19 шіл, 2025 сағат 14:25

Шарын шатқалы мен «Таңбалы» қорық музейін байланыстыратын туристік соқпақ салынады

Фото: Tengrinews.kz

Еліміздің ұлттық парктері туристер арасында барған сайын танымал бола түсуде. Былтыр қорықтарға 2,8 миллионнан астам адам барып, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтын-Емел және Көлсай көлдері — ең көп баратын орындар қатарында, деп хабарлайды Ult.kz.

Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының ішкі туризмді дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жаңа экотуристік бағыттар ашып, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 750 шақырымға жуық табиғи маршрут абаттандырылған. Жақын жылдары тағы 350 шақырым жолды жабдықтау көзделіп отыр. Биыл тоғыз жаңа туристік соқпақ салу жоспарланған.

Ірі бастамалардың бірі — Alatau Amanaty жобасы. Бұл маршрут Аюсай визит-орталығынан басталып, Іле Алатауының көркем жоталары арқылы Шарын шатқалы мен Таңбалы қорық-музейіне дейін жалғасатын 1200 шақырымдық жолды қамтиды. Бағыт бойында этноауылдар, кемпингтер, глэмпингтер, гастротуризм нысандары салынып, жобаның өзі ішкі және халықаралық оқиғалы туризмге арналған тұтас экожүйеге айналмақ.

Бастама KazAlpineClub қоғамдық бірлестігіне тиесілі. Оны AMANAT партиясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері қолдауда.

Маршрут бойындағы негізгі аялдамалар — туристер үшін тартымды тарихи және табиғи орындар: «Есік» қорық-музейі, Көк-Жайлау, Бутаковка, Алма-Арасан бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, Талхиз қалашығы және Oi-Qaragai тау курорты.

Жобаның іске қосылу күні қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік ұйымдастырып, таулы аймақтарды тазартты.

Alatau Amanaty сияқты жобалар тұрақты туризмді дамытып қана қоймай, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.