03 жел, 2020 сағат 17:20

Сергей Пен: Ғылымға 82 млрд теңге қаржы бөлінеді, ал жалақы – 136 мың

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ADAL BILIM жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен университет оқытушылары неге ғылыммен айналыспайтыны туралы айтты.

«Оның басты себебі - ғалымдардың жалақысының төмендігі. Егер бакалавриат, магистратура, докторантура түлектері ғылыммен айналысқысы келсе де, экономикалық жағдайлар кедергі келтіреді. Қазір дарынды жастарды академиялық жолға шақыру қиын. Елімізде ғылымға 82 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Соған қарамастан Ғылым комитетіне қарасты ғылыми ұйымдардың орташа жалақысы 136 мың теңгені құрайды. Мұндай жалақы кімге керек? Доллармен есептесек, бұл жалақы тіпті 10 жыл бұрын да аз болған. Еліміздегі тікелей қаржыландыру жүйесін ғалымдардың еңбекақысын жоғары жалақы төленетін мемлекеттік қызметшілердің санатымен теңестіретін немістердің моделіне көшуді ұсынамын», - деп түсіндірді Сергей Пен ADAL BILIM алаңындағы тікелей эфирде.

Талқылау барысында жас ғалым Мақсат Жабағин да отандық ғылым саласын гранттық қаржыландыру тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Аталған саладағы проблемаларды шешудің жолдарын ұсынып, ғалымдарды тікелей қаржыландырудың өзге жолын ұсынды.

«Біздегі гранттық қаржыландыру жүйесінде үнемі ғалымның өзі емес, ғылыми идеясы бірінші орында тұрады. Сондықтан болашақта бұл тұжырымдаманы қайта қарастырып, алдыңғы орынға ғалымдарды қою қажет. PhD дәрежесін қорғағандардың бәрінің ғылыми зерттеулеріне конкурссыз-ақ алғашқы гранттарын беру керек. Кейін ол кәсіби тұрғыда дамиды және біліктілігі артқан сайын оған келесі гранттар беріледі. Егер ол қандай да бір позициялық кезеңде тиісті талаптарға сай келмей қалса, гранттық қаржыландыру бойынша бәсекелестік ортаға түседі. Яғни бұл - ғалымдарды тікелей қаржыландыру жүйесінің баламасы», - деді ҚР БҒМ ҒҚ «Ұлттық биотехнология орталығының» Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

ҚазАқпарат