай-ақ елдің цифровизациясы қайран қалдырады. Карточканы 1 минутта шығарып бергеде қатты таңғалдық. Сондай-ақ, түбіртек, басқа да құжаттар керек болса, бәрін онлайн ала салуға болады екен. Бізде кейбір құжаттарды бір айда дайындалады, ал сіздерде бірнеше минутта. Бұл өте ыңғайлы. Азық-түлік пен заттарды онлайн жеткізу қызметі де жақсы дамыған. Мен Павлодарға жиі барып тұрамын, сол жерде туыстарымыз тұрады. Жағажайдағы концерттер, түрлі шоу маған қатты ұнайды. Жолдары кең, өмір сүруге ыңғайлы. 
Жалпы Қазақстанның кез келген жетістігіне қуанамыз. Екі ел арасында қарым-қатынаста еш мәселе жоғы қуантады. Туыстарымызға жиі барып тұрамыз, олар да бізге келіп тұрады. Өсіп-өркендей берсін, тәуелсіздік күні құтты болсын!», - деп тілегін жаудырды Индира Әмзеева. 


Нұрлыгүл Сәдуақасова есімді қандасымыз тіл мәселесіне көп көңіл бөлу керек деп отыр. Себебі шекаралас аймақтардағы жастар тілді ұмыта бастаған. Сондықтан тіл үйрететін курстардың саны мен сапасын арттыру қажет дейді.

«Өзім Ресейде туып өссем де, туған жерім деп бұл мекенді қадірлесем де, Қазақстан да мен үшін өте қымбатты жер.
Шетелде жүрген әр қазақ егемен Қазақстанның барына шүкіршілік білдіреді деп ойлаймын. Сондай үлкен тарихи мұра қалдырған елдің, тәуелсіз елі-жері барына Аллаға шүкір. Ғаламтордан немесе телехабарлардан Қазақстан тұлғалары жетістікке жетіп жатыр дегенде, шын жүректен қуанам. Жалпы бірінші сұраққа тек сөзбен жауап беру мүмкін емес, бұл жүрегіндегі шүкіршілік, қуаныш, рухани тыныштық және т.б.
Соңғы рет 7 жыл бұрын болғам, сол жылдардың өзінде көптеген позитивті өзгерістер болған (жолдар жөнделіп, құрылыстар салынып..), Аллаһ қаласа келесі жылы барғанда көптеген жақсы өзгерістерге куә болатыныма сенімдімін. 
Көңіл бөлетіндей ең үлкен мәселелердің бірі – ол тіл мәселесі деп ойлаймын. Әрине ең біріншіден мемлекеттің ішінде халықтың тілді білуі қажет, ал екіншісі мәселе – шетелдегі қазақтардың ана тілдерін ұмытпас үшін үлесін қосқан дұрыс деп ойлаймын.
Қазақстанмен шекаралас Ресейдің көптеген аймақтарында тұрғылықты қазақтар турады. Ендігі бір 30~40 жылда олардың көбісінің тілді/ділді мүлдем ұмытуы мүмкін. 
Сондықтан шетелдердегі қазақтар үшін және өзінің қазақ тілін білмейтін тұрғылықты азаматтары үшін онлайн курстарын ұымдастырғаны жөн болар еді. (Әр жастарға бөлек бағдарламалар қажет). Тілмен қоса тарихты ды айту керек. 
Жалпы Ресейде тек қазақтар емес, басқа да көптеген ұлттар өкілдері Қазақстанға тек жылы көңілмен қарайды, ал оның басты себебі – көбісінің ата-бабалары 30-40-шы жылдары Қазақстанға қуылған еді. Сонда оларға біздің ата-бабамыз демеу көрсетіп, көбісінің ашаршылықтан аман қалуына себепкер болған. Ал ондай ата-бабаларымыздың болғаны – олардың Ислам дінінің дұрыс түсініп, шариғатты берік түсінуі деп ойлаймын.
Әрине соңғы жылдары көптеген өзгерістер болып жатыр, даму үшін аз емес мүмкіндіктер бар. Бірақ бір үлкен мегаполисте тұрып жатқан халық саныдай елдің жағдайын одан да жақсы жасауға болады деп ойлаймын», - дейді Нұрлыгүл Сәдуақасова.


Қандастарымыздың еліміз жайлы жылы лебіздері жанды жадыратады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұрамыз – қазақ тілінің рухын асқақтатып, оны бүгінгі күнге жеткізген қандастарымыздың еңбегін ерекше атап өтуіміз қажет. Еліміздегі қазақ тілінің мәселесі сыртта жүрген ағайынға байқалмауы мүмкін. Бірақ, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қандастарымыз білім-білігімен, ана тіліне деген шексіз құрметімен бір ту астына біріге алса, еліміздің болашағы жарқын болары анық. Осылайша, Қазақстанның шын мәнінде мәңгілік елге айналарына сенім мол.

Анара Бауыржанқызы