10 қаң, 2020 сағат 15:13

Сеул прокуратурасы Президент әкімшілігінде тінту жүргізді

Бүгін Оңтүстік Корея астанасының прокуратурасы Ульсан қаласының мэрін сайлау процесіне араласу туралы істі тергеуге байланысты Президент әкімшілігі бөлімшелерінің бірінде тінту жүргізді, деп хабарлайды Рёнхап агенттігі.

Сеул орталық округінің прокуратурасынан мәлім еткендей, Президент хатшылығы кеңсесіндегі тінту Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 400 шақырым қашықтықта орналасқан қалада өткен сайлауға араласу күдігімен байланысты.

Тінту жұмыстары 2018 жылы маусымда өткен сайлауда Ульсанның қазіргі мэрі Сон Чхоль Хоның жеңіске жетуіне көмектескен сөз байласу туралы дәлелдерді жинауға бағытталған. Екі жыл бұрын Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Иннің жақтасы Сон Чхоль Хо «Корея Тәуелсіздігі» оппозициялық партиясынан сайлауға түскен бұрынғы мэр Ким Ги Хенді жеңген еді.

Рёнхаптың хабарлауынша, прокуратура қызметкерлері тінту барысында Президент хатшылығы кеңсесі мен жеңіске жеткен мэр Сонның арасындағы байланысты іздеген.

Бұрынғы мэр Ким Ульсанның полиция басқармасын сайлауға бірнеше ай қалғанда әдейі оның кеңсесінде тінту жүргізді деп айыптаған. Оның артында Президент кеңсесі тұрғанын мәлім еткен.

Бұл бір айдың ішінде Президент әкімшілігінде жүргізілген екінші тінту. 2019 жылдың желтоқсанында прокуратура жемқорлық туралы тағы бір іске байланысты тінту жүргізген болатын.