ҚР Үкіметінің жанындағы коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мемлекеттік шекарадан кіріп-шығудың шарттарын жеңілдетті.
Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
«COVID-19 пандемиясына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өтудегі шектеулер жалғасады. 2021 жылдың 13 қазанында Қазақстан Үкіметінің жанындағы коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия карантин шектеулері кезеңінде мемлекеттік шекараны кесіп өтудің жаңа тәртібін бекітті. Бұл құжатпен knb.gov.kz интернет ресурсының және ресми каналдардың «Пайдалы сілтемелер» бөлімінен оқып танысуға болады», - деліген шекара қызметінің Instagram парақшасында.
Жаңа ережеде ел аумағынан сыртқа шығудың тәртібі жеңілдетілді. Отбасы мүшесінің немесе жақын туысының қазасына, қатты ауырып жатқан туысқанын көруге шыққан болса, Қазақстан азаматы шекараны жұбайымен және кәмелекетке толмаған баласымен бірге кесіп өте алады. Бірақ бара жатқан туысқаны мен оның арасында ерлі-зайыптылық, ата-ана мен бала, асырап алған немесе асырап алынған туысқандық, толыққанды немесе жартылай ағайындылық, ата-әже мен немере сияқты туыстық қатынасы болуы керек.