10 ақп, 2021 сағат 22:32

Шаруа қожалығынан табылған арыстан арнайы жерге орналастырылды

Алматы облысындағы шаруа қожалықтардың бірінен анықталған арыстан арнайы жерге орналастырылмақ. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" халықаралық қар барысы қорына (Snow Leopard Foundation) сілтеме жасап хабарлайды.

«Қордың қолдауымен таяуда ғана Симба атты арыстанға арналып қаумал салынған болатын. Алайда ол қаумал екі арыстанға ғана есептелген. Шаруа қожалықтан табылған арыстан Симбаның қаумалына орналастырылды», - делінген қордың желідегі ресми парақшасында. 

Қаумал халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Тиісінше жып-жылы әрі тып-тыныш орын екі арыстанның бөлек-бөлек тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Егер алматылық арыстанның медициналық анализі дұрыс болып шықса, жуық арада Симбаның уақытша «көршісі» болады.

«Қаумал тағы бір аңды құтқарып қалса – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Жабайы аңның ойыншық емес екенін еске сала кеткіміз келеді. Олардың өз ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар», - дейді Қор.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында шаруа қожалығы иесінің арыстан асырап жатқаны анықталған болатын.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ақпан күні Талғар ауданының полиция басқармасына хабарлама келіп түскен. Ол жерде Бесқайнар ауданындағы шаруа қожалықтың бірінде арыстан бар екені хабарланған. Тәртіп сақшылары шағым бойынша белгіленген мекенжайды тексеруге барғанда ақпарат расталған.