12 шіл, 2021 сағат 16:12

Шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерлер уақытша тоқтатылды


Пандемияға байланысты шетелде тұратын қазақ балаларының жазғы лагерлері уақытша тоқтатылды. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемияға дейін шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына Қазақстанда әртүрлі жазғы лагерлер (Назарбаев зияткерлік мектептері, Балдәурен, «Туған елге саяхат» Балалар туристік пойызы», «ZEREN» республикалық жазғы лагері) ұйымдастырылатын. Оның басы-қасында Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы жүретін. 

Жалпы 2019 жылы шетелден 600 бала Қазақстанға жазғы лагерлерге келді. Олар екі аптада домбыра сабағына қатысып, қазақ тілін үйреніп, атажұртын көріп, керемет марқайып қайтты. Бірақ, өкінішке қарай, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты жобалар уақытша тоқтатылды. Дегемен, бұл жобалар алдағы уақытта жалғасады деген сенімдеміз», - деді М. Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.