09 там, 2021 сағат 10:51

Шамиль Аляутдинов: Вакцинаны нәжіске теңеу – ақымақтық


Ресейдегі Мәскеу мемориалдық мешітінің имамы Шамиль Аляутдинов тележүргізуші Динара Сатжанмен өткізген Instagram-дағы тікелей эфир кезінде вакцинаны нәжіске теңеп жүрген «уағызшылар» туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агентігіне сілтеме жасап.

«Біздің заман – интернеттің заманы болып тұр. Ал интернет сауаты жоқ адамдарға үн қату мүмкіндігін беріп отыр. Өткенде Ресейдің еңбек өтілі 15-20 жылдан асқан діни ғалымдары Каирде халықаралық конференцияға қатысып қайттық. Сол кезде араб ғалымдары да айтып отыр. Қазір интернетте сауатсыз уағызшылар қаптап жүр. Олардың құдайды тану ілімі терең болмаса да, тілдері шешен. Бірнеше хадис пен аятты жаттап алып, соның көмегімен елді аузына қаратады. Мысалға вакцинаны алсақ, оған қарсы немесе қолдайтын ұстанымды таңдап алады да, діни теориядан үзіндіні қиып алып, соны түрлі жолмен таратып, айналдырады. Осының көмегімен оқырмандарын көбейтіп, тобырдың көңіл күйіне ойнайды. Ал ресми дін өкілдері өйтіп тобырдың, халықтың көңіл-күйіне ойнай алмайды. Олардың басты міндеті – ағарту», - деді мәскеулік имам. 

Діни қызметкер интернет арқылы ислам құндылықтарын бұрмалап түсіндірушілердің көбеюіне нағыз діни білім иелерінің әлеуметтік желіге шығуға уақыты болмайтыны да әсер етіп отырғанын айтты.

«Ең беделді, ең сауатты діни қызметкерлер интернетте танымал емес. Олар кітап шығарып, дәріс оқуы мүмкін. Бірақ инетрентте танымал емес. Бұл - өте үлкен проблема. Интернет өте көп уақыт пен күшті, белгілі бір қабілеттерді қажет етеді. Біз қазір сондай бір кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Медицина ілімінде, құдайды тану ілімінде осы интернеттегі көргенсіздікті жеңе аламыз ба, жоқ па деген мәселе туындап тұр», - дейді имам.

Сондай-ақ, ол вакцинаны нәжіске теңеу құранның ешбір аяты мен сүресіне де қайшы екенін айтты.

«Қолдан өсірген шейхтер» адамдардың эмоциясына ойнап, түрлі тыйымдарды ойлап тауып жатыр. Оның қуатын елестете де алмайсыз. Бұл - нағыз ақпараттық бомба. Вакцина –деген нәжіс деп тыйым айта салады. Оны іліп әкетіп таратады. Бір сәттің ішінде қаралым 100 мың, миллион боп өседі. Ал мазмұнында құраннан алған бір де бір аргумент жоқ. Бастан-аяқ ойдан шығарылған. Мұндай жанама, жалған тыйымдармен кез келген дүниеге тыйым салып тастауға болады. Вакцинаны нәжіске теңеу – құранның да, сүннеттің де қағидаттарымен алып қарағанда, ақымақтық. Кім ойдан шығарса да, дәл уақыттында ойлап шығарған. Аузыңнан шыққан сөзді адамдар көріп, қызу талқылап жатса, әдемі шығар. Бірақ бұл өтірік», - деді Шамиль Аляутдинов.