07 қыр, 2017 сағат 10:11

«Шаньдун провинциясының апталығы» ашылды

Астанада Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Шаньдун провинциясының апталығы» ашылды.

Қытай павильонында ашылған көрмеге Шаньдун провинциясының алты қаласынан ресми делегация өкілдері мен ірі компания басшылары қатысты. Қытайлық делегацияны Шаньдун провинциясының Халық өкілдері Құрылтайы Тұрақты комитеті басшысының орынбасары Ся Гэн бастап келді.

Жиынға қазақстандық тараптан ОҚО әкімі орынбасары Бауыржан Жамалов, СҚО облысы әкімінің орынбасары Жандарбек Дәурен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебев, Қазақстандық инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің басшысы Айдын Байедилов  және еліміздің ірі кәсіпорындары басшылары қатысты.

Көрмені Шаньдун провинциясының Халық өкілдері Құрылтайы Тұрақты комитеті басшысының орынбасары Ся Гэн ашты. Ол Шаньдун провинциясының Қытай нарығындағы роліне тоқталып, жетістіктерін атап өтті. «Шаньдун өңірінің ауыл шаруашылығы экспортының көлемі жалпы Қытайдың экспорт көлемінің ширек бөлігін құрайды», - дейді ол.

Ся Гэн мырза «Бір белдеу - бір жол» жобасының Қытай елі үшін маңызды екенін, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын баса айтты.

«Шаньдун провинциясы «Бір белдеу - бір жол» ауқымды жобасында үлкен маңызға ие. Бұл Қазақстан мен Қытайдың өзара ынтымақтастығына өзінше сеп болады деп ойлаймын» дейді Қазақстандық инвестициялық интымақтастық агенттігінің басшысы Айдын Байедилов.

Ашылу салтынаты аясында Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігі Шаньдун провинциясының Халық өкілдері Құрылтайы Тұрақты комитетімен және Шаньдун провинциясы халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетімен ынтымақтастық туралы меморандумдерге қол қойды.

Сондай-ақ, Шаньдун провинциясы басшылығы Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарымен де арнайы келісімшарттарға қол қойды.

Мұндай іс-шаралар Қазақстанның шет елдермен қарым-қатынасын нығайтып, түрлі салалардың дамуына өз септігін тигізері анық.

Өткен айда ұйымдастырылған Хэнань, Гуандун провинцияларының ашылу салтанатында да бірқатар келісімшарттар жасалған-ды. 

Бүгінге дейін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында бірнеше аймақ өз апталығын ұсынып үлгерген болатын. Шаньдун провинциясы апталығы – Қытай павильонындағы өзін таныстыратын ең соңғы аймақ. Бұған дейін аталмыш павильонда қытайлық 23 аймақ түрлі тақырыпта апталықтар өткізілген.

Айта кетсек, Шаньдун провинциясы - Қытайдың шығысында орын тепкен ірі аймақ. Өзінің бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен және әсем табиғатымен ерекшеленеді. Халық саны 100 миллионның шамасында.

Экономикалық даму жағынан Қытай провинциялары арасында үшінші орында тұр. Бейжің мен Шанхайдың арасындағы географиялық орналасуы да провинцияның жан-жақты дамуына септігін тигізді. Бұл өңірде Конфуций, Чжуан-Цзы, Мэн-Цзы сынды  ұлы ойшылдар дүниеге келген.